
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына және 19 қазан – Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Шара аудан әкімдігінің үлкен залында ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қабылбек Еспенбетов, құқық қоғау органдарының басшылары, сала қызметкерлері мен ардагерлер, сондай-ақ жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиын Төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық мерейтойына арналған бейнероликпен ашылып, Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Ақбаев бөлімнің жұмысы мен жетістіктері жөнінде баяндама жасады.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнады. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, ел мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігін атап өтті.
— «Адам өмірін, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау жолында төтенше жағдайлар саласының атқарып отырған қызметі өлшеусіз. Қиын шақта бірінші болып көмекке ұмтылатын, апат пен өрт кезінде өз өмірін қатерге тігіп, ел үшін қызмет ететін Сіздердің еңбектеріңіз шынайы құрмет пен алғысқа лайық», — деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Сала ардагерлері мен жас қызметкерлерге алғыс айтып, азаматтық қорғау саласының қоғамдағы маңызын атап өтті.
Мерекеге орай төтенше жағдайлар саласында абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлері аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы және аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық бөлімнің өз атынан да үздік мамандарға марапаттар табысталды.
Жиын барысында қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары мерекелік әндер орындады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
