
Білім беру жүйесінде мектеп тапшылығын шешу мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Келешек мектеп» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында өңірде 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 25 мектеп пайдалануға берілді.
Білім басқармасы өкілдерінің деректеріне сүйенсек, қалған 4 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жергілікті бюджеттен 17 мектеп салынуда. Жыл қорытындысына сәйкес 6 мектеп пайдалануға беріледі, қалғаны келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 25 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Бұдан бөлек Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Облыста 50 колледжде 45 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 8 888 орын грант бөлінді. Агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық бағыттар бойынша 5 мамандыққа тапшылық анықталды. Алдағы уақытта колледждерде өңірдің экономикалық қажеттілігіне сай жұмысшы кадрларын даярлауға бағытталады.
Айтпақшы, бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды.
Бұған дейін Премьер-министрдің тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.
Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Биыл қараша айында e—Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген.
64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Бұл жерде азаматтарға білім беру қызметтерін ұсыну үшін мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсау туралы сөз болып отыр.
Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген.
Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.
Жаңа сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіреді. Бұл мектептер мен мұғалімдерге жүктеме талаптарының сәйкестігін бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ орынсыз шығындарды сүзгіден өткізу және жол бермеу арқылы бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда жекеменшік мектептердің 86%-ы авторизациядан өтіп, БЦП-мен пайдаланушы келісіміне қол қойды. Қаржы министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жекеменшік мектеп директорларымен қаржыландыру жүйесін өзгерту туралы түсіндіру семинарларын өткізуде. Биыл көрсетілген қызметтер үшін мектептерге төлемдер жасалатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттелетін болады. Алдағы уақытта осы сервиске білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрін қосу жоспарлануда. Олар – мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, стипендиялар және жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары.
«Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуі тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
