Измир мэрі Түркістанға арнайы ат басын бұрып, қаланың тарихи-рухани мұрасымен танысты

Loading

Түркияның Измир қаласының мэрі Джемиль Тугай бастаған ресми делегация Түркістанға арнайы іссапармен келді. Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қарсы алып, шаһардың тарихи-мәдени және рухани орындарын таныстырды.

Алдымен делегация «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл – түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы тоғысқан, Түркістанның тарихи келбетін айқындайтын басты нысандардың бірі.

Қала әкімі қонақтарға Түркістанның тарихи мұрасы, қаланың бүгінгі туристік әлеуеті және соңғы жылдары қалыптасқан жаңа мәдени-туристік ортасы туралы айтып өтті.

Сапар барысында Измир мэрі бастаған делегация музей-қорықтың «Сирек жәдігерлер залына» да кіріп, XIV–XV ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлермен танысты. Қонақтарға Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасы, кесененің тарихы және Түркістанның түркі әлеміндегі тарихи орны жөнінде кеңінен мәлімет берілді.

Түркістанға арнайы келген делегация үшін бұл сапар қаланың терең тарихын ғана емес, оның бүгінгі даму бағытын да тануға мүмкіндік берді.

Измир мен Түркістан – тарихы терең, мәдениеті қалыптасқан, туризмді дамытуға әлеуеті жоғары қалалар. Сондықтан мұндай кездесулер екі шаһар арасындағы байланыстарды жаңа бағыттармен толықтырып, мәдениет, туризм, инвестиция және бауырластық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Еске салайық, Измир – Түркияның батысындағы тарихы мыңжылдықтармен сабақтасып жатқан, мәдениеті мен экономикасы қатар дамыған ірі қалалардың бірі. Эгей теңізі жағалауындағы шаһардың туризм, мәдениет және халықаралық байланыстар саласында өзіндік орны бар. Ал Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде өзінің тарихи мұрасын заманауи даму бағыттарымен ұштастырып отырған көне қала. Осы тұрғыдан алғанда, екі шаһар арасындағы байланыстың кеңеюі мәдени сабақтастықты нығайтып қана қоймай, туризм, инвестиция, шығармашылық индустриялар мен бауырластық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашатыны анық.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You