Түркістан шаһарында қазба жұмыстарынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Loading

Түркістан қаласында инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне жүргізілген қазба жұмыстары барысында зақым келген және соның салдарынан шөгу белгілері байқалған аумақтарда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілу үстінде.

Аталған жұмыстар қазба жұмыстарына жауапты мердігер мекемелердің күшімен жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, қалпына келтіру жұмыстары Яссы, Бекзат және Сауран тұрғын алаптарында орналасқан көшелерді қамтиды.

Жалпы жұмыстар аясында шамамен 30 мың шаршы метр жол жабындысын қайта қалпына келтіру жоспарланған. Жұмыстардың сапалы әрі белгіленген талаптарға сәйкес орындалуы Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі», сондай-ақ Түркістан қалалық полиция басқармасының техникалық қадағалаушылары тарапынан тұрақты бақылауға алынған.

“Сонымен қатар, қазба жұмыстарын жүргізу барысында анықталған заңбұзушылықтарға байланысты жауапты мердігер мекемелерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабының 3-бөлігіне сәйкес жалпы саны 11 әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлаймыз”, — дейді жергілікті құзырлы орган өкілдері.

Естеріңізде болса, маусымның 10-ында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ортақ тұрғын алабындағы кәріз желілерін салу жобасы аясында қала аумағындағы бірқатар көшелерді аралап, құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Жұмыс сапары барысында қала басшысы Сауран секторындағы М.Төлебаев көшесінде жүргізіліп жатқан сарқынды су жүйесінің құрылысын және жол жабындыларын қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, К.Сарыбай көшесінде мердігер мекеме – «Қызмет» ЖШС өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Қала әкімі кәріз желілерін тарту барысында қазылған көшелер мен бүлінген инфрақұрылым нысандарын бастапқы қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Әсіресе, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайсыздық туғызбау мақсатында бір ай мерзім ішінде асфальт жабындыларын толық қалпына келтіріп, абаттандыру жұмыстарын аяқтауды міндеттеді.

– Тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектері назардан тыс қалмауы тиіс. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Қазылған көшелерді қысқа мерзімде қалпына келтіріп, халыққа қолайлы жағдай жасау – жауапты мекемелердің басты міндеті, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Ортақ тұрғын алабының кәріз желілерін салу жобасының үшінші кезеңі 2025–2028 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында жалпы ұзындығы 167,187 шақырым болатын кәріз желілері салынып, 8 625 абонентті орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу көзделген.

Қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды, сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жедел әрекет етуді тапсырды. “Инженерлік инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қала әкімдігінің тұрақты бақылауында болады”, — деп сендірді шаһар басшысы.

Осы тұста қоса кетер тағы бір мәселе, Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының төрағасы А.Мәдидің төрағалығымен көшпелі комиссия мәжілісі өткен-ді. Көшпелі мәжіліс барысында комиссия мүшелері қала аумағындағы бірқатар өзекті мәселелерді зерделеп, нысандардың жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, Отырар секторындағы көпқабатты тұрғын үйлерде тұрғындар тарапынан көтерілген жертөлелерге жауын суының жиналуы, шатырдан су ағу, пәтерлердің көгеруі және инженерлік жүйелерге қатысты мәселелер қаралды.

Сонымен қатар, Бірлік пен Сауран секторларында балалар ойын алаңшасының жағдайы, кәріз жүйесінің жұмысы, мектеп маңындағы инфрақұрылым мәселелері, спортзал ғимараты мен көшелерді абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары назарға алынды.

Бекзат секторында кәріз жүйесіне абоненттік қосылу, ауыз сумен қамту, асфальт жамылғысын қайта қалпына келтіру мәселелері қаралып, атауы жоқ саябақ пен Балтакөл тас жолы бойындағы аллеяның қазіргі ахуалы зерделенді.

Сондай-ақ, Шауғар секторында мердігер мекеме жүргізген кәріз жүйелерінен кейінгі көшелердің жағдайы қаралып, тиісті орындарға анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Көшпелі мәжіліс соңында комиссия мүшелері «Түркістан жарық-тазалық» мекемесіне қарасты қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысымен танысып, санитарлық талаптардың сақталуы мен нысанның жалпы жағдайына назар аударды.

Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер тұрақты комиссияның бақылауына алынып, жауапты бөлімдер мен мердігер мекемелерге оларды заңнама талаптарына сәйкес шешу және анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Түйіндей айтсақ, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту – бүгінде елдегі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту бағытындағы ұлттық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тозған инженерлік желілерді азайтуға қомақты қаржы бөлінуде. Түркістан облысында да кәріз, ауыз су және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ондаған жоба іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік инфрақұрылым құрылысы халыққа қолайсыздық туғызбауы, ал мердігерлер атқарылған жұмыстың сапасы мен бүлінген аумақтарды толық қалпына келтіруге толық жауапты болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен. Сондықтан Түркістанда қазба жұмыстарынан кейін көшелерді, жол жабындылары мен абаттандыру нысандарын уақытылы қалпына келтіру, мердігерлердің жауапкершілігін күшейту және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету – тұрғындардың мемлекетке деген сенімін арттыратын маңызды талаптардың бірі. Өйткені сапалы инфрақұрылым – жайлы қала мен қауіпсіз өмірдің басты кепілі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You