Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Ағымдағы жылдың көктемгі шақыртуында Түркістан облысынан 2500-ге жуық азамат әскерге аттанса, ал күзгі науқанға 2500-ден астам адамды әскерге жіберу жоспарланып отыр. Осыған орай 2025 жылдың күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары бойынша мәжіліс өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен мәжіліске Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы, Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы және бейне селекторлық байланыс арқылы аудан-қала әкімдіктерінің орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында күзгі шақырылымға дайындық, медициналық комиссиялардың жұмысы және әскери қызметтен жалтарған азаматтарды шақыру бекеттеріне жеткізу мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуанышбек Кулумбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ермек Өсербаев баяндама жасады. Жиында жауапты өкілдердің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға ескерту жасап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Әскерге шақыруды ұйымдастыру жұмыстарының орындалуын аудан, қала жауапты әкім орынбасарлары қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Әскерге шақыруға дейінгі жастарды бастапқы әскери даярлықпен және әскери-патриоттық тәрбиелеумен қамту жұмыстары күшейтілсін. Жастар орталығы әскерге шақыру науқанына белсенді араласуы қажет. Сонымен қатар жастарға әскери қызметтің беделі мен артықшылықтарын кеңінен насихаттап, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру қажет, – деген Зұлпыхар Сансызбайұлы тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Орайы келгенде атап өтейік, Түркістан қаласындағы облыстық жиын пунктінен күзгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы 25 сарбаз Алматы облысындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне салтанатты түрде шығарып салды.

Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Зұлпыхар Жолдасов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, подполковник Талғат Турабай, ҚР ҚК ардагерлері кеңесінің Түркістан облысы бойынша филиалы төрағасы Бабай Алдабергенов және әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жас сарбаздарға ақ жол тілеп, Отан алдындағы борыштарын абыроймен орындауға және туған өлкелерінің, ата-аналарының үмітін ақтап, қазақ жауынгерінің намысты болуы керектігін жеткізді.

Сондай-ақ облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, подполковник Талғат Сайлауұлы сөз сөйлеп, болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі. Ол өз сөзінде әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Бұл толықтырулар 16 шілдеде күшіне енді. Олар есепке алу мен шақыру жүйесінде цифрлық әдістерді заң жүзінде бекітіп, жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Жауапты өкілдердің мәлімдеуінше, биылғы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 желтоқсаны аралығында шамамен 2500-ден астам жас Түркістан облысынан әскер қатарына шақырылады. 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады.

Шақыру науқанын ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар шешімімен шақыру комиссиялары құрылып, оларға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары төрағалық етеді.

Айта кетсек, енді SMS-хабарламалар арқылы жеткізілген шақырулар ресми түрде заңды ескерту әдісі болып саналады. Сонымен бірге, шақыру туралы ақпарат «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетке де орналастырылады. Сонымен бірге қағаз нұсқадағы шақыру да тұрақты тіркеудегі жеріне, уақытша тұру немесе жұмыс орнына жеткізіледі. Сондай-ақ шақыру қағазын азамат жергілікті әскери басқару органына келіп те ала алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You