![]()
Шымкентте экономикалық қауіпсіздікті нығайту, бюджет қаражатының заңды әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және заңсыз ақша айналымы мен экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков мәлімдеді.
Бүгінде басты назар құқық бұзушылықты анықтап, оның салдарын жоюға ғана емес, ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтап, олардың алдын алуға бағытталған. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың қызметіне талдау жүргізіліп, бюджет шығыстары зерделенеді, мемлекеттік сатып алуларға тұрақты мониторинг жасалып, қаржылық тәуекелдер бағаланады.
Бұл жұмыста цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері де кеңінен қолданылуда. Деректерді кешенді талдау арқылы тәуекелі жоғары жобаларды алдын ала анықтауға, күмәнді қаржылық операцияларға назар аударуға және бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік бар.
Жүргізілген профилактикалық шаралардың нақты нәтижесі де бар. 2025 жыл және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті атқарушы органмен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 23,4 миллиард теңге бюджет қаражатының үнемделуі қамтамасыз етілген. Бұл негізсіз жоспарланған шығыстарды қысқарту, мемлекеттік сатып алулардағы тәуекелдерді анықтау және алдын ала қаржылық бақылау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы жүзеге асқан.
Сонымен қатар өткен жылы анықталған 84 қылмыстық іс бойынша мемлекетке келтірілген залал 15,9 миллиард теңгені құраған. Оның 7,5 миллиард теңгесі мемлекетке қайтарылды.
Мамандардың пайымынша, экономикалық қауіпсіздіктің негізгі көрсеткіші – анықталған құқық бұзушылықтардың саны ғана емес, олардың алдын алу арқылы сақталған қаржы көлемі. Сондықтан алдағы кезеңде тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге, цифрлық талдау құралдарын кеңейтуге және бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыруға басымдық беріледі. Негізгі мақсат – бюджет қаражатын сақтау ғана емес, мемлекеттік қаржының әрбір теңгесін тиімді жұмсап, оның нақты қоғамдық нәтижеге бағытталуын қамтамасыз ету.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
