Түркістан облысы: Ащысайдағы өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы түсті металл комбинаты руднигінің металлургиялық цехына тиесілі қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахта қалдықтарын тиімді пайдалану және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жүргізілу үстінде. Жауаптылар аталған қалдықтарды шаруашылық айналымға тарту арқылы экологиялық жүктемені төмендету, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру көзделіп отырғанын айтады.

Осыған орай облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Аталған жобаға қызығушылық танытқан «Hubei Nonmetallic Geological Company» компаниясы нысанның инвестициялық тартымдылығын жан-жақты зерделеу, шлак жинақтарының ресурстық және технологиялық әлеуетін бағалау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әлеуетті инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылдың ықтимал форматтарын айқындау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Кездесу барысында өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді игеру жолдары, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жобаны іске асырудың кезеңдері мен негізгі шарттары жан-жақты талқыланды.

«Hubei Nonmetallic Geological Company» тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие. Компания бұған дейін Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерінде, атап айтқанда, Ақтөбе, Алматы және Шиелі аймақтарында осындай жобаларды табысты жүзеге асырған.

Аталған бастама өңірдегі өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған.

Бүгінде Ащысай ауылында 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 2 жалпы білім беретін мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы және 1 пошта байланыс бөлімшесі жұмыс істейді. Кезінде өндірісімен танылған елді мекенде қазіргі таңда шамамен 2 мың тұрғын бар. Ауылдағы жолдардың жалпы ұзындығы 15,12 шақырымды құрайды. Ауыл Кентау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 30 шақырымдай жерде, Қаратаудың беткейіндегі Көкқиясай өзенінің басталар жерінде орналасқан.

Тарихына үңілсек, 1697 жылы Орыс елінің Тобольск қаласындағы Семен Ремезов деген азамат «Чертежная книга Сибири» аты еңбегінде Қазақстан жеріндегі сусыз аймақтағы жер асты байлықтарын картаға түсірген. Картада Сырдария мен Шу өзендерінің ортасындағы Қарнақ пен Созақ қалалары арасындағы таулы аймақтар қорғасын рудасына бай екенін әлгі ғалым сол XVII ғасырда-ақ бедерлеп кеткен.

Қазақстаның түрлі-түсті металургия саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі, Түркістан өңірінде ертедегі «Тұрлан (қазіргі Ащысай) қорғасын-мырыш кені» негізінде құрылған.  Бұл кен орны XVII ғасырдан белгілі болғанымен, тек XIX ғасырдың 60-шы жылдарында ғана танымал бола бастады. 1866 жылы орыс табиғат зерттеушісі Н.А. Северцов сипаттаған. 1868 жылы Орынбордан келген орыс көпесі И.Первушин Қаратау аймағындағы басқа кендермен бірге Ащысай кенін де қазақтардан 1200 сом ақшаға сатып алған екен. Ол алғаш рет кішкене қорғасын зауытын ашқан. Ал орыстың басқа бір көпесі Иванов 9 жыл аралығында (1883-1886 және 1895-1899 жылдары) Ащысай кенінен 357 тонна таза қорғасын өндірген. Көкқиясай өзенінің басталар жерінде 1911 жылы полиметалл кен өндірісі қаланған. Сол уақытта кен өндірісіндегі тұрғындар саны 2000-ға жуықтаған.1917 жылғы төңкеріске дейінгі 50 жыл ішінде мұнда небәрі 500 тонна қорғасын өндіре алған. Кенді игеру төңкерістен кейін өрістей түскен еді. 1919-1920 жылдары 12000 пұт рудадан 3500 пұт таза қорғасын алған, ал 1929 жылдары Ащысай полиметалл комбинаты жұмыс істей бастаған болатын.

1933 жылдың қараша айынан бастап  Түркістан – Ащысай таулы темір жолы іске қосылып, содан бері Ащысай руднигінің негізі қаланған, ал ол 1934  жылы Шымкент қорғасын зауытын салуға түрткі болған. 1935 жылы Ащысай кеніші пайдалануға берілген. 1936 жылдан бастап қорғасын кен тасы өндіріле бастаған. 1938 жылдары Ащысай кентінде металургия зауыты, 2 мектеп пен аурухана және мәдинет үйі тағы да басқа мекемелер жұмыс істей бастады. Ащысай қорғасын-мырыш кені бірнеше сатыдағы жылдар бойынша қарастырылған. Кен орнының ұзындығы 500 метр, ені 100 метр, тереңдігі 45 метрге дейін жеткен. Кен сульфит және оксид кен тастарынан құралған. Негізгі минералдары: пирит, сфалерит, гоменид, кальцит, долромид, гетит, сульфит болған.

1938 жылы Ащысай елді мекені атағын алады, оған дейін «Ит қырылған сай» деп келген екен. Сол ауылдағы ақсақалдардың айтуынша, қазіргі Ақжар өзенінің бойында жүгері өсірген, сол жүгеріге жабайы доңыздар кеш қарайғанда келіп таптап кетеді екен. Сол жердегі халық жабайы доңызға тосқауыл қоймақшы болып ауыл иттерін жинаған. Содан жабайы доңыздар ауыл иттерін бір түнде бірін қалдырмай, сол сайда қырып тастапты.

1941 жылы Мырғалымсай кен орны игеріле бастайды, ал 1942 жылы Тұрлан (қазіргі Ащысай) кентінің қордағы кен байлығы бітіп, темір құрамы төмендей бастаған. КСРО кезеңінде Москваның тікелей қарауында болған Ащысайға жоғары жақ оң көзбен қараған.  КСРО түрлі-түсті металл наркомының 1942 жылғы 7 тамыздағы бұйрығы бойынша, Ащысай түрлі-түсті металл кентінің директоры мен бас инженерінің қызметі КСРО бас қорғасын мырыш бастығының орынбасары Шарышкинге  уақытша берілген. Жұмысты жөнге келтіру мақсатында соғыс шебін қорғасынмен қамтамасыз ету үшін жаңа басшылар және комбинат парткомы комунистерді Ащысайдың кен орындарына жұмыс істеуге қойған. Мемлекеттің жұмыс күшінің орнын басу үшін, жас жұмысшы мамандарға ерекше көңіл бөлініп дайындау мақсатында фабрикалар, зауыттар ашқан. Партиялық бөлімшелер аталған мектептер мен училишелерін іске қосу қызметін бақылауға алып отырған. Мінездеме үндеуінде Ащысай кенішінің ФЗО №2 мектебінің жұмысы болып табылған. Мектептің алғашқы бітірушілері 273 жас жұмысшылардан құралса, ал екінші топ түлектерінің саны 160 адам болған. Бұл жас жұмысшылардың айтарлықтай үлкен тобы комбинаттың қысқартылған жұмысшыларының қатарын тез арада толтырып отырған. Комунистік партия комбинатының кеншілерін жоғары бағалаған. Ащысай кентінің өзінде 1114 инженер-техниктер Ұлы Отан соғысындағы «Қажырлы еңбегі үшін» деген медальға әр қайсысы да лайықты болатын. Өйткені, Ащысай кен орны Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына кеткен әр тоғыз оқтың жетеуін өндіріп берген. Сұрапыл соғыс жылдары көптеген ащысайлық азаматтар ерлікпен шайқасып, майдан даласында қаза тапқан. Елі үшін ерлер жауға көкірегін тосса, ал туған өлкелері өз дәрежесінде көмек қолын созған. Ұлы Отан соғысы аяқталғанда тұтқында қалған жау әскерлерін осы Ащысайға жұмыс күшіне тартқан болатын. Жапондықтар салған көп қабатты үйлер — әлі күнге дейін мызғымаған кейпінде. Ащысай жұмысшылары соғыс біткен соң 5 жылдан кейін 59 пайыз көп жұмыс істеп, 74,5 пайыз қорғасын өндірген.          

1953 жылдан бастап Мырғалымсай кен орны барит өндіруді қолға алып, 1964 жылдан бастап барит қоспасын шығара бастады. 1955 жылдың бірінші тамызында Кентау қаласының ірге тасының қалануына Ащысай кен орының септігі тиді, өйткені Ащысай елді мекені таулы аймақ болып, қала салуға тиімсіз болды. Ащысай комбинатының құрамында Западная (1958 жылы), Скоповая (1963 жылы) шахталары, кейінірек Кентау қаласындағы кен байыту фабрикасы мен мырыш зауыты іске қосылған (1965-1984 жылдары). Ащысай комбинатының құрамында төрт кеніш, үш байыту металургия фабрикасы мен темір жол цехтары болған. Ащысай кентінің кеншілері 1965 жылы көлденең қазбасынан шапшаң кен өндіру бойынша 1237,6 метрді 31 жұмыс күнінде қазып, дүниежүзілік рекорд жасаған. Ащысай түрлі-түсті металл комбинатына 1977 жылы «Октябрь Революциясының 60 жылдығы» атауы берілген. 1980 жылдары екі бала бақша салынып, халық игіліне берілген болатын, қазірде сол балабақшаның біреуі ғана аман қалған.

КСРО-ның кезінде он сегіз мыңдай халқы болған Ащысай қазір қараусыз қалып екі мыңға жетер-жетпес халық тұрып жатыр, көбісі — қарттар. Тәуелсіздік алған жылдары шахта өртеніп, қасында тұрған фабриканың қорғаушы майлы ағаштары екі жылдай өртенген. Егемендік алғалы зауыт жекеменшікке өтіп, мардымсыз жұмыс істеп тұрған. Кейіннен бояу шығара бастады, одан бері әк тастарын және баяғыда қорғасын еріту үшін қолданған кокстың шлагынан темір алып отырған, қазір зауыт пештерін біртіндеп кесіп, тасып кеткен. Баяғы зауыттың қаңқасы ғана қалған. Ащысайдың кен орындарында мырыш пен барит әлі күнге дейін бар. Мырыш кені 100 жылға есептелген, негізі толық зертеуді қажет етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You