
Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Возрождение» неміс мәдени орталығының 35 жылдығына арналған мерекелік фестиваль өтті.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, мерейлі мерекеге жиналған көпшілікке ұлттық және классикалық ән-билер ұсынылды. Қала қонақтары неміс жастары клубының өнерін тамашалап, түрлі жанрдағы шығармаларды тыңдап, этностық мәдениеттің байлығына куә болды. Фестиваль барысында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы орынбасары Талғат Бисенбиев, қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев, сондай-ақ Төле би ауданының Құрметті азаматы, Ленгер қаласындағы немістер қоғамының негізін қалаушы Лидия Мехлик құттықтау сөз сөйлеп, шараның татулық пен достықты дәріптеудегі маңызына тоқталды.
Мереке аясында қонақтарға неміс халқының тұрмыс-тіршілігі мен тарихи-мәдени мұрасын айшықтайтын қолөнер және кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен бірге, ұлттық тағамдар әзірленіп, қонақтар дәстүрлі дәмдерден ауыз тиді.
Фестивальде неміс мәдени орталығының қоғам өміріне белсене араласып, этносаралық татулық пен келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.
Бұл мерейлі мереке Қазақстандағы этностардың достығы мен ынтымақтастығының, мәдениеттер тоғысуының айқын айғағы болды.
Егер неміс ұлтының Қазақстанға келу тарихына үңілер болсақ, алғашқы немістердің Қазақ даласында соғыс жылдарында емес, одан да ертерек келгенін байқаймыз. Бұл деректерге қарап, немістердің Кеңес Одағы кезінде оның халқының басым бөлігін құрағанын байқауға болады. Жалпы немістердің Қазақстанды мекендегеніне 200 жылдан астам уақыт өтті, мұны тарих парақтарында қалған жазбалар дәлелдейді.
Қазақтанға немістер алғаш Ресей мемлекетінде пайда болған кезеңнен бастап келе бастаған. Ресей әскери экспедицияларының құрамында Ресей патшалығында қызметте болған неміс дворяндары, Ресей монархтарының шақыртуымен Ресей ғылым Академиясына келген ғалымдар болды.
Осындай экспедициялардың бірімен 1734 жылы Қазақстанға табаны тиген Фридрих Миллер Солтүстік Қазақстанның географиялық сипаттамасын қағазға түсіріп, жергілікті халықтың тұрмысы туралы жазба қалдырады.
Алғашқы неміс қоныстары Қазақстанда 19-20-шы ғасырларда пайда болған. Алғашқы дүниежүзілік соғыс басталған уақытта олардың орналасу аймағы біраз кеңіп, немістер қонытанған ауылдардың саны көбейген болатын.
Қазақстандағы алғашқы неміс селосы Рождественское (Фриденсфельд) 1885 жылы құрылған. Ал атышулы Столыпин реформасының тұсында яғни 1905-1911 жылдары Қазақстанның солтүстігінде Александрталь, Алтенау, Кенигсгоф, Пруггергоф секілді бірнеше ондаған неміс қоныстары пайда болды. 1915 жылы Ақмола губерниясының жерінде 56 неміс поселкесі қазық қақты және мұнда 27 мыңға жуық неміс ұлтының өкілі тұрды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
