
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы – Өңірлік инфекциялық аурухана жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен ұстаздарды балалар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу шараларына ерекше мән беруге шақырады. Жаңа оқу жылының басталуы – білім беру саласының маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар балалар денсаулығына қауіп төндіретін күрделі эпидемиологиялық жағдайлар жиі кездесетін уақыт.
Мектепке және мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың ұжымдық ортада тығыз қарым-қатынаста болуы түрлі жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызады. Жұқпалы аурулар – адамзат тарихында ең көп зардап әкелген, қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі әсер еткен дерттердің бірі. Қазіргі таңда да бұл аурулардың алдын алу, дер кезінде анықтау және тиімді ем жүргізу денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдықтарының бірі болып тұр.
Осы ретте Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы тек қаланың ғана емес, бүкіл Түркістан облысының жұқпалы аурулармен күресудегі сенімді тірегіне айналып отыр. Қазіргі таңда ауруханаға денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы, тәжірибелі дәрігер-инфекционист, жоғары санатты маман Бақтығали Аюбайұлы Ережепов басшылық етеді. Оның жетекшілігімен мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, халықаралық стандарттарға сай заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізілді. Бақтығали Аюбайұлының айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мен білім беру мекемелері инфекциялық аурулардың алдын алуға ерекше назар аударуы тиіс. «Бұл – тек әр баланың жеке денсаулығы ғана емес, жалпы қоғамның денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы үшін де маңызды. Әрбір ата-ана баласының жағдайына мұқият болуы қажет. Егер балада ЖРВИ, ішек инфекциясы немесе өзге де жұқпалы ауру белгілері байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға апармай, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн.
Ауруды ерте анықтап, уақытылы ем жүргізу – жұқпалы індеттердің таралуын тоқтатуда шешуші рөл атқарады», — дейді ол.
Орайы келгенде атап өтер жайт, Шымкент қалалық қан орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай «30 мерейлі күн» жоспары аясында 21 тамыз күні «ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА» ұранымен ерікті қан тапсыру акциясы ұйымдастырылды.
Шараға қала тұрғындары мен еріктілер белсенді қатысып, 70-ке жуық азамат донор болды. Жиналған қан қорын өміріне қауіп төнген науқастарға көмек көрсету үшін пайдалану көзделуде. Қалалық қан орталығы барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, донор болудың – өзгеге өмір сыйлаумен тең екенін атап өтті.
Қан тапсыру – адам өмірін құтқаратын ең ізгі істердің бірі. Донордан алынған қан түрлі ауыр жарақат алған науқастарға, босану кезінде қиындыққа тап болған аналарға, қан жетіспеушілігімен ауыратын балалар мен ересектерге қолданылады. Әрбір тапсырылған бір ғана донор қаны үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сонымен қатар, қан тапсыру донордың өз денсаулығына да пайдалы. Бұл ағзаның қан айналымын жақсартып, жаңа қан түзілуін ынталандырады, жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға көмектеседі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
