
Түркістан облысында барлық жер қоры 11 миллион 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағысы – 4527,3 мың гектар, елді мекендер – 807,8 мың гектар, өнеркәсіп, байланыс және басқа да мақсатында – 140,4 мың гектар, ерекше қорғалатын аймақ – 431,4 мың гектар, орман қоры – 3 029,87 мың гектар, су қоры – 134,6 мың гектар, босалқы – 2 539 мың гектар. Министрлік тарапынан бекітілген жоспар бойынша ведомствоаралық кіші топ тарапынан осы жылға облыста 110 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 129,6 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 117,8 пайызға орындалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл әкімдерінің форумында ауылдың жағдайын жақсартуды тапсырды. Оның ішінде жайылым мәселесі де бар. Тұрғындардың мал жаюға арналған жерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтіңіздер. Елді мекендер айналасындағы қоғамдық жайылымдардың қазіргі жай-күйін зерделеп, пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жайылым жерді анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Мақсат – жерді қайтару емес, оны халық игілігіне тиімді пайдалану, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аппарат мәжілісінде Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің қоғамдық жайылым жерлерді қайтару жұмыстарының барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылып, аудан, қала әкімдіктері бойынша 3960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым жерлеріне мал басының тіркелмегендігі анықталған. Аудан, қала әкімдіктеріне 224,1 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітіліп, нәтижесінде 219,7 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспар 98 пайызға орындалды.
Аудан, қала әкімдіктері тарапынан Жер ресурстарын басқару департаментіне 163,4 мың гектар жер учаскелеріне қатысты құжаттар ұсынылып, департамент тарапынан 93,3 мың гектар жер учаскелерін пайдаланушыларға нұсқама берілді. Одан бөлек, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2316 жер пайдаланушының 465,2 мың гектар жер учаскесін мақсатына сай пайданбағандығы анықталды. Департамент тарапынан 403 жер пайдаланушыға 93,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты нұсқамалар берілді. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері тарапынан 1177 жер пайдаланушыға 258,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты хабарлама берілді.
2024 жылдың басында қоғамдық жайылым жер тапшылығы 608 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға жайылым тапшылығы 539,8 мың гектарды құрады.
Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 144,9 мың гектар жерді айналымға қосу жоспарланған. Бүгінде 12 конкурс ұйымдастырылып, 109,9 мың гектар 478 жер учаскесі айналымға енгізілді. Оның ішінде, егістік жер – 4,8 мың гектар, жайылымдық жер – 104,5 мың гектар. Жұмыстар жалғасуда. Ал 2026 жылға ауыл шаурашылығы мақсатындағы 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жер ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осы тапсырма аясында 2025 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықтармен берілген жерлерді қайтару жөніндегі жоспарды мерзімінен бұрын орындады. Бұл жөнінде аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жүйелі түрде жүргізілген. Бақылау мақсатында Жерді қайта бөлу жөніндегі республикалық комиссия және облыстық ведомствоаралық жұмыс топтары құрылған. Жыл ішінде республикалық комиссияның 3 және облыстық жұмыс топтарының 42 отырысы өтіп, тексеру нәтижелері мен алдағы шаралар талқыланыпты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған 2 миллион гектар жерді мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарды. Министрлік биыл мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі жоспарды мерзімінен бұрын орындады.
Жұмыс республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жүйелі түрде жүргізілген. Жерді қайта бөлу жөніндегі республикалық комиссия және облыстық ведомствоаралық жұмыс топтары құрылып, отырыстар өткізілген.
«Тексеріс 2,2 миллион гектар жерді қамтыды: 1,8 миллион гектар бойынша 1 286 ұйғарым берілді, 281,4 мың гектар жерге қатысты сот процесі жалғасып жатыр, ал бұрын пайдаланылмаған 464,7 мың гектар жерді жер пайдаланушылар өз бетінше игере бастады. Қайтарылған жерлердің 704,7 мың гектары халыққа берілді: оның ішінде 176,6 мың гектары – қоғамдық жайылымдар, 528,1 мың гектары – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне конкурс арқылы бөлінді», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауаптылары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
