
Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Қазсушар» РМК мамандарынан құралған жұмыс тобы Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Созақ және Отырар аудандарында жаңа биллинг ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізуді бастады.
Мамандар шаруалармен, канал басшыларымен және су пайдаланушылар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, жаңа жүйенің жұмыс қағидаларын таныстырып жатыр. Сонымен қатар пилоттық аудандарда туындаған техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп, су есебі мен қызмет көрсету процесін цифрландыруға біртіндеп көшу қамтамасыз етіліп жатыр.
Жүйенің негізгі мақсаты – құжат айналымын және фермерлер мен су пайдаланушылардың суаруға су беру жөніндегі өтініштерін толығымен цифрлық форматқа көшіру. Цифрлық платформа сондай-ақ онлайн түрде төлем жүргізуге және көрсетілген қызметтер бойынша орындалған жұмыс актілерін алуға мүмкіндік береді.
Жүйе Бірыңғай жер кадастрымен, салық жүйесімен және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Бұл пайдаланушылардың қатысуынсыз барлық қажетті деректерді автоматты түрде алуға жағдай жасайды. Өтініштер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бірнеше минутта ресімделеді, ал электронды келісімшарт су беру кезегін автоматты түрде анықтайды. Төлемдер мобильді қосымшалар немесе интернет-банкинг арқылы жүзеге асырылады. Барлық құжат пен қаржылық операция пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
«Цифрлық биллинг платформасын енгізу су шаруашылығы процестерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Жүйе су беру және тұтыну көлемдерін нақты бақылауға, сондай-ақ су ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік береді», — деді Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Суару суын жеткізуге арналған келісімшарттарды цифрлық жүйе арқылы рәсімдеу еліміздің бес облысында жүзеге асырылады
Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ суару суын каналдар арқылы беру үдерісін жеңілдету және автоматтандыру мақсатында биллинг жүйесін пилоттық режимде енгізіп жатыр.
Платформада негізгі процестер цифрландырылды. Атап айтқанда, су тұтынушылар мен «Қазсушар» РМК арасындағы су беру қызметтері бойынша өтініш беру, келісімшарт жасасу және есеп айырысу.
Өтінім беруден бастап төлем жасауға дейінгі барлық кезең электронды форматта жүргізіледі. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, мобильді банк қосымшалары арқылы өтініш беру және қызмет ақысын төлеу мүмкіндіктері пысықталып жатыр.
«Жұмыс тобы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында, соның ішінде шалғай аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биллинг жүйесін енгізу шаруалар үшін шарт жасасу үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, «Қазсушар» РМК-ға каналдарға түсетін жүктемені тиімді бақылауға және су ресурстарын бөлуді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйе судың «қара нарығымен» күресуге ықпал етеді. Платформа нақты уақыт режимінде су тұтынушылардың қолданыстағы шарттарының бар-жоғын көруге және суару суын заңсыз алу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Мейіргүл Қуандықова.
Назар аударар жайт, БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор Қазақстанның су саласын цифрландыру бағытындағы жұмысын жоғары бағалады. Сарапшы, әсіресе, елімізде су ресурстарын басқаруды жаңғырту қарқынын атап өтті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
— Мұнда көріп отырған үдерістерді Германиямен және жалпы Еуропамен тікелей салыстыратын болсақ, Еуропада мұндай жұмыстар екі есе көп уақыт алады. Біріншіден, бұл — заңнамалық рәсімдерге байланысты. Дегенмен, әдетте, барлық қатысушы арасындағы үйлестіру және келісім процесі әлдеқайда ұзаққа созылады. Қазақстанның су ресурстарын басқаруға цифрлық технологияларды енгізуге қаншалықты ынталы екені мені таңғалдырды әрі ерекше әсер қалдырды. Бұл үшін қолайлы орта қалыптасқан. Су ресурстары және ирригация министрлігі, министр, вице-министрлер мен департаменттер бір бағытта жұмыс істеп, ортақ мақсаттарды көздеп отыр, — дейді БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі.
Қазіргі таңда Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Сонымен қатар суармалы суды жеткізу бойынша электронды келісімшарттар жасау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өткізіліп, өзен ағысын модельдеу және болжау жүйелерінің қамту аясы кеңейтіліп жатыр.
— Суды ұтымды пайдалану үшін ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрмыста суды үнемдеп, ұқыпты пайдалануға бағытталған мәдениетті қалыптастырудың маңызы ерекше. Ауыл шаруашылығындағы сумен жабдықтау саласында негізгі басымдық заманауи, су үнемдейтін суару әдістеріне көшуге беріліп отыр. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралып, олар тұрақты нәтиже беріп отыр. Егер 2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс алқаптарының көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құраса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бұл көрсеткіш еселеп ұлғайып, соңғы екі жылда орта есеппен 150 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің алқабы 543,5 мың гектарға дейін ұлғайды, — дейді Н. Нұржігітов.
Осы орайда ол 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 228 миллиард теңгеден астам қаражат көзделген, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп (2023-2025 жылдар – 55,5 миллиард теңге).
— Өнеркәсіптік су пайдалануды дамыту бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа Су кодексінде кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленген, оның ішінде 2 жыл — өтпелі кезеңге, 5 жыл — жоспарларды іске асыруға арналған. Бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астам арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда белгіленген іс-шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары заңнамалық тұрғыдан көзделген, су пайдалану лимиттерін 20%-ға дейін қысқарту шаралары қарастырылған, — деді ведомство басшысы.
Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі
Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі облысқа тиесілі. Мемлекет басшысының жаңа бөгеттер салу және су қоймалары құрылыстарын жүргізу тапсырмасы сәйкес, көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін, Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасы жобасының құрылысы жүргізілуде және Ордабасы ауданында «Боралдай», «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңіріне 120 миллион метр куб ағын су қосымша жеткізіліп, кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен 5,4 миллиард теңге қаржы қаралып 13 су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіруде кешенді шаралар қабылдануда. Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 каналдарды (4265,4 шақырым күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде, 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Жергілікті отандық өндірісті дамыту бағытында «Тұран су» кәсіпорны жанынан «Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығару өндірісі» іске қосылды. Нысанның қуаттылығы – тәулігіне 45 дана. Жаңадан 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл өз нәтижесінде, каналдарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, су шығынын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін болады.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, толықтай су үнемдеу технологияларына көшу, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі өндірісті жолға қою, қайта өңдеу саласын күшейту бағыттарында жүргізілуде. Осы мақсатта іске қосылған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – халықаралық стандарттарға сай, заманауи, су ресурсын үнемдейтін жаңа жобалардың бірі. Жоба шеңберінде Арыс пен Отырар аудандарында 32 мың гектарға элиталық мақта дақылы егілді. Мұндағы ең басты ерекшелік – тамшылатып суару әдісінің кеңінен қолданылуы.
Мысалы, дәстүрлі тәсілде мақта алқабын суару үшін әр гектарға 12 400 текше метрге жуық су қажет болса, бұл жоба аясында әр гектарға бар болғаны 4 мың текше метр су жұмсалды. Нәтижесінде – су тұтыну мөлшері 3 есеге азайып, 42 миллион текше метр су үнемделді, ал өнімділік 2-3 есеге артты. Бұл – нақты әрі тексерілген дерек.
Сондықтан, бұл жобаның Сырдария өзенінің суының азаюына әсері болды деу – мүлде негізсіз. Керісінше, жаңа технологияның арқасында су ресурсы тиімді әрі үнемді пайдаланылып жатыр.
Биылғы вегетациялық кезеңдегі су көлемінің азаюы – табиғи факторлардың әсерінен орын алғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, таулы өңірлердегі мұздықтардың аз еруі және трансшекаралық сулардағы тапшылық — бүкіл өңірге әсер етіп отыр. Бұл мәселе тек Түркістан облысына ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне ортақ.
Облыс әкімдігі шаруашылықтардың ағын су тапшылығына ұшырамауы үшін нақты шаралар қабылдауда. Соның ішінде:
- Су үнемдеу технологиясын жыл сайын 50 мың гектарға енгізу;
- Альтернативті су көздерін пайдалану;
- Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
- Шекаралас елдермен тиімді су саясатын жүргізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Сондықтан да, «Қытай инвесторлары Сырдарияны суалтты» деген ақпарат – жалған әрі негізсіз. Бұл жобалар тек отандық заңнама аясында, мемлекеттік бақылаумен іске асуда. Жер шетелдіктерге берілмейді, ал инвестициялар – тек ел игілігі үшін жұмыс істейді.
Басты мақсатымыз – халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені – жалпы өңірлік өнімнің 20%-ын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 34 мың гектарға артты.
Егіс құрылымына сәйкес:
— дәнді дақылдар көлемі 10 мың гектарға артып, 342 мың гектарға;
— майлы дақылдар 2 мың гектарға артып, 73 мың гектарға;
— мақта 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды.
— көкөніс, бақша алқаптары өткен жылғы деңгейде сақталып, 118 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 230 мың гектарды құрады.
Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде, 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.
Өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады.
Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі:
- Су шығыны 30–50%-ға дейін аз жұмсалады.
- Тыңайтқыштарды сумен беру арқылы өнімділік 20–30%-ға артады.
Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты (50-60 ц/га). Дәстүрлі егісте бір гектарға 5 мың текше метр су пайдаланылса, жаңа технология арқылы ағын су 2 есе аз жұмсалды.
Сонымен қатар күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен егілді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 34,0 мың текше метр дейін пайдаланылса, технология есебінен ағын су 3,5 есе аз пайдаланылды (8-10 мың текше метр). Нәтижесінде өнімділік 1,3 есе артып 65 центнерден өнім жиналды («Лазер» сорты). Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды.
Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын іске асырылады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиясымен облыспен қатар, көршілес өңірлердің қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады.
Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта, құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде.
Бірінші кезеңде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны: 146,8 миллиард теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
