
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Кентау қаласында болды.
Сапар барысында вице-министр алдымен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Кентау орталық қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда аурухана заманауи медициналық құрылғылармен толықтырылып, науқастардың сауығу үдерісін жеделдету және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жаңа лапароскопиялық жүйелер, видеоэндоскоптар және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттары сатып алынған.
Сонымен қатар аурухананың А1 корпусында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат — ота жасау бөлмелерін «таза аймаққа» (clean room, таза бөлмелер кешені) айналдыру арқылы хирургиялық көмектің қауіпсіздігін арттырып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету.
Одан кейін бірінші вице-министр Кентау қалалық емханасының жұмысымен танысып, қабылдау бөлімінен бастап барлық құрылымдық бөлімшелердің қызметін қарап шықты. Емхананың жұмысын оң бағалады.
Сондай-ақ Кентау қаласы әкімдігінде денсаулық сақтау мәселелері бойынша тұрғындармен кездесу өтті. Кездесуден кейін вице-министрдің жеке қабылдауы ұйымдастырылып, қабылдауға шамамен 20 азамат келді. Жеке қабылдау барысында тұрғындар жұмысқа орналасу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), денсаулық жағдайы және медициналық ұйымдардың жұмысына қатысты мәселелерді көтерді. Барлық өтініштер тыңдалып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді.
Айтпақшы, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыссыздар мен табысы төмен азаматтар МӘМС-ке жергілікті бюджеттердің есебінен қол жеткізе алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халықтың әлеуметтік осал санаттарын қамтуды кеңейтеді. Бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде шамамен 16,8 млн адам сақтандырылған, оның 12,3 миллионы жеңілдікті санаттарға жатады. Бұл ретте 3,6 миллион адам жүйеден тыс қалады. Бұл:
- 2,5 миллион — өмір сүру деңгейі жақсы және қанағаттанарлық азаматтар;
- 1,1 миллион — әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейлеріндегі азаматтар: бұл үш ай бойы жұмыс істемейтін және міндетті зейнетақы жарналары жоқ, отбасының негізгі қажеттіліктерін әрең жабатын табысы төмен адамдар.
Қабылданған заңға сәйкес дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеу жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Жарналар адамның медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша төленеді, бұл қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Осы шаралардың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 миллионға жуық адам қамтылатын болады. Медициналық көмек алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелу қажет.
МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге болады:
- әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында — msqory.kz;
- SaqtandyryBot Telegram боты арқылы;
- мобильдік қосымшаларда: Qoldau 24/7, Damumed, сондай-ақ ЕДБ қосымшаларында (Kaspi, Halyk, ЦКБ, Freedom, Bereke, Home CREDIT, Еуразиялық банк, ForteBank).
Өңір тұрғындарымен кездесу барысында Т. Сұлтанғазиев денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, МӘМС туралы заңдағы 2026 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енетін жаңалықтар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, емханалардың жұмысын жақсарту, жергілікті жерлерде кадрлармен қамтамасыз ету шаралары туралы хабардар етті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, орта медициналық персоналдың тапшылығы 13%-ға, оның ішінде ауылдық жерлердегі дәрігерлердің тапшылығы 17%-ға төмендеді.
Брифинг барысында өңір халқының денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштері де айтылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында өмір сүру ұзақтығы 75,32 жасқа дейін ұлғайды (2023 жылы — 74,94). Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жалпы өлім деңгейі 0,2%-ға, сәбилер өлімі 10,2%-ға төмендеді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Тимур Сұлтанғазиев Кентау қаласындағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыруға бағытталған ұсыныстарын айтты.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Азаттық ауылындағы заманауи дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты
Одан әрі ол Түлкібас ауданының 7 мыңға жуық тұрғыны бар Азаттық ауылындағы заманауи дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты. Жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, құттықтады.
Дәрігерлік амбулаториясында заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі, физ кабинет, дәріхана бөлмесі, 4 төсекке арналған күндізгі аурухана бөлмелері, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар.
Шара барысында аудан әкімі ғимаратты сапалы соғып, құрылысын уақытында аяқтаған мердігерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары игі іске мұрындық болған жандарға ақ баталарын берді.
Жергілікті тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба мен Азаттық ауылдарында заманауи жаңа нысан соғылып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан халық игілігіне қолданысқа берілмек.
Жалпы, Түркістан облысында барлығы 73 медициналық нысан жаңғыртуды қажет етеді, ағымдағы жылы ауылдық аудандарда 34 жаңа нысан, оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 22 медициналық пункт салынды. Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жаңа нысан салынып, пайдалануға берілді. Қосымша, 73 нысанға қажеттілік бар. Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезеңкезеңімен шешуді жоспарлап отырмыз. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 32 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдықтехникалық жарақтандыру деңгейі 84,5%-ға жетті.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың 10 айында Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3%-ға төмендеуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюі, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.
Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.
2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлініп, 300 мыңдай науқас дәрілік заттармен қамтылды. Жергілікті бюджеттен орфан ауруларына шалдыққан 264 науқасты қамтамасыз етуге 4,6 миллиард теңге қаралды.
2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу механизмі арқылы 34 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін тапсырылады. 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Кентау қалалық ауруханасының жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады. Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханаларда жөндеу толығымен біткен. Түркістанда салынған көпбейінді аурухана құрылысы ерекше назарда.
Ауылды жерлердегі ауруханаларға заманауи техникалар сатып алынды. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жақсарту үшін 11 түрлі диагностикалық жабдық жеткізілді. «PACS» жүйесін енгізу арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы іске асуда. Бұл жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласты. Оның 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген.
2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 40,3 миллиард теңге қарастырылды.
2025 жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес, медико-демографиялық көсеткіштер қазіргі жағдайда тұрақты. Жоспарға сәйкес, орындалып келе жатыр.
— Жалпы өлім-жітім деңгейі – бір деңгейде сақталды.
— Ана өлімі 63,3%-ға төмендеп, көрсеткіш 5,3 құрады.
— Нәресте өлімі 21,6%-ға, бала өлімі 14,1%-ға төмендеді.
Бұл алғашқы медициналық көмекті күшейту, перинаталдық қызметті, материалдық техникалық базаны жетілдіру және тәуекел топтарына бақылауды күшейту жұмыстарының нәтижесі.
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту мақсатында 2025 жылы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту негізінде сәулелік диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде, олар:
— Магнитті-резонанстық томограф
— Жасанды қан айналым аппараты
— Компьютерлік томограф
— Экспертті санаттағы УДЗ (УЗИ)
— Бейнеэндоскопиялық жиынтық
— Маммографиялық жүйе
Сонымен қатар онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды орындау мақсатында, 11 дана диагностикалық құрал – жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысына қарасты медициналық ұйымдарда 2025 жылы Республикалық бюджет қаражаты есебінен науқастарды амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС-не алдын ала өтінімге 18,7 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін 13,9 миллиард теңгеге игерілді. Стационарлық деңгейде тұмауға қарсы вирустың алдын алу үшін және дәрілік заттар тапшылығын жою мақсатында олардың төмендемейтін қоры қалыптастырылып, екі айлық резервтік қоры жасақталған.
Бүгінгі күнге медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының қоры жасақталып, (СИЗ) жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталып, бір реттік қолданылатын қорғаныш киімі – 55 078 дана, бір реттік қолданылатын бетперделер – 2 686 142 дана, төрт қабатты хирургиялық бетперделер мен респираторлар – 62 292 дана, бір реттік қолданылатын 1 252 862 дана медициналық қолғап және антисептикалық ерітінділердің 57 627 литр көлемінде қоры бар.
Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің өкімімен халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру бойынша өңірлік штаб құрылды. Облыс халқының саны 2 млн адамнан асады, оның ішінде 1,6 миллион адам немесе 81,3% сақтандырылған, 385 мың адам немесе 18,7% сақтандырылған мәртебеге ие емес.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Тимур Сұлтанғазиев денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыруға бағытталған ұсыныстарын айтты.
Қазақстанда халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарған
Қазақстанда жалпы және нәресте өлімінің төмендеуін, сондай-ақ күтілетін өмір сүру ұзақтығының өсуін қоса алғанда, халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің тұрақты оң динамикасы тіркелді. Бұл нәтижелер денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды көрсетеді.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша халықтың жалпы өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға, нәресте өлімі 18,7%-ға төмендеді. Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша Қазақстан осы көрсеткіш бойынша Орталық Азия елдерінің арасында көшбасшы болып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 75,4 жас деңгейіне жетті.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның Адами даму индексі бойынша 2025 жылғы Даму Бағдарламасының есебіне сәйкес өткен жылмен салыстырғанда өз позициясын 7 тармаққа жақсарта отырып, Қазақстан 193 елдің ішінде 60-шы орынға ие болды.
Тағы бір атап өтерлігі, Денсаулық сақтау министрлігі облыстық ауруханаларды ауқымды жаңарту мәселесін қарап отыр. 2026 жылдан бастап Қазақстанда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында облыстық стационарларда бейінді бөлімшелердің барлық жерде ашылуы басталады.
2026-2028 жылдардың ішінде еліміздің 17 өңірінде барынша талап етілетін:
кардиология, гастроэнтерология, пульмонология, эндокринология, ревматология және гематология сияқты бағыттар бойынша көмек көрсетуге бағдарланған 48 жаңа бейінді бөлімше құрылатын болады.
Барлығы 906, оның 400-ге жуығы балаларға арналған төсек ашу жоспарлануда, бұл ересектер мен балалар үшін мамандандырылған көмекке қолжетімділікті едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
2026 жылы мамандандырылған медициналық көмекке қажеттілігі жоғары өңірлерде — Ұлытау, Қызылорда, Қостанай және Жетісу облыстарында 25 бейінді бөлімше жұмысын бастау жоспарлануда.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бейінді қызметтердің қаржылық тұрақтылығын нығайту жөнінде шаралар қабылдауда. Ағымдағы жылы медициналық көмек көрсету тарифтерін:
* пульмонология бойынша — 75%-ға;
* ревматология бойынша — 24%-ға көтеру туралы шешім қабылданды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы:
кардиология, нефрология, гастроэнтерология, эндокринология сияқты төрт негізгі ересектер мен балалар бейіні бойынша тарифтерді шамамен 50%-ға көтеру жоспарлануда.
Осы шараларды іске асыру:
* мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыруға;
* бейінді бөлімшелерді қаржыландыруды жақсартуға;
* медицина қызметкерлерінің уәждемесін күшейтуге;
* жалпы облыстық стационарлар деңгейінде терапиялық буынды нығайтуға мүмкіндік берді.
2026 жылы стационарлық медициналық көмекті қаржыландыру 8%-ға ұлғайтылады және шамамен 700 млрд теңгені құрайды.
Осылайша, ересектер мен балаларға арналған облыстық стационарларды жаңарту шеңберінде халықтың нақты қажеттіліктеріне бағдарланған өңірлерде уақтылы, сапалы және қолжетімді медициналық көмек алу үшін жағдайлар жасалады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
