2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Өңір басшысы облыс орталығындағы жаңа жобалармен танысып, оң бағасын берді

Түркістан қаласында бірқатар әлеуметтік нысан салу жоспарлануда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет Түркістан қаласын аралады. Жауапты сала басшылары мен қала әкімі облыс орталығында жаңа ғимараттар салу бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жобаларды таныстырды.

Алдымен облыс басшысы қаладағы М.Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында орналасатын жаңа қалалық әкімдік ғимаратын салу жобасымен танысты. Жаңа нысан рухани-мəдени орталықтағы 1,4 гектар аумақта бой көтереді деп жоспарланып отыр. Жоба бойынша ғимараттың сыртқы қасбеті іргелес орналасқан «Керуен сарай» жəне «Қолөнершілер орталығы» кешендерінің жобаларымен үйлесімді етіп жасалған. Құрылыс жұмыстарын 14 ай көлемінде аяқтау көзделіп отыр.

Сонымен қатар облыс басшысына Есімхан алаңының маңында «Руханият орталығы» нысанын салу туралы ұсыныс айтылып, жобасы таныстырылды. Орталықты 0,44 гектар аумаққа орналастыру жоспарлануда. Екі қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын 7 ай көлемінде аяқтау көзделген.

Осы күні облыс әкімі Н.Төреқұлов көшесіне барып, «Асыл мұра» саябағын салу жобасымен танысты. Саябақты 6,2 гектар жерге орналастыру жоспарланған. Мұнда 4,2 гектар аумақ абаттандырылмақ. Құрылыс жұмыстары 10 ай көлемінде аяқталады деп межеленген.

«Басты мақсат – халықтың өмір сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру. Жобалар ел мүддесіне толық қызмет етуі тиіс» — деген Нұралхан Оралбайұлы жоспарланған әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарының ашықтығын және қатаң бақылауда болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Түркістан қаласында тоқыма өндірісінің алып жобасы іске асып жатыр

Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамытып келеді. Соңғы жылдары бұл өңірде агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылуда. Соның бірегейі – «Түркістан Текстиль» ЖШС қолға алған маңдайалды мақта-мата кластері. Жобаның құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты. Өңір басшысы кластердің экономикалық мән-маңызын атап өтіп, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды.

Бұл еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Жалпы құны 86,5 миллиард теңгені құрайтын өндіріс кешенінде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады және экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарылады. Жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болады.

– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл — Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Turkistan Textile» жобасы толық өндірістік циклге негізделген. Яғни, жоба аясында элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнім өндіру мен ішкі нарық пен экспортқа шығару көзделген. Бұндай жүйе өңірдің ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсібін тоғыстырып, макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде облыстың ІЖӨ-сінің өсуіне, салық базасының кеңеюіне және жұмыссыздықтың төмендеуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңнің өндірісін биыл іске қосу жоспарланған. Қалғаны келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Бұл жобаны Қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Компания халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор болып табылады.

Түркістан шаһарында медициналық ұйымдарға 60 жедел жәрдем көлігі тарту етілді

Бүгін Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа санитарлық автокөлік алынып, медициналық мекемелерге табысталды. Жаңа көліктердің жалпы құны 4,2 миллиард теңгеден асады.

Заманауи жабдықтармен толық жабдықталған жедел жәрдем көліктері облыстың барлық аудандары мен қалаларына таратылып, жедел жәрдем қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа техниканың медициналық құрал-жабдықтары ересектерге де, 1 жастан асқан балаларға да арналған. Автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппаратымен, дефибриллятормен, жүрек-өкпе реанимациясына арналған жиынтықпен, электрокардиографпен жабдықталған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жедел жәрдем көліктерін тапсыру рәсімінде бұл бастаманың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең қымбат құндылық» деген қағидатына негізделгенін атап өтті.

Соңғы жылдары Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан іске қосылғанда 1200-ден астам медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қорымен әріптестік аясында 80 төсек-орындық перзентхана салынуда. 60 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға беріледі. Сарыағашта 300 орындық көпбейінді кешен, Ордабасыда 200 орындық перинаталдық орталық салу жобасы әзірленді. Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш аудандарындағы орталық ауруханалар 4,1 миллиард теңгеге жөнделді. Сайрам аудандық ауруханасында 3,1 миллиард теңгеге күрделі жөндеу басталды. Енді ауданаралық ауруханалар МРТ, КТ, ангиограф сынды ауыр медициналық техникамен қамтылады.

Халық саны мен қажеттіліктің өсуіне байланысты, жедел жәрдем қызметіне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Егер 2023 жылдың 8 айында жедел жәрдемге 512 мың шақырту тіркелсе, 2024 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 635 мыңға жеткен. Яғни, 123 мың шақыртуға артқан. Осыны ескерген өңір басшылығы 2023 жылы да 88 санитарлық автокөлік сатып алған болатын. Бұған қоса, 2 реанимобиль нәрестелерге арналған арнайы көлік ретінде сатып алынды.

Жаңа көліктердің артуы шұғыл медициналық көмекті көрсету уақытын қысқартады. Әсіресе, шалғай ауылдар мен жедел медициналық қолдау қажет аудандар үшін бұл – нақты көмек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You