
Шымкент қаласының жинақтау бекетінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанған жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Бұл күн жас жігіттер үшін ғана емес, олардың ата-аналары, туған-туыстары мен ұстаздары үшін де толқулы сәт болды. Әскери сапқа тұрған өрімдей ұландарды қолдауға қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, ардагерлер кеңесінің өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен қала жұртшылығы жиналды.
Полковник Ә.Шегебаев сарбаздарды әскерге шығарып сала отырып, олардың жауапты миссиясын ерекше атап өтті.
– Әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі ел тыныштығының кепілі. Сапқа тұрып, қару алып, борышын орындау – әрбір ер-азамат үшін үлкен абырой. Біз сіздердің еліміздің бейбіт өмірі мен тұтастығын қорғауда адал қызмет ететіндеріңізге сенеміз, – деді ол.
Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен барлығы 850 жас сарбаз әскер қатарына қосылмақ. Оның алғашқы легі – 35 жігіт бүгін ресми түрде сапқа тұрды. Олар бастапқы дайындықтан соң Қонаев қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімге жөнелтіледі.
Әскери бөлімнің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, капитан Мадияр Раимбердиевтің айтуынша, сарбаздар түрлі әскери мамандықтарды меңгереді.
– Жауынгерлік дайындық бағдарламасына сәйкес, әрбір сарбаз бір жыл ішінде екі рет парашютпен секіреді. Сондай-ақ БТР көздеушісі, гранататқыш, мерген, оқшашар сияқты мамандықтарды игереді, – дейді офицер.
Еске салайық, Президенттің Жарлығына сәйкес қыркүйек айынан бастап жергілікті атқарушы орган әкімдері орынбасарларының басшылық етуімен 195 қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті. Желтоқсан айының 30-ына дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ, 18-ден 27 жасқа дейінгі 22 мыңға жуық ер азамат толықтырады.
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, әскерге шақыруға жататын жастардың саны — 21 968 адам. Соның ішінде: Қарулы Күштерге — 11 521 адам; Ұлттық ұланға– 7 053 адам; ҰҚК Шекара қызметіне– 2 700 адам; ТЖ министрлігіне– 404 адам; Мемлекеттік күзет қызметіне — 290 адам алынбақ.
Биылғы шақыру науқаны ашық форматта өтеді: азаматтарға шақырту қағаздарымен қатар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар жіберіледі, ал барлық ақпарат әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда жарияланады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
