Түркістандағы базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр

Loading

Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеттік келбетін талқылауға арналған кезекті жиында сөз болды. Мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырырылуы жоспарланған бірқатар бастамалар қаралды.

Жиын барысында 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды. Өңір басшысы әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Ол сәулеттік талаптардың сақталуына һәм заманауи үрдістер үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтып, жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу мен Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылықты арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру мен туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін “electroсar” бағытын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр.

Одан бөлек Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер жолдарын салу мен көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.

Мәжіліс соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы мен Түркі елдерінің орталығын салу жобасы баяндалды.

Естеріңізде болса, маусымның 9-ында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы құрылыс саласының өзекті мәселелеріне арналған мәжіліс өткен-ді. Онда Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Н.Нақбаев саладағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, бүгінде қалада 5 қабатты 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 13-інің құрылысы толық аяқталып, қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары атқарылып жатыр. Қалған 9 тұрғын үйді пайдалануға беру биылғы шілде айына жоспарланған.

Сондай-ақ, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылысы жалғасу үстінде. Қазіргі таңда нысандардың дайындық деңгейі 80 пайызды құрайды. Келісімшартқа сәйкес оларды маусым-шілде айларында аяқтау көзделген.

Теріскей және Баянауыл көшелеріндегі спорт кешендерінің құрылысы да — аяқталу сатысында. Бүгінде құрылыс жұмыстарының орындалуы 95 пайызға жетіп, нысандарды пайдалануға беру маусым-шілде айларына жоспарланып отыр.

Мәжілісте жаңа жобалар да талқыланды. Атап айтқанда, индустриялық аймақты кеңейту мақсатында 88 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізу жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

Жиын қорытындысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық құрылыс жобалары сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір нысан Түркістан қаласының сәулеттік келбетіне сай болып, тұрғындардың қажеттілігі мен сұранысына жауап беруі қажет екенін айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап өту керек, Түркістанда қаланың келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгінде шаһарда жаңа қоғамдық кеңістіктер салынып, жасыл аймақтар көбейіп, инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, Түркістанды заманауи әрі қолайлы қалаға айналдыруға бағытталған.

Осы мақсаттағы жұмыстардың орындалу барысын бақылау үшін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын ұдайы аралап, жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктейді.

Түнеугүні шаһар басшысы Кентау тас жолы бағытындағы айналма жол бойында салынып жатқан желілік саябақтың құрылыс алаңында болды. Жалпы аумағы 17,8 гектарды құрайтын бұл жоба Түркістанның жаңа демалыс орындарының біріне айналмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 50 пайызға жеткен. Жоба аясында 150 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған заманауи серуендеу және тынығу кеңістіктері жасалады.

Сондай-ақ, аралау барысында С.Қожабаев көшесіндегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-күйі қаралды. Қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтау, жасыл желектерді күтіп-баптау және қала көшелерінің эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Қала басшысы аралау барысында Жаңа қала аумағында салынатын Орталық алаңының жобасымен танысты. Бұл нысан ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жастардың патриоттық рухын нығайтып, қала келбетіне ерекше сән беретін маңызды қоғамдық кеңістік болмақ. Қала әкімі Орталық алаңның сәулеттік шешімдері сапалы әрі мазмұнды болуы керектігін атап өтіп, жобаны жоғары деңгейде және белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды.

Түркістанда қолға алынған әрбір құрылыс пен абаттандыру жобасының басты мақсаты тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қаланың көркін арттыру болып табылады. Түркістан бүгінде тарихи-рухани орталық қана емес, заманауи урбанистика мен туризм тоғысқан жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Соңғы жылдары қалада қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жобалар кешенді түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы ретінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі туристік және инвестициялық орталыққа айналдыру міндетін қойған болатын. Осы тұрғыдан алғанда, базар аумағын туристік тартымды кеңістікке айналдыру, жаяу бағыттарды көбейту, сәулеттік келбетті жаңғырту, қоғамдық орындарды абаттандыру және жаңа демалыс аймақтарын қалыптастыру – қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды қадамдар. Себебі қазіргі әлемдік тәжірибе көрсеткендей, туристерді тек тарихи ескерткіштер ғана емес, жайлы қалалық орта, ерекше қоғамдық кеңістіктер, ұлттық мәдениет пен сапалы сервис те қызықтырады. Сондықтан Түркістанның әрбір жаңа жобасы қаланың келбетін көркейтіп қана қоймай, өңір экономикасына серпін беріп, оның халықаралық туристік бәсекеге қабілеттілігін күшейте түседі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You