Созақ ауданы әкімі тарапынан Раң елді мекеніндегі жұмыстар бақылауға алынған

Loading

Созақ ауданында елді мекендердің қауіпсіздігі мен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Раң елді мекеніне арнайы барып, табиғи жағдайдан кейінгі ахуалды бағалап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Аудан басшысы алдымен 22 шілдеде жауған нөсер жаңбырдан кейінгі жағдайды бақылауына алды. Мол жауын-шашын салдарынан Раң өзенінің суы белгілі бір уақыт аралығында көтеріліп, өзен арнасында қиыршық тастар жиналып, су шайған жыралар пайда болған. Дегенмен, табиғи құбылыс тұрғын үйлерге, инфрақұрылым нысандарына және халықтың мүлкіне залал келтірген жоқ.

Қазіргі таңда өзен арнасын қалпына келтіріп, жағалауды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа «Central Asia Mining Co» ЖШС-нің екі арнайы техникасы және «Созақ сәулет» КММ-нің бір техникасы жұмылдырылған. Техника күшімен өзен арнасындағы шайылған және жиналған топырақ пен қиыршық тастар ретке келтіріліп, су өткізу арнасының жағдайы жақсартылуда.

Раң елді мекенінің тау бөктерінде орналасқанын ескерген аудан әкімі су арналары мен өзен маңын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Жауын-шашын кезінде болуы мүмкін қауіптердің алдын алу үшін жауапты мамандарға өзен арнасын ретке келтіру жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы елді мекеннің абаттандырылуына бағытталған жобалардың орындалу барысына да назар аударды. Атап айтқанда, «Ақбастау БК» АҚ демеушілігімен салынып жатқан саябақ пен ондағы сахна құрылысының жұмысымен танысты. Аудан әкімі нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне жобада қарастырылған талаптарды сақтауды және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Раңдағы бұл жұмыстардың барлығы елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық кеңістікті жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыруға негіз болып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You