Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы арқылы 29 жаңа мектеп пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен адами капиталды дамыту – экономикалық өсудің негізгі тірегі екенін атап өтті. Бұл бағытта облыста нақты шаралар қабылданып жатыр. Білім беру жүйесінде мектеп тапшылығын шешу мақсатында Президентіміздің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Соның барлығы пайдалануға берілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Келешек мектептері» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Түркістан облысында осы жоба арқылы 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылып, 1500 орындық мектеп қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жұртшылықты ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Бүгін Мақтаарал өңірінде сүйінші жаңалық болып жатыр. Ауданда тағы да заманауи мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекетіміздің білім мен ғылымға бағытталған стратегиялық саясатын көрсететін мәні зор оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарлы қадам. Мақтаарал ауданында ашылып отырған 1500 орындық жаңа мектеп – ауылдағы балаларға жасалған үлкен қолдау. Бұл заманауи білім ордасында оқушылардың терең білім алуына, шығармашылықты дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда келешектің ойлы, парасатты және бәсекеге қабілетті жастары тәрбиеленеді. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасатын айбынды ордасы. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қасиетті мекен. Бүгін бой көтерген жаңа білім ұясы – осы өңірдің адами капиталын жақсартып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белеске жетелейді. Бізге білімді, отаншыл, рухы биік, жаңашыл буын керек. Міне, жаңа мектеп сол асыл міндетті орындауға қызмет етеді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ұстаздарымыз үнемі ізденіп, сапалы білім берулері керек. Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мақтааралдың білімге құштар жастары ғылым мен мәдениеттің биік шыңдарын бағындырып, елге қызмет ете берсін! – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Жобаның құны 5,2 миллиард теңгені құрайды. Ал ғимарат 14 710 метр аумақта орналасқан. Сыйымдылығы – 1500 бала. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «BCN Group» ЖШС компаниясы жүргізді.

Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Спорт залы, мәдениет залы, асхана, акт залы, оқу бөлмелері мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері бар.

Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасымен 29 білім ұясы салынды.

Оған қоса облыста жергілікті бюджеттен 17 мектеп салынуда. Биыл 4 мектеп пайдалануға беріледі, қалғаны келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 25 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында республика көлемінде 1 300 мектепті жаңғыртудан өткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырма аясында өңірде 115 мектеп реновация жобасына енгізілді. Бұл бастаманы Түркістан облысы әкімі бақылауға алып, қайта жаңғырудан өтетін мектеп тізімі жасақталды.  Түркістан облысында 2025-2027 жылдары аралығында 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Биыл 41 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, келер жылы – 38 мектеп, 2027 жылы – 36 білім ордасы қайта жаңғырудан өтеді.

Жаңғырту жұмыстарына іліккен білім ошақтарының басым бөлігі — ауылдық жерлердегі, 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептер. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, білім алуға тең жағдай жасауға бағытталған. Жөндеу жұмыстары білім сапасын арттыруға, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Реновация барысында жөндеу жұмыстарымен қатар мектептердің материалдық-техникалық базасы да қамтылады. Атап айтқанда парталар, шкафтар, арнайы жаңа модификациялы кабинеттер, басқа да оқу процесіне қажет материалдар, сыртқы спорт алаңшалары толық жаңарады. Мұндай маңызды бастама ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын жоюға, ескірген білім нысандарын ыңғайлы әрі заманауи ғимаратқа айналдыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға назар аударып, IT технологияны дамытуды атап өтті. Осыған орай Оңтүстік Кореямен келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде Түркістан қаласында IT мамандарын дайындайтын «Woosong University Kazakhstan» универсеті ашылды. Университеттің жалпы 2 мың студент қабылдауға мүмкіндігі бар. Әкімдік тарапынан 100 грант бөлінді. Бүгінгі таңда оқу процесі басталып, 108 студент білім алуда. Бұдан бөлек, университетте Оңтүстік Кореядан келген 70 студент тәлім алып, білім беру саласында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.

Жаңа жоғары оқу орнының ашылуы – Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам.

Ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ Ик, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ «Вусонг білім қорының» құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг мырза қатысты.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Кошербаев өз сөзінде филиалдың ашылуының тарихи маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта түрлі форматта 40 стратегиялық әріптестік жүзеге асырылды, оның 33-і – шетелдік университеттер филиалдары. Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз – рухани бай әрі көне Түркістан қаласында Корея Республикасының жетекші университетінің филиалы ашылды. Бұл жоғары оқу орны жай ғана білім беру алаңы емес, халықаралық ынтымақтастық пен инновациялар орталығы және еліміздің зияткерлік капиталын қалыптастыратын жоғары білікті мамандар даярлайтын ортаға айналады», — деп атап өтті вице-премьер.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел дамуында маңызды рөл атқаратын игі істің жүзеге асуына атсалысқан барша серіктестерге алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, 1,5 жыл бұрын Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім беру қоры арасында жаңа университет ашу бойынша меморандумға қол қойылды. Ал, бүгінгі сәт – жаңа оқу орнының ашылуы ғана емес, халықаралық серіктестікке негізделген сапалы білім берудің бетбұрыс кезеңі. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты биылғы Жолдауында аталғандай, еліміз толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отыр. Түркістанда ашылып отырған шетелдік университет дәл осы Президентіміз белгілеген стратегиялық бағыттың нақты іске асуының айқын дәлелі. Ерекше мәртебеге ие болған қасиетті Түркістанды білім мен ғылымның орталығына айналдыру – мемлекетіміздің басты мақсатының бірі. Бүгінгі салтанатты іс-шара – сол мақсаттың айқын дәлелі. Студенттерге ғылыммен айналысып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер ашылды. Баршаңызды «Woosong University Kazakhstan» университетінің ресми ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!» – деген Нұралхан Оралбайұлы оқу ордасынан білікті мамандар шығатынына сенім білдірді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабына айналдыруға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті. Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу осы стратегиялық мақсатқа жетудің маңызды бөлігі екенін айтты. Жаңа оқу жылында есігін айқара ашқан «Woosong University Kazakhstan» – табысты серіктестіктің жарқын үлгісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамыту, шетелдік университет филиалдарын ашу және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр. Мәселен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «SeoulTech-пен» бірлесіп Жасанды интеллект институты ашылды.

Бүгінде Қазақстан тарапы «SeoulTech», «Woosong», «Dong-Eui», «KAIST» сияқты жетекші кореялық университеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, елімізде алғашқы шетелдік филиалдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, қос дипломды бағдарламалар мен академиялық алмасу жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Іс-шара барысында «Woosong University Kazakhstan» директоры Хва Чон Ён университеттің миссиясы, негізгі білім беру бағдарламалары, ғылыми бағыттары және халықаралық серіктестік туралы кеңінен баяндады. Құрметті қонақтар «Тілектер кітабына» қол қойып, жаңа оқу орнының цифрлық кітапханасы, оқу залдары мен заманауи дәрісханаларымен танысты. Сондай-ақ студенттермен кездесіп, олардың алғашқы оқу күндеріне сәттілік тіледі.

Түркістан облысы әкімдігі әрдайым жастарды қолдауға, сапалы білім мен ғылымға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Білім ордасының 2000 студентке дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Қысқа мерзім ішінде ашылған бұл жаңа оқу орнына республика бойынша үлкен қызығушылық байқалып отыр. Биыл осы университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.

Президентіміз 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Облыста 50 колледжде 46 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Биыл колледжді бітірген 14806 түлектің 79 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның 5 мыңға жуығы – жұмысшы мамандық иелері. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінді. Алдағы уақытта колледждерде өңірдің экономикалық қажеттілігіне сай жұмысшы кадрларын даярлауға бағытталады.

Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді

Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың 10 айында Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3%-ға төмендеуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюі, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.

Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.

2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлініп, 300 мыңдай науқас дәрілік заттармен қамтылды. Жергілікті бюджеттен орфан ауруларына шалдыққан 264 науқасты қамтамасыз етуге 4,6 миллиард теңге қаралды.

2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу механизмі арқылы 34 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін тапсырылады. 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Кентау қалалық ауруханасының жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады. Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханаларда жөндеу толығымен біткен. Түркістанда салынған көпбейінді аурухана құрылысы ерекше назарда.

Ауылды жерлердегі ауруханаларға заманауи техникалар сатып алынды. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жақсарту үшін 11 түрлі диагностикалық жабдық жеткізілді. «PACS» жүйесін енгізу арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы іске асуда. Бұл жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласты. Оның 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген.

2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 40,3 миллиард теңге қарастырылды.

2025 жылдың 10 айының қортындысына сәйкес, медико-демографиялық көсеткіштер қазіргі жағдайда тұрақты. Жоспарға сәйкес, орындалып келе жатыр.

— Жалпы өлім-жітім деңгейі бір деңгейде сақталды.

— Ана өлімі 63,3%-ға төмендеп, көрсеткіш 5,3 құрады.

— Нәресте өлімі — 21,6%-ға, бала өлімі 14,1%-ға төмендеді.

Бұл — алғашқы медициналық көмекті күшейту, перинаталдық қызметті, материалдық техникалық базаны жетілдіру және тәуекел топтарына бақылауды күшейту жұмыстарының нәтижесі.

Денсаулық сақтау жүйесін дамыту мақсатында 2025 жылы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту негізінде сәулелік диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде, олар:

 — Магнитті-резонанстық томограф;

— Жасанды қан айналым аппараты;

— Компьютерлік томограф;

— Экспертті санаттағы УДЗ (УЗИ);

— Бейнеэндоскопиялық жиынтық;

— Маммографиялық жүйе.

Сонымен қатар онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды орындау мақсатында 11 дана диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Түркістан облысына қарасты медициналық ұйымдарда 2025 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен науқастарды амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС-не алдын ала өтінімге 18,7 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін 13,9 миллиард теңгеге игерілді. Стационарлық деңгейде тұмауға қарсы вирустың алдын алу үшін және дәрілік заттар тапшылығын жою мақсатында олардың төмендемейтін қоры қалыптастырылып, екі айлық резервтік қоры жасақталған.

Бүгінгі күнге медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының қоры жасақталып, (СИЗ) жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталып, бір реттік қолданылатын қорғаныш киімі – 55 078 дана, бір реттік қолданылатын бетперделер – 2 686 142 дана, төрт қабатты хирургиялық бетперделер мен респираторлар – 62 292 дана, бір реттік қолданылатын медициналық қолғаптар – 1 252 862 дана және антисептикалық ерітінділер 57 627 литр көлемінде қоры бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You