
Арыс қаласында 5 гектар алқапқа алма бауы егілді
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Арыс қаласында арнайы жеміс бағын құру жөнінде қала әкімі Қайсар Маңқараев тапсырма берген болатын. Осы мақсатта «Жасыл Арыс» КММ-і 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Көшеттер өңірде кеңінен сұранысқа ие «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сорттарынан таңдалған. Бұл сорттар мол өнімділігімен, ерекше дәмімен және 5-6 метрге дейін жететін биіктігімен ерекшеленеді.
Жасыларыстықтар жұмыстарды алдын ала тыңғылықты дайындықтан бастаған. Жер жыртылып, тегістеліп, арнайы техникамен стандартқа сай ұялар қазылды. Көшеттердің түптеріне қажетті тыңайтқыштардың толық құрамы енгізіліп, суғару үшін екі үлкен су қоймасы мен су ұңғымасы әзірленген.
– Қала басшысы жеміс бағын ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген еді. Осыған орай топырақ құрамын зерттеп, ең қолайлы үш сортты таңдадық. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарымызда бар. Сәтін салса, арыстықтардың өз алма бағы қалыптасады, – дейді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.
Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне баратын жолдың бойындағы 50 гектар арнайы аймақта орналасқан. Аумағы толық қоршалып, инженерлік дайындық жұмыстары толықтай аяқталған. Болжам бойынша, 2027-2028 жылдары ағаштар алғашқы өнімнің нышанын бермек.
Қазақстанның табиғаты да, жер құнары даалма өсіруге өте қолайлы. Алма ағаштарын еліміздің қай түкпірінде де кездестіретініміз сондықтан. Әсіресе, оңтүстік пен шығыс өңірі «жұмақ жемісіне» бай. Жетісудың жер жәннаты деп аталуы да осы алмадан шықса керек. Түркістан облысы Түлкібас ауданы Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Алмалы сай» өндірістік кооперативі алғашқы алма жемісін жинап жатыр. Кәсіпкер өзіне тиесілі 80 гектар жер телімінің 30 гектарына «Гала» және «Бес жұлдыз» алма сорттарын тамшылатып суғару әдісімен еккен. Алдағы жылы қосымша 25 гектарға алма бау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда аталған шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыспен, 15 адам науқанды жұмыспен қамтылып отыр. Aталған шаруашылыққа аудан әкімі Асқар Естібаев тиісті бөлім басшыларымен арнайы барып, жұмысымен танысты.
Асқар Сұлтанұлы кәсібін ұлғайтуға қаржы мәселесі кедергі болып тұрған кәсіпкерге мемлекеттен қолдауларды ұсынып, заң аясында көмек берілетіндігін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде аудан аумағында жалпы алма бау көлемі 3 062 гектарды құрайды. Оның ішінде 644 гектары қарқынды бау саналады.
Көптеген жеміс ағаштарына сияқты, алмаға да жақсы өсуі үшін мүмкіндігінше көп күн сәулесі қажет. Алмаға күн сайын кем дегенде 6 сағат күн сәулесі түсуі керек. Карлик, яғни ергежейлі алма ағаштары 1-4 метрге дейін өседі, ал толық өлшемді ағаштар шамамен 9-10 метрге дейін өседі. Әр түрдің өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар.
Ергежейлі жартылай ергежейлі ағаштар кішірек және мөлшері бойынша жинақы, ықшам. Олар жыл сайын жеміс береді, бірақ үнемі күтім мен қосымша шығынды қажет етеді. Ергежейлі алма бақтары интенсивті деп аталады.
Мұндай типтегі ағаштардың тамыр жүйесі әлсіз. Олар қатты желге тым сезімтал, тіпті алмасы көп болса, құлап кетуі мүмкін. Оларды қоршаумен немесе тиісті тірекпен өсіру керек екенін ұмытпаңыз. Ауа-райының қолайсыздығы жағдайында ағашты орнында ұстап, тамырларды сақтауға көмектесетін қосымша тіреуіш-шпельс орнату керек. Қатты жел кезінде бұтақтар теңселеді, егер ағашта жемістер болса, онда ағаштың құлап кету қаупі жоғары.
Жыл сайын ергежейлі алма ағаштарынан өнім жинай аласыз, бұл олардың қарқынды бақ деген атауын түсіндіреді. Бірақ, жыл сайынғы жемістер, әрине, оларға дұрыс және толық күтім жасау жағдайында жүзеге асырылады.
Алма бағбандарының айтуынша, алма ағашын дұрыс отырғызу уақыты мен шарттарын қатаң сақтаған жөн. Бұл сау және өнімді ағаштарға ие болудың бірден-бір шарты. Алма ағашы көктемде отырғызылған кезде жақсы өнім береді. Бірақ көктем қиын кезең болуы мүмкін. Бірақ мұнда сіз суық қыстан кейін жердің еріген уақытын таңдауыңыз керек. Жер қатып қалмауы керек, күн суытып кетпеуі керек, әрі тым ыстық та болмауы керек.
Ең алдымен, отырғызу алаңының айналасындағы арамшөпті алып тастаңыз. Сіз қазып жатқан шұңқыр көшеттің тамыр жүйесінен кемінде 15 сантиметр үлкен және тереңдігі 45 сантиметрден бір метрге дейін жетуі керек. Егер контейнерде өсірілген ағаш алсаңыз, онда контейнерді алып тастап, тамыр түбірін босату керек. Ағашты шұңқырға жер деңгейінен шамамен 3 сантиметр биіктікте отырғызыңыз да, шұңқырды топырақпен тығыз толтырыңыз. Ағаштың айналасындағы отырғызу алаңы аздап шашыраңқы болуы керек, бірақ алаңдамаңыз, уақыт өте келе ол қоныстанып, жерге тегістеледі. Көп жағдайда ағаш жеміс бере бастағанша, оны кесіп, ұрықтандырудың қажеті жоқ.
Сарыағаш ауданында қарқынды бау шаруашылығы 900 тоннаға жуық өнім алды
Сарығаш ауданының Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Агрофуд» ЖШС өңірдегі ең ірі қарқынды бау шаруашылықтың бірі саналады. Қазіргі таңда онда 390 000 түп алма, 91 500 түп шабдалы, 14 300 түп алхоры және 6 000 түп шие ағашы бар. Серіктестік биыл баудан 600 тонна алма, 200 тонна шабдалы, 80 тонна алхоры алған. Шаруашылықта 90 адам тұрақты жұмыс істейді, ал маусым кезінде 200 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Өндірілген өнімдер еліміздің ірі сауда желілеріне жөнелтіледі. Атап айтқанда, шаруашылық «Магнум», «Скиф», «Анвар» сауда үйлерімен тұрақты әріптестік орнатқан. Жемістер Қазақстанның әр аймағына жөнелтіледі, ал өткен жылдары Ресейге де экспортталған.
Айта кететіні, бұл алқапқа алғашында 700 мыңнан астам түп көшет егіліп, 2017 жылы толық пайдалануға берілген. Бауды жабдықтау барысында израильдік озық технологиялар қолданылып, тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Бұл әдіс өнімнің үнемді, сапалы және тиімді өсуіне мүмкіндік береді.
Шаруашылықта сонымен қатар заманауи жинау және сұрыптау кешені жұмыс істейді. Бұл кешен жеміс өнімдерін сапалы күйінде жинап, сұрыптап, сауда желілеріне жеткізуге мүмкіндік береді. Алынған жемістердің сапасы мен сақтау мерзімі ұзартылғандықтан, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі жоғары.
«Агрофуд» ЖШС-нің басшылығы келесі кезеңде бау алқаптарын кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін 1 200 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, экспорттық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл іс-шаралар өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономикаға қосымша кіріс әкелуге мүмкіндік береді.
Қалай десек те, елімізде агросекторды әртараптандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде «Агрофуд» өндірістік бауы – көлемі, технологиясы және әлеуеті жағынан айрықша назар аударарлық нысан екені анық. 215 гектар аумақты алып жатқан бұл заманауи бақ шаруашылығы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше проекті деуге болады.
Аумағының 198 гектары – тікелей егістік, ал қалған бөлігі жол, су жүйелері және инфрақұрылым қажеттіліктеріне бөлінген. Бауға алғашында 700 мың түптен астам көшет егілген. 2016 жылы негізі қаланып, 2017 жылы кешен толық іске қосылған. Уақыт өте келе бұл көшеттер толық қалыптасып, бүгінде жоғары өнім беретін деңгейге жетті. Бұл – «Агрофуд» өндірістік бауын өңірдегі ең ірі көпжылдық жеміс шаруашылықтарының біріне айналдырып отыр.
Өңірдегі қарқынды бау шаруашылығы көлемін 2027 жылға дейін 8,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған
Атап өтер маңызды жайт, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға егілді. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 341 мың гектарға, майлы дақылдар 73,0 мың гектарға, көкөніс пен картоп 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары 61,6 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 229,9 мың гектарға егілді. Мақта дақылы 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды. Егіс көлемінің артуы жаңа су үнемдеу технологиялары есебінен қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев мәлімдеуінше, дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Жиын-терім жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, уақытында босату жұмыстары жүргізілді. Тауар өндірушілер 1106 дана жаңа техника сатып алды. Техникалар паркін жаңалау 6 пайызды құрады. Бүгінгі таңда облысқа тыңайтқыш өндірушілер мен сатушылар тарапынан 206 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізілді. Оның ішінде, 101 мың тонна тыңайтқышқа субсидия төленді.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Астықты ору науқаны маусым айында басталып, 100 % орылды. Гектар түсімділігі 12 центнерден 337 мың тонна дән жиналды. Сондай-ақ, 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша, 234 мың тонна картоп өнімдері жиналды. Биыл 5,2 миллион тонна мал азықтық дақылдарын жинау жоспарланып, бүгінгі күнге 3,9 миллион тонна азық дайындалды.
Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазіргі таңда 59 мың гектар алқапқа орналастырылды.
Түркістан облысының климаты жылыжай шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып есептеледі. Облыста жылыжайлардың көлемі 1715 гектарға жетті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102,0 мың тонна көкөніс жиналды. Өткен жылы жылыжай шаруашылығын қолдауға 3,8 миллиард теңге бөлінсе, осы жылға 4,4 миллиард теңге қаржы қарастырылды.
Облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Биыл облыста 181 гектарға қарқынды бау салынып, көлемі 3,3 мың гектарды құрады. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 8,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Мал шаруашылығының тұрақты дамуы өңірде ет экспортының әлеуетін арттыруға қарқынды серпін беруде. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісіне тиеді. Осы жылдың 7 айында экспортқа 20,8 мың тонна ірі қара мал еті, 13,4 мың тонна қой еті бағытталды.
Ет кластерін дамыту бағытында құны 51,3 миллиард теңгені құрайтын ірі 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаятын болады. Сондай-ақ нарықты отандық азық-түлкітерімен қамтамасыз ету бағытында биыл құны 134 миллиард теңгеге 29 жоба жүзеге асыру жоспарлаған. Нәтижесінде, 1 456 жұмыс орны ашылады. Бүгінде құны 56,7 миллиард теңгеге 17 жоба іске асырылып, 626 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 77,3 миллиард теңгеге 12 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Қазақстандағы алма бақтарының жалпы алаңы шамамен 29 мың гектарды құрайды
Бұл жөнінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 80 жылдығы мен Дүниежүзілік азық-түлік күніне арналған Алма фестивалі аясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков елдегі бау-бақша шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму келешегі туралы баяндағанда тоқталды. Негізінен бау-бақша шаруашылығы Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсіріліп жатыр.
«Бау-бақша шаруашылығы — агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43%-ға, ал өнімділік 27%-ға артты. Алма фестивалі — тек өнім мерекесі ғана емес. Бұл – фермерлер еңбегіне деген құрметтің, өзара ынтымақтастықтың және ортақ жауапкершіліктің белгісі. Мемлекет, халықаралық ұйымдар, агробизнес және жастардың бірлескен күш-жігері арқылы біз бау-бақша шаруашылығын еліміздің дамуындағы басты салалардың біріне айналдырамыз деп сенемін», – деді Ербол Тасжүреков. Одан әрі ФАО мен Қазақстан арасындағы серіктестік бағдарламасының маңыздылығын да ерекше атап өтті.
Аталған бағдарлама инновацияларды енгізуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, технологиялар мен білім трансферіне, соның ішінде цифрлық шешімдер мен агроинновацияларға айрықша көңіл бөлінуде.
Вице-министр қазақстандық бақтың символы саналатын апорт туралы айта келе, оның тек алма сорты емес, елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екеніне де тоқталды.
«Апортты ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылдануда. Аумағын кеңейту, агротехниканы жетілдіру және бұл сортты халықаралық деңгейде танымал ету жоспарланған. Қазір Сиверс алмасының көшеттерін өсіретін питомник құрылды, көшеттер дайындау мен жаңа бақтар отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бағы отырғызылмақ.
Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары селекциялық және агротехникалық бағдарламаларды белсенді дамытып келеді. 85 жылдық селекциялық жұмыс нәтижесінде Қазақстанда шамамен 400 сорт пен будандардан тұратын коллекция қалыптасқан, оның ішінде апорт негізінде шығарылған 29 жаңа сорт бар», – деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
