
Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қала прокуратурасы мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ауыл әкімдері мен бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ қала кәсіпкерлерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.
Жиын барысында қала әкімі Жандос Тасов кәсіпкерлер тарапынан бұрыннан көтеріліп жүрген өзекті мәселелерді тыңдап, олардың шешу жолдарын жан-жақты талқылады. Кәсіпкерлер тарапынан инфрақұрылым жеткізу мен жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат құжаттары мен бақылау процестері, шағын кәсіпкерлікті ұлғайту мен мемлекет тарапынан берілетін төмен пайызды несиелерге қол жеткізу бойынша ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар прокуратура және “Атамекен” палатасы өкілдері бизнестің құқықтық қорғалуы мен заң талаптарының дұрыс сақталуы, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жауапты тұлғаларға мерзімдерімен міндет жүктелді. Қала басшысы кәсіпкерлермен кездесу әрі қарай да жалғасатынын, әр ұсыныс назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Орайы келгенде айта өтейік, кентаулық көпбалалы әке мемлекеттік грант арқылы кәсібін өркендетіп отыр. Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы әке – Жанболат Үтепбаев мемлекеттік қайтарымсыз грант бағдарламасы аясында өз жобасын сәтті қорғап, табысты кәсіпкер атанды.
Жанболат «Жиһаз өндірісі» жобасын комиссия алдында таныстырып, кәсібінің болашағын жан-жақты дәлелдеді. Оның жобасы оң бағаланып, грант иегері атанды. Алынған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, көп жылғы тәжірибесін кәсіби деңгейде іске асыра бастады.
“Жиһаз жасау саласында жүргеніме 15 жылдан асты. Әр бұйым, шеберлік пен жауапкершілікті талап етеді. Грант маған жаңа мүмкіндік берді. Енді кәсібімді кеңейтіп, халыққа сапалы өнім ұсынуды жалғастырып келемін”, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде Жанболат өз ісін дөңгелетіп, тұрғындарға сапалы әрі заманауи жиһаз түрлерін ұсынып қана қоймай, еңбекқорлығы және табандылығымен көпшілікке үлгі болып жүр. Оның кәсібі – отбасына тұрақты табыс көзі, қала экономикасына қосылған үлес.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
