2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Жаңартылған жолдардың үлесі 70%-ға дейін артады

Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Осы жолдардың 430,1 шақырымы немесе 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 419,9 шақырымы немесе 49,7 пайызы қиыршық тасты жолдар санатына жатады.

Биылғы жоспар аясында ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін артады деп күтіліп отыр.

Жөндеу жұмыстары негізінен қаланың инфрақұрылым жүйелері толық аяқталған Шауғар, Яссы, Отырар және Бекзат тұрғын алаптарында жүргізіледі. Орташа жөндеу барысында көшелерге екі қабатты асфальт жабындысы төселіп, жол жиектері мен аяқжолдар, мүмкіндігінше веложолдар мен жаңбыр суағар жүйелері орнатылады. Жөнделетін көшелердің басым бөлігі қаланың тарихи, яғни ескі бөлігінде орналасқан. Атап айтқанда, Тәуке хан, Әл-Фараби, Наурызым көшелері толықтай жаңартылып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта С.Жандосов көшесін кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Тәуке хан көшесінде ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын асфальт қабаты жаңартылып, жол бөлу таңбалары толықтай қайта сызылды. Әл-Фараби көшесінің 1,8 шақырымына асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен жаңбыр суағар жүйелері салынды. Ал Жангелдин көшесінде 3,75 шақырым аумаққа ауыр жүк көліктерінің жүріп-тұруына бейімделген асфальт жабындысы төселіп, аяқжол, веложол және су ағатын арықтармен қамтылды.

Естеріңізде болса, түнеугүні қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс нысандарын аралау барысында Бекзат секторына қарасты О.Жандосов көшесін кеңейту және қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.

Жобаның жалпы ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары аясында көше бойындағы ескі аяқжолдар толықтай бұзылып, жаңадан жиектастар орнату жұмыстарымен толық аяқталған. Қазіргі таңда жол жабындысын төсеуге дайындық ретінде жол негізін нығайту және тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының барлығы бекітілген кестеге сай, кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Жоспар бойынша О.Жандосов көшесінің жөндеу жұмыстары тамыз айында толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек.

Қала әкімі құрылыс жұмыстарын бақылау барысында мердігер мекемеге жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, жауапты бөлім басшыларына күнделікті мониторинг жүргізіп отыруды, тұрғындар тарапынан келіп түсетін ұсыныс-пікірлер мен шағымдарды жедел әрі тиімді қарастыруды жүктеді.

Орайы келгенде айта өтейік, бір апта бұрын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэйды қабылдап, келіссөз жүргізді. Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысқан бұл компания Түркістан өңірінде де ірі инвестициялық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылысын биылғы қыркүйек айында басталатын болды.

– Екі мемлекеттің Президенттерінің тығыз байланысы, достық қарым-қатынасы маңызды бастамаларға жол ашуда. Бір ай бұрын өзіңізбен жолыққанымызда Түркістан өңірінде бірқатар жобаны жүзеге асыруға келіскен болатынбыз. Енді сол жұмыстар басталады. Бұл стратегиялық әріптестік Түркістан облысын дамытуға серпін береді деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық әлеуетін тағы да таныстырды.

Әлеуетті инвестор Түркістан қаласының шығыс айналма жолын салады. Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бір бөлігі Түркістан қаласының орталығында орналасқан және шамамен тәулігіне 8000 жүк көлігі жүріп өтеді. Бұл шаһарда көлік кептелісін туындатып, жолдардың жиі зақымдалуына ықпал етуде. Оған қоса, ірі жүк көліктері үшін қаланың ішін қақ жарып өту де қолайсыздық тудырады. Осы мәселені шешу үшін Түркістанның шығыс бөлігінен айналма жол салу жоспары жасалып, қолдау тауып отыр. 30 шақырым жолдың құрылысы 1,5 жылда аяқталады деп жоспарланған.

Қос тарап осы жолдың құрылысына және облыста логистикалық орталық пен өндіріс орнын ашу бойынша да келіссөз жүргізіп, жобалар жүзеге асатын аймаққа шолу жасады. Алдағы уақытта өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жобалар жалғасын таппақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You