
Сауран ауданының елді мекендерінде тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Соның ішінде ауылішілік автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 11,15 шақырым болатын жол жөндеуден өтуде. Асфальт жабындысы 5 сантиметр қалыңдықта төселуде.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, мердігер мекеме өкілдеріне жол сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Сонымен қатар, ауылішілік жолдарды жөндеу тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуға және көлік қатынасын жеңілдетуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Жоспарға сәйкес, жол жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айының соңына дейін толық аяқталмақ.
Айта өтейік, жалпы Түркістан облысында 2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында 1 235,6 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жыл қорытындысына сәйкес 951,4 шақырымы пайдалануға беріледі деп көзделуде. Бұл жайында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, аудандық маңызы бар 130,7 шақырым көшеге, елді мекендердегі 885,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Биыл жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 94,7%-ға жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауында», — деді спикер.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан қаржыландыруды қажет ететін 4 көпір және жалпы ұзындығы 132,6 шақырымдық 7 жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Одан бөлек, жаңадан 33,4 шақырым жолға жоба әзірленуде. Айта кетерлігі, Түркістан облысы аумағында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға 7 жол аймағы белгіленген. 2024-2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс-Темірлан, Арыс-Қабылсай жолдарына орнатылды. Биыл Сайрам ауданында Қарамұрт-Ақсукент автомобиль жолының бойына 2 жерге аталған станцияны орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
