Экономикалық зерттеулер институтында конституциялық реформаның экономикалық маңызы талқыланды

Бүгін Экономика үйінде «Қазақстанның экономикалық саясатының жаңа басымдықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара жетекші ғалымдар мен сарапшыларды біріктіріп, Конституциялық реформаны іске асырудың практикалық тетіктері және оның ел экономикасының дамуына ықпалы талқыланды. Қатысушылар конституциялық өзгерістер институционалдық жаңғыру мен экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды қозғаушы күшіне айнала алатынын атап өтті.

Кездесуді экономика ғылымдарының кандидаты, Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері әрі Ғылыми кеңес мүшесі Азамат Нұрсейітов жүргізді. Ол жиынды ашу барысында «Экономикалық саясат жаңа институционалдық басқару моделіне бейімделіп, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуі тиіс» екенін тілге тиек етті. Институт Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Нығметов мұндай кездесулер мен сарапшылардың пікір алмасуы жүйелі реформалар кезеңінде мемлекеттік саясат үшін маңызды екенін айтты.

Экономика ғылымдарының докторы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіндегі Экономика институтының бас директоры Еркін Садықов экономикалық саясаттың жаңа басымдықтарына талдау жасап, өнеркәсіпті дамыту, өңдеуші секторға инвестиция тарту, бюджеттік саясат тиімділігін арттыру және инновациялық белсенділікті күшейту стратегиялық міндеттердің қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа конституциялық заң мемлекетті басқарудың нәтижелі болуы мен қабылданатын экономикалық шешімдердің ашықтығына қойылатын талаптарды күшейтеді.

Экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаева Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді макроэкономикалық үрдістерін және оларды өңірлер бойынша таныстырды. Ол кейінгі 12 жыл ішінде ел экономикасы тұрақты өсім көрсеткенін айтты: жалпы ішкі өнім көлемі 236,6 млрд доллардан 291,2 млрд долларға дейін ұлғайды, ал халық саны 18,3%-ға өсіп, 20 миллионнан асты. Еңбек өнімділігі 27,6 мың доллардан 26,9 мың долларға дейін аздап төмендегеніне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіп үлесі 10,7%-дан 12,4%-ға дейін артты.

Сарапшы қазіргі макроэкономикалық және демографиялық үдерістер өңірлердің теңгерімді дамуына жол ашатынын айтты. Қазір елдегі үш ірі мегаполис ел ЖІӨ-нің 37,8%-ын қалыптастырып, адами капитал мен іскерлік белсенділік осы жерлерде шоғырланған. Мұндай әлеуетті тиімді пайдалану үшін Экономикалық зерттеулер институтында өңірлердегі өнімділікті болжауға арналған экономикалық-математикалық модель әзірленген. Ол Қазақстанның 20 өңірін қамтиды. Бұл модель өңірлердің салалар бойынша дамуын бағалап, өңірлік саясатты ғылыми негізге ала отырып, шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Саяси ғылымдар докторы, Институттың жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев Конституциялық реформаның өңірлер дамуына ықпалына талдау жасады. Оның айтуынша, жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін кеңейту өңірлердің инвестициялық саясат қалыптастырудағы дербестігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға, өз аумағындағы ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар ол мұнай өндіруші өңірлердің ел экономикасына үлесі біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтіп, экономиканы әртараптандыру және жаңа өсу нүктелерін табу мүмкін екенін айтты.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You