
Бұл жөнінде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен қала әкімдігінің апталық аппарат жиынында сөз болдыі. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат қызметкерлері, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.
Алғашқы болып қалалық қаржы және экономика бөлімінің басшысы И.Азизбаев Кентау қаласының бағалау жүйесі индикаторларының 2025 жылдың III тоқсанындағы жоспардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. Осыған орай, қала әкімі индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуде қарқыны төмен салаларға назар аударып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С.Төлегенов тұрғын үйлерге табиғи газ қондырғыларын орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы жөнінде баяндама жасады. Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың басынан бері №12 өрт сөндіру бөлімі тарапынан авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 295 рет шығу тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда өрттер саны 18,7%-ға төмендегенімен, олардың 77%-ы тұрғын үй секторында орын алған. Өрттің басым бөлігі электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау және ескі сымдардың тозуы салдарынан болған.
Сонымен қатар, қалада 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына орай улы газдан уланудың алдын алу бағытында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтті.
Қала әкімі қыс мезгілінде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тұрғындар арасында газ және пешті пайдалану ережелерін түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді тапсырды.
Кентау қалалық газ қызметі жылыту маусымына байланысты газ қауіпсіздігі туралы ескерту жасай бастады. Жыл сайын елімізде жылыту маусымының басталуымен қатар, табиғи газды және газбен жұмыс істейтін құрылғыларды пайдалану деңгейі едәуір артады. Бұл жағдай өз кезегінде тұрмыста газбен улану, жарылыс немесе өрт секілді төтенше жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Аталған оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың тұрмыстағы газ құралдарын пайдалануда қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындайтыны белгілі.
Осыған байланысты, жылыту маусымы кезеңінде халық арасында газбен қауіпсіз жұмыс істеу ережелері мен негізгі талаптарды кеңінен түсіндіру, тұрғындардың бұл мәселеге қатысты жауапкершілігін арттыру және ықтимал қауіптің алдын алу мақсатында кешенді ақпараттық түсіндірме жүргізіліп жатыр.
Газ құрылғыларын орнату және пайдалану кезінде келесі талаптарды сақтау аса маңызды:
Газбен жабдықталған үй-жайларды міндетті түрде тиімді желдетумен қамтамасыз ету;
Газ құрылғыларын тек мамандандырылған ұйымдардың мамандарына орнату және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу;
Газ иісі анықталған жағдайда дереу газ жабдығын сөндіріп, үй-жайды желдетіп, тиісті авариялық қызметке хабарлау;
Газ құралдарын қараусыз қалдырмау, әсіресе, ұйқы кезінде немесе үйден шығарда оларды толық сөндіру;
Жарамсыз немесе тозығы жеткен құрылғыларды пайдаланбау;
Балалардың газ құрылғыларына қол жеткізуіне жол бермеу.
Тұрғындар өз үйінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі тиіс. Газбен жұмыс істеуде қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың борышы.
Газ апаты қызметі – 104.
Жиында сондай-ақ Кентау қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Н.Дүйсебаев әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндады. Қала әкімі жастардың әскерге бару белсенділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Аппараттық жиынның қорытындысында қала басшысы барлық бөлім басшыларына атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі бақылауда ұстап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастыруды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
