
Түркістан облысында биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес, әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Алдын ала есеп бойынша 10 айда өндірілген жалпы өнім көлемі 4 387,8 миллиард теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, өнеркәсіп өнім көлемі 1 256,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 113,4%-ды құраса, өңдеу өнеркәсібінде 593,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 111,2% деңгейінде қалыптасып, жоспарға қол жеткізілген.
– Біздің басты мақсатымыз – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес, Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Өңірде тау-кен өнімі 574,6 миллиард теңге немесе өсім 115,1%-ға жетті. Жоспар (115%) толық орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 миллиард теңгенің өнім өндіріліп, өсім қарқыны 101,7% деңгейінде орын алды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 353,5 миллиард теңге болса, өсімдік шаруашылығында 728,0 миллиард теңгенің өнімі жиналған. Облыс экономикасына 1178,4 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өсім 124,2%-ды құрады. Жалпы сауда көлемі 688,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім қарқыны 148,3%-ды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 миллиард теңгеге жетті немесе өсім 128,6% деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 110,2%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 миллиард теңгеге жетіп, 124,8%-ға артса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 миллиард теңгеге жеткен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қазандағы № 868 қаулысына сәйкес, биыл облыстың негізгі капиталға салынған инвестиция индикаторы 1 427,1 миллиард теңге көлемінде бекітілсе, 2025 жылдың 10 айының (қаңтар – тамыз айлары) қорытындысына сәйкес, 1 триллион 178,0 миллиард теңге негізгі капиталға салынған инвестициялар құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 124,2%-ға орындалды.
Сонымен қатар облысқа тікелей шетелдік инвестиция индикаторы бойынша 2025 жылға 475 миллион АҚШ доллары көлемінде бекітілсе, II тоқсан қорытындысына сәйкес, 543,5 миллион АҚШ долларын құрады.
Облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,6 триллион теңгеге 25 316 жұмыс орнын құру арқылы 120 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған.
Салалар бойынша:
- Өнеркәсіп – 73 жоба,
- Агроөнеркәсіп – 21 жоба,
- Энергетика – 7 жоба,
- Туризм – 5 жоба,
- Басқа – 14 жоба.
Оның ішінде, 2025 жылы жалпы құны 338,2 миллиард теңгеге 8 220 жұмыс орнын құрумен 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта жалпы құны 180,5 миллиард теңгеге 5 322 жұмыс орнын құрумен 41 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде ірілерін атап айтсақ.
- «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» бірлескен кәсіпорны» ЖШС (Арыс қаласы) 32 мың гектар алқапта мақта өсіру (инвестиция құны — 48,3 миллиард теңге);
- «Қазақстандық-Француздық «Катко» БК» ЖШС (Созақ ауданы) Табиғи уранды өңдеу кешенінің құрылысы (инвестиция құны — 33,5 миллиард теңге);
- «CENTRAL ASIA ALUMINIUM» ЖШС (Ордабасы ауданы) Алюминий бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы (инвестиция құны — 8,0 миллиард теңге);
Жыл соңына дейін қалған 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Оның ішінде ірі жобалар:
- «Буденовское» ӨК» ЖШС (Созақ ауданы) Табиғи уранды өңдеу кешенінің құрылысы (инвестиция құны — 69,7 миллиард теңге);
- «Ecoculture-Eurasia» ЖШС (Келес ауданы) 51 гектар жылыжай кешенінің құрылысы (І кезең) (инвестиция құны — 42,0 миллиард теңге);
- «Казкрахмал» ЖШС (Шардара ауданы) Жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы (І кезең) (инвестиция құны — 14,0 миллиард теңге);
Осымен қоса, облыста жалпы құны 2,1 триллион теңгеге ТОП-20 ірі инвестициялық жобалардың тізбесі жасақталған.
Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады
Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Сондықтан, әлеуметтік көмекке жүгінушілер саны өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Әйткенмен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Кедейлік деңгейі 4,4 пайызға төмендеді. Биылғы 10 айда 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.
2025 жылдың 1 қарашасындағы жағдаймен қарасақ, 121 796 жұмыс орыны ашылып, 76 379 тұрақты, 45 417 уақытша жұмыс орындарын құрайды. Оның ішінде, бағыттары бойынша Қазақстан Республикасы Президентімен бекітілген Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында 375 инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында 4 074 жұмыс орындарын ашу көзделіп, бүгінгі таңға 334 жоба аясында 3 782 адам жұмысқа жолданды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын құру» тапсырмасына сәйкес 32 429 жұмыс орындары ашылды (жоспар 22 595 орын). «Еңбек» бағыты аясында нақты 83 548 адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Оның ішінде:
— 39 675 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданып, жылдық жоспардың 69,3%-ы орындалды (жоспар 57 221 адам);
— 31 501 адам субсидияланатын жұмыс орындарына қатысып (2024 жылдан өтпелі 12 621 адам), жоспар 97,0%-ы орындалды (жоспар 32 465 адам).
Сонымен қатар жұмыссыздарға кәсіптік білім беру мақсатында «Еnbek.kz» платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 5 343 адам онлайн оқытудан өтіп (жоспар 4 100 адам), 5 207-і немесе 97,5%-ы сертификат алды.
Өз кәсібін бастау мақсатында жұмыссыздар қатарындағы 5 241 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды (жоспар 5 210 адам).
Жаңа-бизнес идеяларын дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіште 1 788 адамға 2,8 миллиард теңгеге грант берілді (жоспар 1 793 адам).
Жалпы, жұмыспен қамту шараларына қаралған 30 469,4 миллион теңге қаржының 23 690,5 миллион теңгесі игерілді (77,7%). Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысына сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 4,6 (жоспар 4,9%), жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4%-ды құрады.
Айтпақшы, бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Онда Мемлекет басшысының экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерін ескере отырып, мәселелер талқыланды.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік вице-министрлері, сондай-ақ бірқатар өңір басшылары баяндама жасады.
«Биыл экономикамыз орнықты өсім көрсетіп отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4%-ды құрады. Жалпы экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, сауда, және құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады. Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, өндірістік әлеуетін толық іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл ретте негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша еліміздің 12 өңірінде оң динамика қалыптасып отыр. Алайда, Атырау, Абай және Ұлытау облыстары жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген жоқ. Премьер-министр облыс әкімдеріне барлық мәселені тікелей бақылауға алуды және көрсеткіштерді жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсыра отырып, өңірлік деңгейде жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Үкімет қабылдайтын шараларға назар аударылды. Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегені атап өтілді, алайда, кейбір өңірлерде керісінше, өскені байқалады.
Олжас Бектенов Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар екенін баса айтып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеҢейту жұмысын жеделдетуді тапсырылды. Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Астана қаласындағыдай арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану тапсырылды. Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.
Президент тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламалық құжаты дайындалып жатқанын атап өтті. Құжат іскерлік белсенділікке және шағын кәсіпкерлікті дамыту құралы болуы тиіс.Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру шараларын, сондай-ақ қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды қолдауды қамтитын құжатты сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет. Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр.
Биыл Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталады. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. Онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар қамтылған.
Премьер-министр әкімдіктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы сатуды қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстарды қазірден бастауды тапсырды. Бұдан басқа, Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оңтайландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастырады.
Олжас Бектенов сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беру ісінің маңыздылығын баса айтты, аталған мәселені бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап көрсеткен болатын. Биыл жаңа өндірістер іске қосылып, бұған дейін ел аумағында өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады.
Өнеркәсіп, Қаржы министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен және Монополияға қарсы ведомствомен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу аясында ұқсас импорттық тауарларды алып тастау мәселесін пысықтауы тиіс екені атап өтілді. Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін келесі жылға арналған жобалардың жаңа тізімін қалыптастыруды аяқтау тапсырылды. Жобаларды қаржыландыру инвесторлардың өзара міндеттемелері негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Инвестиция көлемі, жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігіНің өсуі, локализацияны тереңдету, технологиялар трансфері, сондай-ақ экспорттық әлеует пен салық түсімдерін ұлғайту көрсеткіштерін назарда ұстау қажет.
Бюджет қаражатын уақтылы игеру мәселесі бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды. Барлық жоспарланған бюджет қаражаты қатаң түрде бекітілген бағыттар бойынша бөлініп, игерілуі тиіс.
Бюджет қаражаты үнемделген жағдайда, оларды неғұрлым басым міндеттерге немесе Үкімет резервіне қайта бағыттау қажет. Әкімдіктерге бюджеттегі артық қаражатты даму бюджетін кеңейтуге бағыттау ұсынылды. Жылдық қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша сатып алу рәсімдерін жариялауға жол бермеу қажеттігі баса айтылды.
Қаржы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.
Қорыта айтқанда, Премьер-министр мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық ресурсты жұмылдыруы қажет екенін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
