Еліміз жаңа энергия көздеріне мұқтаж — министрлік

Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімін әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Оның шеңберінде электр энергиясын өндіру мен тұтынудың болжамды мәндерін, жаңа өндіруші қуатты іске қосудың қажетті көлемі мен құрылымын есептей отырып, энергетикалық кешенді дамытуды модельдеу жұмысы жасалды.

2035 жылға қарай электр жүктемесінің ең жоғарғы көрсеткіші 22,7 ГВт деңгейіне жетеді.

10% дейінгі көлемде қуат резервін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, 2035 жылға қажеттілік 24 ГВт-ты құрайтын болады.

Энергетикалық теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 153 млрд кВт/сағ құрайды.

Уақыт өте келе істен шығуы болжанып отырған электр қуатының көлемін назарға ала отырып, отандық энергия жүйесі жаңа энергия көздеріне өте мұқтаж.

«Сондай-ақ генерациялау секторына экологиялық әсерді төмендету, оның ішінде парниктік газ шығарындыларын азайту (2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейге қарағанда 15% төмендету), 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде қабылданған міндеттемелер бойынша бірқатар факторлар әсер ететінін атап өту қажет. Осыған байланысты 2035 жылға дейін 10 ГВт-тан астам электр қуатын, оның ішінде шамамен 6,5 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін (көбінесе жел станцияларын) енгізу жоспарланған» делінген хабарламада.

Күн және жел электр станцияларының электр энергиясын өндіру-тұтынудың тәуліктік кестесіне теріс әсерін барынша азайту мақсатында ЖЭК объектілерінің электр энергиясын жинақтау жүйелерін қолдану жөніндегі талаптар енгізіледі.

Өкінішке қарай, ауа райы жағдайына, жыл және тәулік уақытына байланысты ЖЭК объектілерінен электр энергиясын өндірудің тұрақсыздығын ескере отырып, оларды елдің энергия жүйесіндегі базалық қуат көздері ретінде қарау мүмкін емес.

Халықаралық қаржы ұйымдарының көмір электр станцияларын салу жөніндегі жобаларды қаржыландырудан жаппай бас тартуына байланысты жаңа көмір генерациясын одан әрі енгізу мүмкіндігі шектеулі.

Осыған байланысты елдің энергетикалық теңгерімінде базалық генерацияның жаңа көзі ретінде белгіленген қуаты 2,4 ГВт-тан кем болмайтын атом электр станциясы көзделген.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.