
Қазығұрт ауданындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді
Түркістан облысы Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады.
– Ата-бабаларымыз «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп бекер айтпаған. 2004 жылы бой көтерген «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені – ұлттың рухын көтеретін, тарих пен дәстүрді дәріптейтін ерекше нысан. Бүгін осы мемориалдық кешеннің қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа кейіпке енуіне куә болып тұрмыз. Аталған ескерткіш – ұлттың бірлігі мен берекесінің, ізгіліктің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдени мұра мен рухани туризмді дамытуды ел дамуының маңызды бағыты ретінде айқындады. Осы бағытта Түркістан облысында тарихи-мәдени нысандарды сақтап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазығұрт – тарихы терең өңір. Осы аймақта туризмді дамыту – ортақ міндетіміз. Бүгінгі жаңғыртудан өтіп, қайта ашылып отырған «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені ел рухын асқақтататын ескерткіш болады деп сенемін. Халқымыздың мәртебесі Қазығұрт тауындай биік, әрбір бастамамыз жемісті болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Қазығұрт асуында орналасқан «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртылып, абаттандыру жұмыстары толық жүргізілген. Жобаны «Қарағанды Көркем» ЖШС жүзеге асырды.
Абаттандыру жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, 2025 жылдың қазан айында аяқталды. Мемориалдық кешеннің жалпы аумағы – 5 гектар.
Кешен аумағында биіктігі 51 метр болатын Мемлекеттік Ту орнатылған. Сонымен қатар 1880 шаршы метр аумаққа газон төселіп, 29 жарықтандыру шамы қойылды. Айналаны көгалдандыру мақсатында 400 түп шырша көшеті егілді.
Нысан құрамына кеме пішіндес, биіктігі 11 метр болатын монумент, нақыл сөздер жазылған 3 монумент, 2 демалыс орны, 2 сауда орны, сондай-ақ әжетхана енгізілген.
Аталған құрылыс жұмыстары әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, туристік әлеуетті арттыруға және елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған.
Қазығұрт ауданында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді
Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ елді мекенінде заманауи ашық және жабық үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы бастама көтерген болатын. Бұл акция елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы акция аясында ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Ашылып отырған спорт кешенінде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл ретте ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Түркістан облыстық қазақ күресі федерациясының құрметті президенті Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешенде бұқаралық спорт дамитынына сенім білдірді. Сонымен бірге Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев, Шынболат Райханов секілді әлем чемпиондары да жаңа спорт нысанына оң бағаларын берді.
Облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар спорт кешенін ресми түрде ашқан соң, нысанның ішін аралап, жаттығу залдарының жабдықталуымен танысты. Әкім жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Спорт кешенінің құрылысын «VERTEX BUILD» ЖШС жүргізген. Жобаға 500 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. Спорт кешенінің жалпы аумағы – 2,83 гектар, ғимараттың ауданы 1720 шаршы метрді құрайды. Нысанның ішкі бөлігінде күрес пен бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумағында баскетбол мен волейбол, футбол мен жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» (көше жаттығулары) құрылғылары мен балалар ойын алаңшалары орнатылған.
Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол спорт секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда. Нысанның ашылуына байланысты 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жалпы, Қазағұрт ауданының намысын көтеріп жүрген саңлақтар аз емес. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудан мерейін асқақтатып жүрген жас спортшылар, бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Азия чемпионатының алтын жүлдегері Даниял Шалқарбай Нұрланұлын, бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мен Азия ойындарының алтын жүлдегері Нұрмахан Жұмағали Нұржанұлын, сондай-ақ бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпазы, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мырсабит Арман Болатбекұлын қабылдап, олардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жеңістерімен құттықтады.
Кездесу барысында аудан әкімі спортшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, олардың жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар, жас спортшыларды тәрбиелеп отырған бапкерлерге алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.
Айта кетейік, биылғы жылы Қазығұрт ауданының спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жалпы саны 67 алтын, 74 күміс және 86 қола медаль еншіледі. Бұл көрсеткіш аудан спортындағы жүйелі жұмыстың, мемлекеттік қолдаудың және спортқа деген ерекше көңілдің нәтижесі екені сөзсіз. Кездесу соңында аудан әкімі спортшыларға алдағы додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал 10 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Түркістан облысында дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» облыс әкімімен әзірленіп, бекітілген. Жол картасында спорт саласының негізгі 3 бағыты қамтылған. Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды дамыту, спорт резервін қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту бағыты. Биылғы жылдың 10 айында дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып халықтың 42,4%-ын құрады (2025 жылғы жоспар: 42,5%). Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп 32,9%-ды құрады (2025 жылғы жоспар: 33%).
Спортпен шұғылданушыларды арттыру бағытында 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 миллиард 400 мың теңге бөлініп, 167 өнім берушіде 24 480 бала шұғылдануда. Облыста 101 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұлға бар, оның ішінде спортпен және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоғы — 44 мың адам, соның 6 мың 800-і немесе 15,5%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады (2025 жылғы жоспар: 15%).
Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғындары спортпен шұғылдануда. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 3 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5%-ға өскен. Бүгінгі таңда бұқаралық спорттың танымалдығын арттыру мақсатында Түркістан қаласында республикалық деңгейдегі кешенді жарыстар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек Кубогы» республикалық спартакиадасы өтіп, 2000-нан астам студент қатысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы» және «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай жүгіруден «Бірлік жарысы» өтіп, 6 мыңнан астам адам қамтылды.
Жоғары оқу орындары арасындағы ХІІІ жазғы Универсиада ойындары өткізіліп, 79 оқу орнынан 4 мыңнан астам студент қатысты. Футболдан әуесқой командалар арасында тұңғыш рет Түркістан облысының чемпионаты ұйымдастырылып 186 командадан 3,3 мыңға жуық ойыншы тартылды. Бұқаралық спортты насихаттауға демеушілер де тартылуда.
Облыс аумағында демеушілер есебінен жүлде қоры 124,2 миллион теңгені құрайтын (халықаралық, республикалық және облыстық, жаппай көкпар 241 іс-шара тізбесі бекітіліп, бұған 35 мыңға жуық спортшыны тарту жоспарланды. 10 айдың қорытындысына сәйкес, 186 спорттық іс-шара өткізіліп, 27 мыңға жуық спортшы тартылды. Атап айтқанда, «Халық» қайырылымдық қоры» демеушілігімен «Ауыл спорт» ойындары, облыстық мәслихат демеушілігімен кіші футболдан депутаттар арасындағы облыс чемпионаты, «Түркістан Марафон-2025» іс-шаралары ұйымдастырылып, өткізілді. Түркістан марафонына 3 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде 19 елден келген 368 шетел азаматы бар. Одан бөлек, 2025 жылғы қыркүйек айында Алматы облысында өткен «Ақ бидай» республикалық VІІІ ауыл спорты ойындарында Түркістан облысы жеңімпаз атанды.
Өңір спортшылары 2025 жылғы қыркүйек айында Болгария елінің Албена қаласында қол күрестен өткен әлем чемпионатында 19 алтын медальды жеңіп алды. Армрестлинг құрамасына — 10 миллион теңге, ал бірнеше рет әлем чемпионы атанған 3 спортшыға автокөлік кілті тапсырылды. Бұндай ынталандыру сыйлықтары өңірде спорттың дамуына тың серпін беріп, жас спортшылардың қызығушылығын арттырары анық.
Өңір басшысы қазығұрттық тұрғындармен кездесті
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапарында Қазығұрт елді мекеніндегі О.Жандосов көшесінде орналасқан екі қабатты, 10 пәтерлі тұрғын үйді көріп, қайта жөндеуден өткізілгеннен кейінгі жағдайымен танысты. Үй иелерімен пікір алмасты.
Кездесуде тұрғындар өзекті мәселелерінің оңынан шешілгенін айтып, облыс және аудан басшылығына алғыстарын білдірді. Нұралхан Көшеров халықтың ұсынысы мен пікірлері маңызды екенін айта келе, әрбір өтініш бақылауда болатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімінің халықпен кездесуі барысында қазығұрттық тұрғындар баспаналарының жағдайына қатысты мәселе көтерген болатын. Өйткені кейбір пәтерлердің едендері шөгіп, ішкі аралық қабырғалары жарылған. Мәселе шұғыл назарға алынып, облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес №35 және №35 Б тұрғын үйлерде орын алған ақаулар қалпына келтіріліп, тұрғындар өз үйлеріне қайта орналасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
