АДЫРБЕКОВ КӨШЕСІНІҢ БІР БӨЛІГІ УАҚЫТША АШЫЛДЫ

Темір тұлпарды тізгіндегендердің құлағына алтын сырға! Адырбеков көшесінің Жібек жолы көшесінен Иляев көшесіне дейінгі аралығы көлік жүргізушілері үшін уақытша ашылды. Жалпы Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталып пайдалануға беру жоспарланған.

Көлік кептелісін азайту мақсатында жасалған техникалық ашылуға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, атқарылған жұмыс барысымен танысты.

Ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рыскұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тротуар, жарық шамдар қою көзделген.

2018-2020 жылдары Рысқұлов көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі аралықты қамтитын 800 метр жолға қайта құру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Жібек жолы көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі аралықта қайта құру жұмыстары атқарылуда.

Ал Жібек жолы көшесінен Иляев көшесіне дейін асфальт төсемінің екінші қабаты төселіп, Иляев көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі жерде инженерлік жүйелердің орны ауыстырылуда және жолдың қазаншұңқыры дайындалуда.

Айта кетейік, күні кеше шаһар басшысы Д.Қонаев даңғылының жалғасын көлік қозғалысы үшін ашқан еді. Бүгінде аталған нысанда құрылыстың ІІІ кезеңі жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қонаев даңғылының құрылысын бақылап, жұмыс барысын тексерді.

Осы тұста айта кетейік, биыл шаһардағы 190 нысан немесе 352 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымынан астамын пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі.

2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспары аясында әр жыл сайын 200 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.