![]()
Түркістанның туристік әлеуетін арттырып, заманауи инфрақұрылымын дамытуда инвестициялық жобалардың маңызы зор. Алайда тарихи шаһар үшін жаңа нысандардың санымен қатар, олардың сәулеттік келбеті, орналасу үйлесімі, инженерлік және көлік инфрақұрылымымен байланысы да айрықша мәнге ие. Осы талаптарды ескере отырып, қала аумағында жүзеге асырылатын құрылыс және инвестициялық жобалар тұрақты түрде сараланып келеді.
Осы бағытта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қалалық қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтіп, қалада іске асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық және құрылыс жобалары қаралды.
Кеңес отырысында әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін қонақ үй кешені, дәмхана, автосалон, детейлинг орталығы мен мейрамхана жобалары таныстырылды. Сонымен қатар Отырар шағынауданының 160-кварталында салынатын бизнес орталығы, сауда және ойын-сауық орталығы, террассасы бар мейрамхана, май ауыстыру және техникалық қызмет көрсету орталығы, қонақ үй және бизнес орталығының жобалары талқыға түсті.
Жобаларды «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков пен жоба авторлары таныстырып, болашақ нысандардың сәулеттік шешімдері, функционалдық ерекшеліктері, инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы және қолданыстағы қала құрылысы талаптарына сәйкестігі туралы баяндады.
Кеңес мүшелері әр жобаны жан-жақты қарап, олардың қаланың бас жоспарына сәйкестігіне, сәулеттік келбетіне, функционалдық тиімділігіне және инвестициялық әлеуетіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Нәтижесінде бірқатар жоба бойынша тиісті шешімдер қабылданып, кейбір жобаларға ескертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.
Тарихи қалаға сай заманауи сәулет
Түркістан үшін жаңа құрылыс тек экономикалық белсенділікті арттыратын нысан емес, қаланың келешек келбетіне әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан әрбір жобаның тарихи және сәулеттік ортаға үйлесуі — басты назарда.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы инвестициялық жобаларды қарау кезінде құрылыс сапасымен бірге нысандардың қаланың даму тұжырымдамасына сәйкестігіне басымдық беру қажеттігін атап өтті.
«Біз үшін әрбір инвестициялық жоба тек жаңа нысан салумен шектелмеуі керек. Оның сәулеттік сапасы, қаланың даму тұжырымдамасына сәйкестігі, инженерлік және көлік инфрақұрылымымен үйлесімділігі басты назарда болуы қажет. Түркістанның тарихи мәртебесіне сай келетін заманауи әрі сапалы жобалар кеңес мүшелерінің шешімімен қолдау табады», – деді қала әкімі.
Бұл ұстаным облыс деңгейінде қаралып жатқан сәулеттік жобалардан да көрініс табады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің отырысында өңірдің сәулеттік келбетін жақсартуға, туристік әлеуетін арттыруға және инвестиция тартуға бағытталған 11 жоба қаралды.
Жиында облыс әкімі жобалардың сапасына, заң талаптарының сақталуына және сәулеттік шешімдердің өңірдің бірегей келбетіне сай болуына ерекше назар аударды. Яғни Түркістанда құрылыс қарқынын арттырумен қатар, әр нысанның қаланың тарихи болмысы мен заманауи даму бағытына үйлесуіне талап күшейіп отыр.
Медициналық туризмге жаңа мүмкіндік
Сәулеттік жобалар қатарында Түркістанның туристік және медициналық әлеуетін ұштастыратын маңызды жоба да бар. Жергілікті кәсіпкерлер құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын медициналық туризм орталығын салу жобасын таныстырды. Нысан толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ.
Медициналық туризм орталығының бой көтеруі Түркістанның туристік бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Қасиетті мекен ретінде қалыптасқан шаһарға келетін туристер үшін мәдени-тарихи нысандармен қатар, заманауи медициналық қызметтердің қолжетімді болуы қаланың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл жоба жеке инвестицияның әлеуметтік және экономикалық маңызы бар салаларға бағытталып отырғанын да көрсетеді.
Сауда мен қызмет көрсету инфрақұрылымы кеңейеді
Инвестициялық жобалардың тағы бір маңызды бағыты – тұрғындар мен қала қонақтарына қажетті сауда және қызмет көрсету орындарын көбейту.
Жеке инвесторлар өз қаражаты есебінен Түркістанда жалпы аумағы 1,6 гектар болатын заманауи сауда және ойын-сауық орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жанармай құю станциясы, автокөлікті кешенді күтіп-баптау орталығы, мейрамхана мен қонақ үй салу жобалары ұсынылды.
Бұл нысандардың іске қосылуы қаладағы қызмет көрсету инфрақұрылымын толықтырып, тұрғындар үшін жаңа сервистік мүмкіндіктер қалыптастырумен қатар, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етпек. Алайда мұндай нысандарды орналастыру кезінде олардың қала жолдарына, инженерлік желілерге және жалпы инфрақұрылымға түсіретін жүктемесі де ескеріледі.
Ұлттық нақыш пен заманауи талап сабақтасады
Түркістанның өзіндік сәулеттік стилін қалыптастыруда ұлттық және шығыстық архитектура элементтерін заманауи шешімдермен үйлестіру де маңызды бағытқа айналып келеді.
Кеңес барысында кәсіпкерлердің бірі шығыс сәулет үлгісі мен ұлттық нақышты үйлестіретін таунхаус кешенінің жобасын таныстырды. Жобада өңірдің сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып, заманауи тұрғын үй ортасын қалыптастыру көзделген.
Мұндай жобалар Түркістанның өзіндік архитектуралық болмысын айқындай түсіп, қаланың тарихи келбетіне нұқсан келтірмей, жаңа құрылыс мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, қалалық және облыстық деңгейдегі сәулеттік кеңестерде қаралған жобалардың барлығына жауапты тұлғалар мен инвесторларға нақты ұсынымдар берілді. Мақұлданған жобалардың сапалы әрі заң талаптарына сай жүзеге асырылуы бақылауға алынды.
Түркістан бүгінде тарихи мұрасын сақтай отырып, заманауи қалалық орта қалыптастыру кезеңінде тұр. Сондықтан әрбір жаңа ғимарат қаланың бүгінгі келбетіне ғана емес, оның ертеңгі архитектуралық бейнесіне де әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, инвестиция тарту мен құрылыс жүргізудің басты өлшемі – нысанның көлемі немесе құны ғана емес, оның қала өміріне қосатын нақты үлесі, тұрғындарға қолайлылығы және тарихи Түркістанның айрықша сәулеттік болмысымен үйлесімі.
Алдағы уақытта жүзеге асатын жаңа жобалар осы талаптарды ұштастыра отырып іске асса, инвестициялық белсенділік қаланың экономикалық дамуына ғана емес, Түркістанның туристік тартымдылығы мен заманауи қалалық мәдениетінің қалыптасуына да серпін бермек.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
