
Шымкент қаласы сібір жарасы ауруы бойынша қолайсыз аймақтардың бірі саналады. Аурудың табиғи ошақтары көршілес Түркістан облысы аумағында да кездесетіндіктен және тұрғындардың ауыл шаруашылық малдарымен тығыз байланыста болуы инфекцияның таралу қаупін арттырады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Сібір жарасының алдын алу туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мелесқызы Тұрымбетова мен Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Ерлан Унгарбайұлы Аденов мәлімдеді.
2025 жылы мегаполисте сібір жарасының зертханалық жолмен расталған үш жағдайы тіркеліпті. Ауруға шалдыққандардың бірі — 14 жастағы бала, екіншісі — жасөспірім, ал үшіншісі — ересек азамат. Олардың екеуі Шымкент қаласының тұрғыны болса, біреуі Түркістан облысы Бәйдібек ауданынан келген.
Өткен жылы қалада мұндай жағдай тіркелмеген болатын.
Ағымдағы жылы науқастар Түркістан облысында лажсыздан сойылған ауыл шаруашылығы малдарының (сиыр, қой, лақ) еттерін боршалау мен сойылған етті осып, ішек-қарнын тазалап жайғастыруға қатысқан соң ауруға шалдыққан. Қалада 2025 жылдың маусым-шілде айларында сібір жарасының әкелінген жағдайлары Түркістан облысында лажсыздан сойылған ірі және уақ малдардың союына қатысумен жұқтырған. Науқастар Шымкент қаласына келіп, медициналық көмекке жүгінген кезде анықталған.
Науқастармен байланыста болған 15 адам медициналық бақылауға алынды. Қазіргі таңда олардың арасында сібір жарасына күдіктілер анықталған жоқ. Сонымен қатар, күдікті ет өнімдері арнайы белгіленген «Беккари» шұңқырына залалсыздандыру мақсатында тасталды.
Алдын алу шаралары аясында қалада эпидемиологиялық және ветеринарлық іс-шаралар жүргізілуде. Қауіпті топқа жататын 635 адамның 92,4%-ы (587 адам) сібір жарасына қарсы вакцинамен қамтылды.
Сібір жарасы (медицинада — күйдіргі) — «Bacillus anthracis» бактериясы арқылы таралатын зоонозды инфекциялық ауру. Бұл бактерия қоршаған ортада спора түрінде ұзақ уақыт сақталып, жоғары төзімділік көрсетеді.
Аурудың негізгі көзі — ірі қара, қой, ешкі, түйе, шошқа және жылқы сияқты үй жануарлары. Адамға ауру көбіне ауру малмен тікелей жанасу кезінде немесе ластанған ет, су және топырақ арқылы жұғады. Ауру адамнан адамға жұқпайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
