![]()
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Сауран ауданында «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы ұйымдастырылды. Кездесу сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспар аясында өткізілді.
Іс-шараға Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері қатысып, тұрғындарға өз саласына қатысты мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Азаматтар тұрғын үй мәселелері бойынша көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан жеке кеңес алды.
Кездесу барысында тұрғын үй саласындағы мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу тәртібі, өтініш беру жолдары және қажетті рәсімдерге қатысты ақпарат ұсынылды. Мұндай тікелей байланыс азаматтарға өз мәселесін жауапты мамандарға жеткізіп, қызмет алу кезінде туындайтын түсініксіз жайттарды нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер үшін халықтың сұранысын зерделеп, азаматтарды толғандырған мәселелерді түсіндірудің тиімді тәсілдерінің бірі саналады.
Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде азаматтардың уақытын үнемдеу, өтініштерді қарау тәртібін түсінікті ету және қызмет алушылардың қажеттіліктеріне бағдарлану маңызды талаптардың қатарына жатады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қызмет алушылар күні» сияқты кездесулер мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қызметтерге қатысты ақпараттың қолжетімді болуы азаматтардың тиісті рәсімдерден кедергісіз өтуіне көмектеседі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, халықпен ашық диалог орнату, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау және кері байланысты дамыту. Мұндай кездесулер мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың сұранысына бейімдеуге, қызмет көрсету мәдениетін жетілдіруге және мемлекеттік органдарға деген қоғамдық сенімді қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
