![]()
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген төрт тұрғын жұмысқа орналасу, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің ғимараты және жер мәселелеріне қатысты сауалдарын ортаға салды.
Көтерілген мәселелердің бірі – тұрақты жұмысқа орналасу. Жоғары білімді тұрғын өз мамандығына сәйкес қызмет табуға жәрдемдесуді сұрады. Өтінішті қарау барысында аудан әкімі Мансап орталығына азаматтың білімі мен кәсіби бағытына сай бос жұмыс орындарын зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар Шорнақ ауылдық округінің әкімдігі мен аудандық білім бөліміне қолда бар жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыру міндеттелді.
Қабылдау барысында №12 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің ғимаратына қатысты мәселе де көтерілді. Осыған байланысты аудандық білім бөліміне нысанның қазіргі жағдайын, мекеменің қажеттілігін зерделеп, қолданыстағы мүмкіндіктерді ескере отырып, мәселені шешу жолдарын ұсыну тапсырылды.
Тұрғындар тарапынан тұрғын үйге арналған жер телімі мен алты гектар суармалы жерге қатысты өтініштер де айтылды. Бұл мәселелер бойынша жер қатынастары бөліміне және тиісті ауылдық округ әкімдіктеріне жер учаскелерінің құжаттарын тексеріп, өтініштерді қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарастыру тәртібін түсіндіру жүктелді.
Жеке қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың өтініштерін тыңдап қана қоймай, оларды шешудің нақты тетіктерін айқындау. Осыған орай жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
