
Қалай десек те, оңтүстік өңірде биыл жауын-шашын қат болғаны анық. Сол себепті «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, Түркістан облысында егінге қажетті суды тиімді бөлу мақсатында вегетация кезеңіндегі күтілетін су көлемін ескере отырып, ылғалсүйгіш дақылдарды егу лимиттері қайта қаралып отыр.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан қаласында 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған отырыс өткізді. Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ аймақтың шаруа қожалықтары өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылар келесі жылға арналған трансшекаралық судың келу болжамдарын және алдағы суару кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шараларын талқылады. Шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығы және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту қажет екені айтылды.
«Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында келесі жылы су келу көлемінің азаюы туралы болжам жасалды. Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жету қаупі бар. Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жауын-шашын болған жоқ. Өкінішке қарай, бұл аймақтың барлық мемлекетінде кездесіп отырған табиғи процесс. Осыған байланысты, су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттерін қайта қарау өзекті болып отыр. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетация кезеңіндегі күтілетін 10 миллиард текше метр су көлемін ескере отырып есептеледі. Сонымен бірге лимиттердің сақталуы қатаң бақылауға алынады. Құқық бұзушылар кейін мемлекеттен мүмкін емес нәрсені талап етпеу үшін барлық жауапкершілікті түсінуі керек», — деді Қанат Бозымбаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Түркістан облысында алдағы вегетация кезеңінде күріш егілетін алқап 3,5 мың гектардан аспауға тиіс.
Вице-премьер Ауыл шаруашылығы мен Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдіктеріне жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар желтоқсанның 20-сына дейін облыстардағы су тұтыну лимиттерін анықтап, егіс алқаптарын лимиттерге сәйкес жоспарлап бекітуі тиіс.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Достық» трансшекаралық каналы бойына күріш егуге тыйым салу ұсынысын қолдады. Күрішті тек «Қызылқұм» каналының бойында 3,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып өсіруге рұқсат етіледі.
Диқандарға ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға және суды көп қажет етпейтін, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөлу ұсынылды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шектеулі су ресурстары жағдайында ауылдық жерлердің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Суды үнемдеу және заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Егінге қажетті судың сараланған тарифі енгізілді, яғни су үнемдеу технологияларын қолданатындарға субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ке дейін артты, ал қолданбайтындар үшін субсидия жыл сайын 10%-ға азаяды.
2026-2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізуді және егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.
Бүгінде Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары 82 мың гектар алқапта қолданылып жатыр, оның 18,7 мың гектарында — жаңбырлатып суару, 63,3 мың гектарында тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының есептеуінше, су үнемдеу технологияларын қолдану суды 20-30%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бюджеттегі микронесиелер ұсынады.
2026-2028 жылдары ауылды дамытуға 450 миллиард теңге бөлу жоспарда бар, оның 68,7 миллиард теңгесі Түркістан облысына ауыл кәсіпкерлігін кеңейту және кооперативтерді дамытуға бағытталған.
Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» жобасын тек қаржылық қолдау механизмі ретінде емес, ауылды экономикалық жаңғыртудың маңызды құралы ретінде қарастыру керек екенін атап өтті. Келесі жылдан бастап ауылдық инфрақұрылымға қаржыландыру жалпы трансферттер арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы барлық инфрақұрылымдық бастама облыстар мен аудандардың даму бағдарламаларына нақты енгізілуі керек. 2026-2028 жылдарға арналған жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде әкімдіктерге өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерінің төмендеуіне жол бермеу үшін ауылдық инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет басшысы әкімдерге суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту арқылы егіс құрылымын әртараптандыруды тапсырды
Атап өту керек, 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық бүгінде Үкіметтің де қырағы назарында тұр. Жуырда ғана Үкімет отырысында алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту арқылы егіс құрылымын әртараптандыруды тапсырды.
Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылды.
Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуы тиіс.
«Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек», — деді Олжас Бектенов.
Аталған мәселе Премьер-министр тікелей бақылауында тұрғанын айта өтейік.
Облыс әкімдеріне 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады, бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселе де — Премьер-министрдің бақылауында.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктеріне қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізу тапсырылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев еліміздің оңтүстік өңірлері бойынша су тапшы кезеңнің жалғасып жатқаны расталғанын, дәлірегі, Шардара су қоймасына су келуі — 43%-ға, Нарын – Сырдария каскадындағы су көлемі 3,8 миллиард текше метрге төмендегенін баяндады. 2026 жылғы вегетациялық кезеңге болжамды су келуі 1-2 миллиард текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 миллиард текше метр дейін тапшылық қаупін тудырады.
Жамбыл облысында су қоймалары тек 41%-ға толды. 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалды: күріш пен мақта дақылдары жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарға жетті, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте суды үнемдеуді қолдауға 228,1 миллиард теңге қарастырылған.
Естеріңізде болса, бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында Премьер-министр оңтүстік өңірлердің әкімдеріне егінге қажетті судың ұтымды пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың рұқсатсыз егілуіне жол бермеуді және халықты сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін алдын ала шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Тексеру қорытындысы бойынша ылғалсүйгіш дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын да атап өткен жөн.
«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі», — дей келе, салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелердің бетін ашты.
«Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет. Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес.
Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады. Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі.
Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет. Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруге тиіс.
Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым.
Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет.
Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көретін болады. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әрекетімізге тікелей байланысты болмақ», — деген Президент тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз хақында қадау-қадау ой айтып, нақты міндеттер жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
