
Түркістан қаласында қоғамдық көліктердің күнделікті жұмысы таңғы 06:30-дан басталады. «Жолаушы» ЖШС-не қарасты автобус паркі таңертеңгі рейстерге шығар алдында толық техникалық және медициналық тексеруден өтеді. Жүргізушілер медициналық бақылаудан өтіп, арнайы рұқсат алады. Ал механиктер автобустардың техникалық дайындығын қарап, сапарға шығуына рұқсат береді. Барлық процесс операторлық орталықта бақыланып, маршруттар бойынша қозғалыс қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасы тұрақты түрде қадағаланады.
«Жолаушы» ЖШС 1966 жылдан бері Түркістан қаласында жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетіп келеді. Қазіргі таңда мекеме 142 автобусты пайдалана отырып, 16 бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ал жалпы бүгінгі таңда Түркістан қаласында 190 қоғамдық көлік 21 бағытта қызмет көрсетеді. Бұл бағыттарда шамамен 300-ге жуық қызметкер қоғамдық көлік жұмысының үздіксіз әрі тұрақты жүруіне үлес қосып отыр. Жыл соңына дейін қосымша 60 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл автопарк Жұмысшы мамандықтар жылы және Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 16 жаңа автобуспен толықты, жыл соңына дейін тағы 10 жаңа көлік сатып алу жоспарланған.
Қызмет көрсетіп жатқан автобустардың сыйымдылығы 60 адамға есептелген. Қолайлылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында салон ішіне және сыртқы аумаққа бейнебақылау камералары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалысы үшін пандустар қарастырылған. Қоғамдық көлік құралдарының басым бөлігі — заманауи үлгідегі, кең әрі жайлы, кондиционерлік жүйемен жабдықталған жаңа автобустар. Олардың қозғалысы GPS жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақыланып, тасымалды тиімді үйлестіруге жол ашады.
«Цифрландыру — мемлекет тиімділігін арттырудың шешуші құралы. Біздің мақсат — бүкіл ел бойынша халықтың өмір сапасын арттыратын заманауи технологияларды енгізу», — деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында. Президент атап өткендей, заманауи инфрақұрылым мен цифрлық шешімдер тек мемлекеттік қызметтерде ғана емес, күнделікті тұрмыста да азаматтардың уақытын үнемдеп, өмірін жеңілдетуі тиіс. Осыған орай, Түркістан қаласында да цифрлық трансформация үдерісі қарқын алып келеді. Оның нақты көріністерінің бірі — қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту және автоматтандыру болып отыр.
2024 жылдың 18 мамырынан бастап қалада қоғамдық көліктерге «AlemPay» электронды төлем жүйесі толық енгізілді. Бұл жоба тұрғындар тарапынан оң қабылданып отыр. Осы орайда барлық автобустарға электронды төлем жүйесі енгізіліп, тұрғындар жолақысын көлік картасы, QR код арқылы, банктік карта, SMS және өзге де қолайлы әдістермен төлей алады.
Электронды төлем жүйесінің енгізілуі есептілікті арттырып, тасымалдаушылар арасындағы көлеңкелі табыс көздерін жоюға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, деректерді нақты жинау арқылы жолаушы ағынын талдау, маршруттарды оңтайландыру және автопаркті тиімді басқару жұмыстары жүйеленді. Бүгінгі күні жол жүру құны: электронды төлеммен — 70 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқанда — 100 теңге.
Бұл бүгінде облыс орталығы мәртебесіне ие Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі қолжетімді көлік қызметін ұсыну бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқандығының дәлелі болса керек. Саладағы өзгерістер тек жаңа автобустарды енгізумен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда бұл бағытта ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып, автоматтандырылған басқару, электронды төлем жүйесі, жолаушылар ағынын талдау, «ақылды» аялдамалар мен болашақта енгізілетін жасанды интеллектке негізделген тетіктер қамтылып жатыр.
Қоғамдық көліктерді жаңғырту барысында «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде бірқатар инновациялық шешім енгізіледі. Қаланың орталық көшелерінде цифрлық таблолармен, Wi-Fi, USB қуаттау порттарымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған «ақылды» аялдамалар орнатылып жатыр. Мұндай аялдамалар жолаушыларға келесі автобустың келу уақыты, маршруттар бойынша ақпарат және қауіпсіздік жайлы мәліметтерді нақты көрсетеді.
Сондай-ақ, түркістандықтар арнайы мобильді қосымша арқылы автобустардың нақты қозғалысын онлайн режимде қадағалап, бағытын алдын ала жоспарлай алады. Бұл уақытты үнемдеуге, көлік күту уақытын қысқартуға және сапарды тиімді ұйымдастыруға септігін тигізіп отыр.
Әлеуметтік әділеттілік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері және І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие. Ал мектеп оқушыларына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл жеңілдіктер арнайы электронды карталар арқылы рәсімделеді.
Жолаушылардың қауіпсіздігі де басты назардан түскен емес. Барлық автобус пен аялдамалар бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, құқықбұзушылықтың алдын алу және жолаушылардың мүлкін сақтау мақсатында қауіпсіздік деңгейі арттырылуда. Бүгінгі таңда Түркістан қаласының қоғамдық көлік жүйесі тек көлік тасымалы саласы емес, тұтас қаланың цифрлы және интеллектуалды даму бағытының айқын көрінісіне айналды. Алдағы уақытта экологиялық таза электрлі автобустарды енгізу, диспетчерлік басқару жүйесін толық автоматтандыру, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған бейімделген көлік бағыттарын енгізу жоспарда бар.
Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті сала мамандары қоғамдық көлік саласын жетілдіру арқылы тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы, ыңғайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға күш салып келеді.
Айтпақшы, Түркістанның тұрақты дамуына бағытталған көлік жүйесі, қоғамдық көлік қызметін жетілдіру шаралары бүгін өткен Түркістан қалалық мәслихатының тұрақты комиссия отырысында да талқыланды. Тарқата айтсақ, Түркістан қалалық мәслихатының мәжіліс залында әкімшілік-аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салалары, депутаттық өкілдік пен этика, сондай-ақ ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасы Мәди Аманжол жүргізді.
Күн тәртібінде 2025 жылғы қалалық бюджеттің игерілу барысы және 2026–2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы қаралды. Аталған мәселелер бойынша Түркістан қаласы әкімінің қалалық экономика және қаржы саласына жауапты орынбасары Аманжол Бекбол баяндама жасап, салалық бөлім басшылары қосымша ақпарат ұсынды.
Отырыста жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары саласындағы бөлінген қаражаттың игерілуі, жол жөндеу жұмыстарының барысы, қоғамдық көлік қызметін жетілдіру шаралары талқыланды. Сонымен қатар коммуналдық шаруашылық бағытында инженерлік желілерді жаңғырту, абаттандыру, санитарлық тазалық және қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Комиссия мүшелері бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалану, анықталған кемшіліктерді жою және алдағы жылдарға жоспарланған жобалардың басым бағыттары бойынша ұсыныстарын білдірді. Отырыс қорытындысы бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, тиісті ұсынымдар қабылданды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
