Азық-түлік қауіпсіздігі: Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді

Бүгін Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы ең ауқымды халықаралық іс-шаралардың бірі — «AGRITECH TURKESTAN & GROWTECH SHYMKENT-2025» көрмесі өз жұмысын бастады.

Бұл көрме Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында атап көрсетілген ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Іс-шараның басты мақсаты — ауыл шаруашылығы мен жылыжай шаруашылығы, өсімдік өсіру мен суару жүйелері, бау-бақша және агротехнологиялар салаларындағы заманауи жетістіктер мен инновациялық шешімдерді ұсыну, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және отандық пен шетелдік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Биылғы көрмеге Қазақстанмен қатар Түркия, Нидерланд Корольдігі, Қытай, Ресей, Өзбекстан және өзге де елдерден 80-нен астам жетекші компания қатысуда. Сонымен қатар іс-шараға Анталия сауда-өнеркәсіп палатасының делегациясы мен құрамындағы 30-дан астам түрік компаниясы арнайы келді.

Көрме аясында «Шаруа–2025» семинар-конференциясы өтіп, онда агросаланы дамыту мен фермерлерге қолдау көрсету, су ресурстарын тиімді пайдалану, экспорттық әлеуетті арттыру және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Көрменің ресми ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов сөз сөйлеп, іс-шараның стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл халықаралық көрме ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа идеялар мен серіктестіктердің бастауы болмақ.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын инновациялау мен технологиялық жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде белгіледі. Осы бағытта Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде», — деп атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You