
Түркістан қаласы аумағында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қала аумағында 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін жетеді.
Қазіргі таңда Бейімбет Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары жалғасу үстінде. Жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын көше бойында құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен атқарылмақ. Бүгінгі күнге дейін 850 метр жол негізі әзірленіп, 700 метр аумақта ескі асфальт жабындысы фрезерленді. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған.
Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қатаң бақылауда ұстап отыр.
Мұнан өзге Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың да құрылыс барысы қатаң бақылауға алынған. Жуырда Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылады.
Алдымен Түркістандағы мемлекеттік мекемеге арналған әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңын аралап, жұмыс сапасын тексерді. Мердігермен кездесіп, бірқатар тапсырма жүктеді. Нысан құрлысын «Ернур строй и К» ЖШС 2023 жылдың қазан айында бастаған. Құрылыс жұмыстары кестеге сай, қызу жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым толық тартылған. Қазіргі таңда есік орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы, 5 техника жұмылдырылған. Ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 1,56 гектар аумақта 60 төсек-орындық балалар оңалту орталығы салынуда. Жоба «Turkistan international airport» ЖШС демеушілігімен іске асып жатыр. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық медициналық қондырғылар орнатылды. Заман талабына сай бой көтерген орталықта балалардың ем алуына барлық қажетті жағдай қарастырылған. Нысан іске қосуға дайын. Ғимарат жақын арада ел игілігіне берілмек. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Одан бөлек, Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында салынып жатқан атшабардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Спорт нысаны халықаралық талапқа сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған. Мердігер мекеме – «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС. Жалпы аумағы 99,3 гектарды құрайды. Заманауи көпфункционалды кешенде 1500 жанкүйер сиятын трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар мен манеж қарастырылған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар мен ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Жалпы, ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалады. Қазіргі уақытта атшабардың астыңғы дренажды қабаты толықтай төселіп, үстіңгі қабатына құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құрал-жабдықтары орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық адам жұмылдырылып, 19 техника тартылған. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.
Құрылыс нысандарын аралаған аппарат басшысы жауапты мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын атап өтіп, жұмысты уақтылы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды. Нысандардың сапасына қатысты бірқатар олқылықтарды анықтап, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
