
Түркістан музыкалық драма театрында қазақ музыка өнерінің бір кезеңін қамтыған «МузАРТ» музыкалық-драмалық спектаклінің премьерасы өтті.
Қойылым халықтың сүйіспеншілігіне ие болған аңыз «МузАРТ» тобының 25 жылдық шығармашылық жолына арналды. Спектакльде топтың қалыптасу кезеңі, өнер жолындағы ізденістер мен жетістіктер сахна тілімен көрініс тапты. Қойылым барысында көрерменге кеңінен танымал әндер орындалды. Премьералық көрсетілімге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, мәдени іс-шараны тамашалады.
Спектакльдің шығармашылық тобының аттарын атап, түстерін түстей кетейік. Идея авторы — Мерей Маханов, шығарма авторы — Қазыбек Аманжол, режиссері — Әли Бидахмет. Қойылымның сценографиясын Ербол Кантураев, саунд-дизайнын Ақжол Өмірзақов, ал киім үлгілерін Арман Теміртас әзірледі.
Премьераға арнайы қонақ ретінде «МузАРТ» тобының әншілері Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев, Кенжебек Жанабилев және Мақсат Базарбаев қатысып, қойылым соңында топтың танымал «Өз елім» әнін шырқады.
Айта кетейік, қойылым көрермен тарапынан жылы қабылданып, өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Спектакль алдағы уақытта театр репертуарынан орын алып, көрерменге ұсыныла бермек.
Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Әзірбайжанда өнер көрсетті
Спектакль демекші, желтоқсанның 15-16-сы күндері М. Әзизбеков атындағы Әзірбайжан мемлекеттік академиялық орыс драма театрында гастрольдік сапар аясында режиссер Абзалбек Максимның жетекшілігімен «Менің досым» перформансы сахналанды. Идея авторы – Нұржан Тутов, қоюшы режиссер – Абзал Максим, қоюшы суретші – Бақыт Сраилов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жоба жетекшісі – Орал Камал, «Дара» төсбелгісінің иегері.
Аталған қойылым көрерменге тек оқиғаны баяндап қана қоймай, әрбір жанды терең ой мен ішкі сезімге жетелейтін рухани диалогқа шақырды. Залда жиналған түрлі ұлт өкілдері спектакльді ыстық ықыласпен қабылдап, сахна мен көрермен арасындағы рухани үндестік ерекше әсер қалдырды. Гастрольдік сапар барысында көрсетілген жоғары деңгейдегі шығармашылық жұмыс театр өнерінің шекара танымайтын құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Еске салайық, Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Түркістан облысы Жетісай қаласында 1968 жылы халық театрының негізінде құрылды. Алғаш «Сырдария облысы қазақ музыкалық драма театры» (Өзбекстан Республикасы) деп аталып, кезінде Мәскеуде Кремльдің Съездер сарайында өнер көрсеткен халықтық ұжымның негізінде құрылды. 1969 жылы 18 қаңтарда Б. Майлин мен Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» музыкалық драмасымен шымылдығы ашылды. Басты рөлде Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Ж. Қарғабаев ойнады. Тұңғыш бас режиссері – Қ. Шанин, директоры – Т. Бәйімбетов. 1969 жылдан 2001 жылға дейін А. Оңалбаев бас режиссер болды. Театрдың негізін қалаушы өнер иелері: Өзбекстанға еңбек сіңірген әртісі Ж. Қарғабаев, Қазақстанның халық әртісі, көркем сөз оқудың хас шебері Т. Қыстаубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі М. Өтебаев, Ы. Иманқұлов, Ұ. Әкімова, т.б. 1969-1971-ші жылдары музыкалық театр, ал 1971-1999-шы жылдары музыкалық драма театр болып аталды. 1999 жылдан Жетісай драма театры болып аталды.
Театр тарихында рухани із қалдырған Виктор Мингалев басқарған бишілер тобын көрермен қауым ерекше мақтан тұтты. Жетісай театрының музыкалық театр болып қалыптасуына зор үлес қосқан дирижер, домбырашы Бөрі Иса, Владимир Тен мен Болат Айдыновтар көп еңбек сіңірді.
1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №383 қаулысымен Жетісай қазақ-музыкалы драма театрына Қазақ ССР-нің халық әртәсі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ. Жандарбековтың есімі берілді (Құрманбек Жандарбеков 1960-шы жылдардың ортасында Жетісайға бір топ өнер майталмандарымен арнайы келіп, Мәскеудің Кремльдер сахнасында «Қыз Жібекті» қою үшін дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Әу баста халықтық театр атанған Мырзашөлдік өнерпаздардың Мәскеу төріндегі жоғары шеберлігінен кейін кәсіби театрдың негізі қаланған).
М. Өтебаев, А. Ысрайлов, Х. Саурықов, З. Қожамұратов, Т. Бәйімбетов, С. Бәйімбетов, А. Жәбішев, З. Меңлібаев, Н. Тілеубергенов, Ы. Иманқұлов, А. Оңалбаев және тағы да басқа сахна шеберлері көрермендер есінде қалды. Театр әртістері әр жылдары жастар шығармашылығына арналған байқаулардың жеңімпаздары болды. Жетекші әншілер С. Бәйімбетов пен Ж. Қарғабаев бірнеше дүркін одақтық және республикалық фестивальдердің лауреаты атанды.
Жетісайлықтардың репертуары қазақ, қырғыз, өзбек, орыс және тағы да басқа шетелдік авторлардың туындыларымен толығып, осы уақытқа дейін екі жүзге жуық драмалық, комедиялық және трагедиялық қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Олардың ішінде М. Әуезовтің «Еңлік–Кебек», «Айман–Шолпан», Ғ. Мүсіреповтің «Амангелді» мен «Қозы Көрпе–Баян Сұлу», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» мен «Ақсақал аңтаң», Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы» мен «Күшік күйеу», З. Ақышевтың «Жаяу Мұса», С. Адамбековтің «Аюбайдың ажалы»”, Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», И. Сапарбайдың «Шіркін, Шәмші!», У. Азимнің «Алпамыс», Х. Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық», Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Еврипидтің «Троя арулары», Ш. Құсайыновтың «Әл-Фараби», І. Есенберлиннің «Ғашықтар», С. Балғабаевтың «Қазақша күресі», Ш. Құсайыновтың «Үкілі Ыбырай», З. Найзағараевтың «Мүсінші», Д. Исабековтың «Пері мен періште», С. Сматаев пен Т. Теменовтың «Көгілдір такси», Б. Римованың «Қос мұңлық», Ж. Әлмашұлының «Ай астындағы алтын шаhар» және т.б көптеген қойылымдар бар.
Жетісай театрының атағы түрлі режиссерларымен бірге танылды. Мәскеудегі мәдениет институтының түлегі А. Оңалбаев бұл қызметті ширек ғасыр атқарды. Ол қойған «Айман-Шолпан», «Амангелді», «Еңлік-Кебек», «Свадьба в Малиновке», «Аршын-Малалан», «Алдаркөсе» спектакльдері көп жылдар бойы сахнадан түскен жоқ.
Режиссер Т. Әшімов те «Соловьиные ночи», «Голос матери», «Чарующее утро» қойылымдары арқылы өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, драматург, ақын, режиисер Ы. Иманқұлов та театрдың дамуына елеулі үлес қосты, әртістердің жас буынын тәрбиеледі. Режиссерлер Ж. Есенбеков, Ғ. Арынов, Қ. Жандарбеков, Б. Досымханова, Б. Нұрпейісов, Р. Сейтметов, К. Жетпісбаев, К. Кенжетаев, Е. Оразымбетова, Ә. Құлдановтардың да еңбектері арнайы атап өтуге тұрарлық.
Театрдың өркендеуіне суретшілер Давид Роот, Амангелді Қойшыбаев, Бақыт Срайлов, Тоғайбек Байдарбековтер де елеулі үлес қосты.
Қазіргі таңда театрдың директоры және көркемдік жетекшісі — ҚР мәдениет қайраткері Б.Б. Сраилов. 2013 жылы оның басқаруындағы театрда өткен «Театр көктемі – 2013» облыстық театрлар фестивалінде, Новель сыйлығының лауреаты Юджин О-Нилдің «Шырмаулық астындағы шырғалаң» трагедиясы үшін «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленіп, театр шығармашылығын қайта жаңғыртты.
Танымал актерлері: Ш. Қожамұратова, Р. Бейсебаева, Қ. Жолшыбеков, К. Молдәулетов, Б. Сүлейменова, Б. Айдаров, К. Құлыншақов, Ұ. Базарбаева, А. Қарғабаева, Ғ. Қаппаров, О. Қалыбекова, З. Найзағараев, М. Жұмаділдаева, А. Төлеубаев, К. Сейтметов, Р. Маңжігітова, Н. Тілеубергенов, А. Серікбаева, А. Раметова, Ә. Сапаров, Ұ. Дәрменшина, Б. Балабаева, Ж. Тастеміров, т.б.
Жетісай драма театры бірнеше мәрте фестивальдер мен конкурстарға қатысты. Екі рет бүкілодақтық театр байқауының дипломанты болды. М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде үшінші орын алып, режиссер Т. Қыстаубаев «Үздік қойылым» номинациясын иеленді. Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлаған кезде Жетісай театры қойған «Әзірет Сұлтан» қойылымы есте қаларлықтай болды. Өзбекстанда өткен халықаралық театр фестивалінде қойған «Ах, Шәмші» спектаклі режиссер мен әртістердің еңбегін тағы бір қырынан көрсетті.
«Алпамыс» пьесасын қойғаны үшін Қызылордада өткен театр фестивалінде Қ. Жандарбеков атындағы сыйлық табыс етілді.
Малайзия елінде Қазақстанның мәдениеті таныстырылды
Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында жоғары деңгейде аталып өтті.
Мәдени шара Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, Қазақстанның ұлттық өнерін халықаралық сахнада кеңінен таныстыруды мақсат етті.
Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы арнайы шақырылып, қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен би өнерінен керемет концерттік бағдарлама ұсынды. Концертке Малайзия қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпустың өкілдері, шетелдік қонақтар және т.б қатысты. Көрермендер қазақ халқының өнеріне зор қызығушылық танытып, орындаушыларды ұзақ қошеметке бөледі.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, қазақ өнерін әлемге насихаттауға арналған маңызды жиынның бірі саналады.
1980-1990-шы жылдардың ретро әуендері ұлттық аспаптардың үнімен жанданды
Тағы бір атап өтерлігі, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұйымдастырған шарада «Жұбановтар әуені» байқауының жеңімпазы «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі көрерменге ерекше музыкалық кеш тарту етті.
Шара барысында 80-90-шы жылдары кеңінен танымал болған ретро және хит композициялар ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалып, тыңдарманға жаңа әсер сыйлады.
Кеш бағдарламасына Досмұқасан ансамблінің, «ABBA», «Modern Talking», В. Цой, Ю. Шатунов сияқты отандық және әлемдік танымал орындаушылардың шығармалары, сондай-ақ әйгілі кинофильмдерден белгілі саундтректер енді. Филармонияның кәсіби әншілері орындаған туындылар көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Айта кетейік, ұлттық музыкалық аспаптардың беделін арттыруға бағытталған бұл шығармашылық жоба көпшіліктің сұрауы негізінде алдағы жылы да жалғасын табады.
Түркістанда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық ән байқауы өтті
Ал «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық патриоттық ән байқауы өтті. Шараға облыстың барлық аудан-қалаларынан келген, жасы 60-тан асқан ардагерлер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Іс-шараның ашылуында Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Түркістан облысы мәдениет басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқағали Кенжетайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың негізгі мақсаты — тарихи жеңістің маңызын жас ұрпаққа жеткізу, елге деген сүйіспеншілік пен батырлық рухты дәріптеу, ардагерлер ерлігін ұлықтау және патриоттық бағыттағы музыкалық өнерді кеңінен насихаттау болды.
Байқауда қатысушылар патриоттық тақырыптағы әнді жанды дауыспен орындап, орындаушылық шеберлік, дауыс мүмкіндігі, көркемдік мазмұн және сахна мәдениеті бойынша бағаланды. Сондай-ақ дуэт, трио және квартет форматында өнер көрсетуге мүмкіндік берілді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды:
Бас жүлде – Нұрлан Адамбеков (Шардара ауданы);
І орын – «Сырлы Созақ» квартеті (Созақ ауданы);
ІІ орын – Құрманәлі Жылқыбай (Ордабасы ауданы);
ІІ орын – Алима Жолдыбаева (Жетісай ауданы);
ІІІ орын – Жақсыбай Оңалбек (Сайрам ауданы);
ІІІ орын – «Нұрлы шуақ» отбасылық дуэті (Төлеби ауданы);
ІІІ орын – «Мейірім» тобы (Қазығұрт ауданы).
Сонымен қатар, байқаудың дипломанттары мен арнайы жүлдегерлеріне сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Айта кетейік, патриоттық ән байқауы ардагерлердің өнерін насихаттап қана қоймай, жас буынға өнеге көрсету, рухани құндылықтарды дәріптеу және елге деген сүйіспеншілікті арттыруда маңызды рөл атқарады.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінің бес жылдығы аталып өтті
Ән демекші, Түркістан өлкесінің мәдени келбетіне айналып, сан алуан шаралардың алтын ордасы болған “КОНГРЕСС ХОЛЛ” көпсалалы кешенінің 5 жылдығына арналған “БЕЛЕСТІ БЕС ЖЫЛ” атты салтанатты концерттік шарасы жоғары деңгейде өтті.
Айтулы шара рухани астананың мәдени тынысына серпін қосып, өңірдің мәдени-инфрақұрылымдық дамуына үлес қосқан кешеннің бес жылдық жұмысының басты кезеңдерін көрсетуге бағытталды.
Сонымен қатар ерекше меймандар ретінде Арыс қаласы мен Төлеби ауданындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысып, қуанышты сәтке куә болды.
Кеште кешеннің шығармашылық ұжымдары – «Jana Lep», «Alqonyr» фольклорлық ансамблі, «Samgau» би ансамблі және «Keruen» балалар би тобы өнер көрсетіп, мерейтойлық концерттің ажарын аша түсті. Композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған арнайы музыкалық попурри көрерменнен зор қошемет алды. Оркестрге «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов дирижерлік етті.
Сонымен бірге «Jana Lep» труппасы «Раушан гүл», «Жігіттер жыры» атты театрландырылған қойылымдарын ұсынып, кеш барысын ерекше түрлендірді.
Айта кетейік, шара «Конгресс холл» кешенінің әнұранымен қорытындалып, өнерге құрмет пен шығармашылыққа серпін берген әсерлі кеш ретінде есте қалды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
