
Сауран ауданының Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекенінде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызу жұмысына атсалысты.
Акция барысында жалпы көлемі 1,8 гектар жер телімі абаттандыру мақсатында бөлініп, аумақ толықтай қоршалды. Бұл жерде арық қазу, тегістеу, топырақ дайындау және жасыл желек отырғызу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 3000 түп қарағаш пен шырша ағаштары егілді. Алдағы уақытта бұл аумақты заманауи саябаққа айналдыру көзделіп отыр.
Жобаның басты мақсаты — ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақ көлемін арттыру және тұрғындарға таза әрі демалуға қолайлы орта қалыптастыру. Іс-шара барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. “Сауран жасыл ауданға айналуы тиіс. Әрбір ауылда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, балаларға ойын және спорт алаңшаларын көбейту, ағаш отырғызу мәдениетін кеңейту — біздің ортақ міндетіміз. Құмтүйін елді мекенінде қолға алынған бұл игі іс — тұрғындардың өз туған жеріне деген қамқорлығын көрсететін үлгі”, — деді аудан әкімі.
Абаттандыру жұмыстары аясында балалар ойын және футбол алаңшасы да пайдалануға берілді. Заманауи жабдықтармен жасақталған ойын алаңы ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
“Таза Қазақстан” акциясының аясында ұйымдастырылған бұл бастама — Сауран ауданындағы экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты аялау және елді мекендердің келбетін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
