
Түнеугүні Түркістан облысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы және ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі бойынша мәжіліс өткізіп, жиында сонымен бірге «Ауыл аманаты» іске асырылу барысы да талқыланды. Вице-премьер жауапты министрлер мен облыс әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды.
– Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде, бұл су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мәселелерін ерекше өзекті етеді. Қауіп-қатерлерді азайту және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды, суару әдістерін және ирригациялық жүйелердің жағдайын мониторинг жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуді күшейту қажет. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану, соның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен қарсы шаралар қабылдануы тиіс. Егіс құрылымдарын әртараптандыруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізуге ерекше назар аудару қажет. Мұндай тәсіл су ресурстары шектеулі жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қолдауға мүмкіндік береді, – деді Қанат Бозымбаев.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге және өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытына басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су үнемдлеу технологияларын енгізу мен су нысандарын реттеу жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанда су ресурстары тиімді пайдаланылмайтынын, тұрмыста да, экономика салаларында да су мүлде үнемделмей, далаға кетіп жатқанын айтқан болатын. «Қазақстанның су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі алдағы уақытта өтетін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында қаралуға тиіс. Су ресурстарының 50% тіпті одан да көбі құр босқа топыраққа сіңіп кетіп жатыр. Үнемдемейміз. Тұрмыста да, басқа экономикалық салаларда да үнемдеу білмейміз. Біз бұл мәселені міндетті түрде талқыға салуымыз керек. Үкімет ары қарай осы бағытта жұмысты жалғастырады. Қалай да шешімін табу керек», – деді Мемлекет басшысы.
Су үнемдеу үшін елде қажетті техника мен технологиялар пайдаланылмайтынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев мысал ретінде Қытай елінің тәжірибесін келтірді. Айтуынша, Қытай ең озық әрі заманауи су үнемдеу технологияларын пайдаланады. Ал Қазақстанда керісінше су ұтымды пайдаланылмайды. Сол себепті ел дипломаттары үнемі көрші елдермен су мәселесі жөнінде келіссөз жүргізуге мәжбүр. Бірақ көрші мемлекеттер елде судың үнемді пайдаланбайтынын білгендіктен, Қазақстан тарапынан бұл саланы реттеуді талап етіп жатады. Президент осындай қиындықтарға тап болмас үшін, салаға заманауи технологияларды енгізген абзал деп санайды.
«Көрші елдер ең озық су үнемдеу технололгиясын пайдаланады. Бізге де сөйту керек. Сонда басқа елдерге келіссөз жүргізу бойынша өтіншіпен жүгіне бермейтін боламыз. Мен жолдауда да ең озық технологияларды пайдалану керек деген ұсыныс айттым. Қазір Қытай технологияларын сатып алуға болады. Олардың бұл орайда үлкен тәжірибесі бар», – дейді Пезидент.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су үнемдеу технологиясын енгізу және «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы көрсеткіштерді баяндады. Өзге де спикерлер мәселелерге қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.
Айта кетерлік жайт, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі немесе жыл сайын 1 триллион теңгеден астам өнім өндіріледі. Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға — тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары қолданылып, жоспар 2 есе артық орындалды. Жалпы, бүгінгі күнге облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі 195 миллион текше метрді құрап отыр. Жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 миллион текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту һәм қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Мақта мен күріш өсіруде жаңа су үнемдеу технологиялары қолданылып, нәтижесінде артық өнім алынды.
Жалпы, Түркістан облысында 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілгенін кешегі аптаның сейсенбісінде өткен Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тағы бір мәрте еске салды.
– Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне иелік етеді. Суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектарға орнатылды. Жоспар артығымен орындалды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін өңірде алты кәсіпорын ашу қолға алынған. Олардың 4-еуі іске қосылды, алда тағы 2 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Болашақта бұл кәсіпорындар облысты және көршілес өңірлерді толық қамтамасыз етеді.
Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару технологиясын қолдану нәтижесінде өнімділік артып, су екі есе үнемделген.
Облыс аумағында ағын суды жеткізетін ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал бар. Каналдардың 76 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендейді.
Бұдан бөлек, өңірде жалпы сыйымдылығы 121 миллион текше метр болатын төрт су қоймасын салу жоспарланған. «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары іске қосылғанда Түркістан қаласы мен бес аудан тұрақты түрде 113 миллион текше метр сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Берілген шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Келесі мәселе. Облысқа 2023-2025 жылдары «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 миллиард теңге толық игерілсе, 2024 жылы 3,0 миллиард теңге игерілді. 2025 жылға 7,4 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 6 бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы 25,6 миллиард теңге несие берілді. Осы бағдарлама арқылы шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке артты, 23,2 гектарға 477 жылыжай кешені салынды. Мал басы 72 982-ге ұлғайса, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. 4 174 жаңа жұмыс орны ашылып, АӘК алушылар саны 441 адамға қысқарған.
Жалпы, осы бағдарлама аясындағы жобалар есебінен жыл сайын шамамен 30 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп отыр.
Бағдарлама аясында қалыптасқан қайтарым қаражат көлемі 4,8 миллиард теңге болса, оның 4,6 миллиард теңгесі қайта игерілді. Бұл қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше назар аударылып отыр. Үш жыл ішінде 128 кооперативке 2,8 миллиард теңге несие берілді. Нәтижесінде, Түркістан өңірінде толық өндірістік циклды қамтып, өнім өндіруден бастап оны өңдеп, нарыққа өткізуге дейін тиімді жұмыс істеп жатқан табысты кооперативтер қалыптасты.
Осы санаттағы кәсіпорындардың қатарында «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін атап өтуге болады. Елу мүшеден тұратын кооператив 184,9 миллион теңгеге қолдау алып, сүт жинау бекетін және қайта өңдеу желісін іске қосты. Бүгінде осы кәсіпорын шығаратын табиғи таза өнімдер балабақшаларға, оңалту орталықтарына және әлеуметтік дүкендерге жеткізіледі.
Бағдарламаның игілігін көрген «Аят-Агро.Ком» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 29,5 миллион теңгеге жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтті. Консерва өнімдерін Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарына экспорттап отыр.
Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында «Ауыл аманаты» жобасымен 27 жылыжай кешені іске қосылып, 226 миллион теңгеге қаржыландырылды. Мұнда жылына 580 тонна өнім өндіріледі. Оның 435 тоннасы немесе алынған өнімнің 75 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырса, 145 тоннасы немесе өнімнің 25 пайызы қайта өңдеуге жөнелтіледі.
Түркістан облысы әкімдігі мен қала-аудандардың әкімдіктеріндегі жауаптылар жоба іске асқалы бері ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесіп, әр ұсыныс пен мәселені назарға алып, нақты қолдау көрсетіп келеді. Нәтижесінде көптеген ауылда жаңа бизнес ашылып, табысы артқан отбасылар көбейді. Бұл атқарушы биліктің және ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің жемісі деп білеміз.
Мәжілісте осы салаларды дамыту бағытында ұсыныстар беріліп, жауаптыларға міндеттер жүктелді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде: «Ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаларды қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады.
Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық», — деген болатын.
Мұнан өзге Мемлекет басшысы Астанадағы ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керектігін және ең алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту қажеттілігін айтты. Дегенмен президент бірлескен шаруашылықтар кейде тек көзбояушылық үшін ғана құрылатын жағдай болғанына назар аударды.
«Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі. Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады», — деді президент.
Мемлекет басшысы мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбағанын, бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіретінін айтты.
Президенттің пікірінше, бірлестік құру бүкіл ел бойынша жүргізілсе ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді.
«Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет. «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2023-2024 жылдар аралығында республикалық бюджетті оны іске асыру үшін 120 миллиард теңге бөлінген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
