![]()
Кентау қаласында балалардың белсенді қозғалысын, салауатты өмір салтын және экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған плоггинг шарасы ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шараға бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар қатысты. Қатысушылар спорттық жарыс түрінде жүгіріп, жолай кездескен қоқыстарды жинады. Осылайша, дене белсенділігі мен қоршаған ортаға қамқорлықты қатар ұштастырды.
Плоггинг балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып қана қоймай, тазалыққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуді көздеді. Шара барысында қатысушылар туған қаланың тазалығына үлес қосудың маңызын іс жүзінде көрсетті.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар арқылы балаларды белсенді өмір салтына баулып, қоғамдық ортаға жанашырлық танытуға шақыруды мақсат етті. Шара соңында белсенді қатысушыларға сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды.
“Кентауда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спорттық белсенділік пен қоғамдық пайдалы бастамаларды ұштастыратын шаралар жалғаса береді”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
