
Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік ортадағы тәртіпті нығайту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Биылғы жылдың 12 шілдесінен бастап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға енгізілген толықтырулар күшіне енді. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Жаңа нормаға сәйкес, қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады. Бұл талап діни сенім бостандығын шектеу емес, қайта қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған. Тыйым тек бетті толықтай жауып тұратын балаклава, никаб, маска және бет-әлпетті тануға мүмкіндік бермейтін өзге де киім түрлеріне қатысты. Мұндай өзгеріс бейнебақылау арқылы азаматтардың жеке басын дер кезінде анықтауға жағдай жасайды және қоғамдық тәртіптің сақталуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында білім беру саласында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл 17 білім нысанының құрылысы қолға алынған екен. Оның ішінде жаңа ғимараттар мен мектептер, оқушылар сарайлары және жатақханалар бар. Ақпан айында Тұран шағынауданында 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес нысанның құрылысы аяқталмақ: №19 және №50 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельмандағы 1200 орындық мектеп, Сабыр Рахимов атындағы мектеп және Сайрам колледжінің жатақханасы. Ал №16 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Бұдан бөлек, қаладағы он білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда тоғыз мектептің жұмысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына дайын тұр. Ал «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының» жөндеу жұмыстары қыркүйек айында бітіреді деп күтіліп отыр.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан тиісті шаралар қоғамдағы тәртіпті сақтауға, қауіпсіздікті арттыруға және білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталғаны анық. Бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына да кең мүмкіндік ашары сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
