![]()
Түркістан қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік мен нысандардың қауіпсіздігі – әрқашан бірінші орында. Түнеугүні шаһардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің деректеріне сәйкес, ағымдағы жылы қала аумағындағы 200 бейнебақылау камерасы толық жаңартылып, қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылды.
Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 275 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Жаңа құрылғылар адамдар көп жиналатын аумақтарға, жаяу жүргіншілер қозғалысы жоғары аймақтарға және жарықтандыру деңгейі төмен учаскелерге орналастырылатын болады. Аталған шаралар Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін күшейтуге, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және қылмыстың алдын алу тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Бұл мәселе Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте де талқыланды. Жиында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпсіз пайдалану жағдайы, ақылды аялдамалар мен «Ерекше мәртебе» Заңы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қаралды.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрболат Кенжебаевтың баяндауынша, 2025 жылы азаматтық қорғау саласындағы оқу-жаттығулар саны 2 595-ке жетіп, 43%-ға артқан. Қалалық нысандардың қауіпсіздік деңгейі бойынша 604 нысан жоғары тәуекелді, 87 нысан елеулі және 11 206 нысан елеусіз деп танылған.
Биыл 145 тексеру жүргізіліп, оның 53%-ы профилактикалық тұрғыда, 47%-ы жоспардан тыс жүргізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 8 тұлғаға айыппұл салынған.
Қала әкімі Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп базар аумағында және ішкі көшелерде жаңартылған тақырыптық баннерлер орнатуды, сондай-ақ жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық орындарда полиция нарядтарын күшейту және қауіпсіздік хабарламаларын қала тұрғындарына кеңінен насихаттауды тапсырды.
«Газ инспекциясы» КММ деректеріне сәйкес, табиғи газға қосылған абоненттер саны 46 270-ке жеткен, оның ішінде жеке үйлер – 33 833, көпқабатты үйлер – 12 437. Жыл басынан бері 43 626 абонент тексеріліп, 40 770 пайдаланушы газды дұрыс пайдаланып отыр, 2 856 кемшілік анықталған.
Кәсіпкерлік нысандар бойынша 847 объектінің 189-ы тексеріліп, 45 нысанда кемшілік табылды, оның 28-і толық жөнделді. Мектептер мен балабақшаларда газ қауіпсіздігі бойынша ескертулер жасалып, рейдтік шаралар жүргізілуде.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлының баяндамасына сәйкес, Түркістан қаласында кәсіпкерлік және туризм саласында 13 функция бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қолөнершілерді қолдау бағдарламасы іске қосылып, шығындардың 25%-ына дейін субсидия беріледі. Сауда объектілерін орналастыру қағидалары мен гид-экскурсоводтарды оқыту бағдарламалары талқыланды.
Сәулет және қала құрылысы бөлімі орталықтағы нысандардың дизайн-кодқа сәйкестігін қадағалап, түзету мерзімдерін белгілеп, мерзім бұзылған жағдайда қосымша шаралар қолданылмақ.
Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы барлық тапсырмалардың мерзімінде және нақты орындалуы қажеттігін, сондай-ақ әрбір кемшіліктің қаланың дамуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.
Қауіпсіздік демекші, жуырда Түркістан қаласы тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруге, құқықтық тәртіпті күшейтуге арналған заманауи инфрақұрылыммен толықты. Түркістан төрінде қалалық прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Екі қабатты нысанның салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасының Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов пен облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс әкімі прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимаратпен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Қасиетті шаһарда құқық пен әділеттің жаңа ордасы бой көтеріп отыр. Бұл – тарихи сабақтастықтың белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «заң үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі» екенін үнемі айтады. Президентіміз «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұсынып, осы міндетті орындауда прокуратура органдарына маңызды міндет жүктеп отыр. Ал құқық қорғау саласы мүлтіксіз әрі сапалы қызмет етуі үшін оларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте бүгін ашылған ғимарат сіздердің жұмыстарыңызға серпін береді деп ойлаймын», – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы бұл – заңға деген құрметтің, әділдікке деген сенімнің белгісі екенін айтты.
Жаңа прокуратура ғимараты – тек кеңсе емес. Бұл – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың өтініштеріне жедел және сапалы жауап беруге арналған заманауи орталық. Ғимараттың құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталып, жыл соңында толық аяқталған. Тапсырыс беруші – «Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ. Құрылыс жұмыстарын «Нұр-Строй 2012» ЖШС жүргізді. Ғимарат заманауи техникалармен жабдықталған, ішінде барлық жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Қызметкерлердің бөлмелері, үлкен жиналыс залы, ас бөлмесі, жаттығу бөлмесі, жабық спорт залы және автотұрағы бар.
«Қасиетті Түркістанда құқық пен әділеттіліктің заманауи орталығының ашылуы – тұрақтылық пен заң үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл бағытта прокуратура органдарының рөлі ерекше, ал тиімді жұмыс үшін қолайлы жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Түркістан қаласының тұрғындарына сапалы құқықтық қызмет көрсетуді күшейтуге бағытталған бұл бастама игілікті қызметке жол ашады деп сенеміз», — дейді шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
