Түркістанда ұлттық мәдениетті насихаттауға және заманауи туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этно-туристік кешен бой көтерді

Loading

2026 жылғы 15 мамырда түркі әлемінің рухани Астанасы – Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтеді. Саммит қарсаңында Түркістанға кіреберіс тұста қасиетті тайқазан орнатылды. Тайқазан – Түркістан қаласының туристік және мәдени маңызын арттыратын, түркі халықтарының бірлігін айқындайтын символдық нысан, молшылық пен берекенің белгісі. Тайқазанды әуеден түсіргенде жанында Түркі мемлекеттері ұйымының туын көруге болады.

Оған қоса Түркістанда ұлттық мәдениетті насихаттауға және заманауи туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этно-туристік кешен бой көтерді. Кешеннің басты архитектуралық нысаны – диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метр болатын алып киіз үй. Оның жалпы ауданы — 707 шаршы метр. Бұл нысан мәдени іс-шаралар, форумдар және этнофестивальдер өткізуге арналған. Сонымен қатар шағын киіз үйлер де орнатылған. Жоба ұлттық дәстүрді заманауи форматта таныстырып, Түркістан қаласын халықаралық деңгейдегі туристік және мәдени орталық ретінде дамытуға ықпал етеді.

Бұл маңызды жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте бірнеше рет талқыланды. Нәтижесінде тиісті шешім қабылданып, Түркістан қаласы қысқа мерзімде жаңа рухани нысандармен толықты.

Осы ретте Түркістан қаласының тұрғындарына және қонақтарына құлаққағыс жасай кетсек. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне дайындық және оны өткізу аясында 13-15 мамыр аралығында Түркістан қаласында автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, кейбір бағыттар бойынша қозғалыс сызбасы өзгереді. Бұл қалаға кіру толық шектеледі дегенді білдірмейді.

Саммит өтетін 15 мамырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңы, Жаңа қала аумағы, 9-шы көше, Саттарханов даңғылы, сондай-ақ қажеттілікке байланысты жекелеген көшелер автокөліктер үшін уақытша жабылады. Қала аумағындағы бірқатар көшелерде қауіпсіздік шараларына байланысты қозғалыс уақытша шектеледі. Сонымен қатар Шымкент – Қызылорда бағыты бойынша өтетін транзиттік көліктер үшін уақытша жаңа қозғалыс бағыты белгіленді.

Жаңа қозғалыс сызбасына сәйкес көлік құралдары Ш.Қалдаяқов көшесі, 40-көше, 9-көше, 36-көше, Әуежай тас жолы, С.Қожанов көшесі және Б.Шыныбеков көшесі арқылы бағытталады.

“Осыған байланысты жүргізушілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, жол бойында орнатылған уақытша жол белгілеріне, бағыттаушы көрсеткіштерге және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талаптарына бағынуды сұраймыз”, — дейді жауаптылар.

Иә, түркі әлемі үшін аса маңызды саммитті жоғары деңгейде әрі жауапкершілікпен өткізу – баршаға ортақ абыройлы міндет!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You