Кентау шаһарында абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі

Кентау қаласында абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Мәселен, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 8 аулаға балалар ойын алаңшалары, спорттық жаттығу элементтері мен кіші футбол алаңшалары орнатылу үстінде.

Осы ретте қала әкімі Жандос Тасов құрылыс барысын аралап, жұмыстың тиянақты әрі сапалы атқарылуын тапсырып, анықталған кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша жауаптыларға тапсырма берді.

Орайы келгенде айта өтейік, Кентау қаласында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Жаңа спорт нысаны 250 орынға арналған заманауи кешен болмақ. Екі қабатты ғимаратта түрлі спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Атап айтқанда, көркем гимнастика, бокс, жаздық және қысқы жаттығу залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар кабинеті және басқа да қосымша бөлмелер орналаспақ.

Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Қала әкімі жауапты мекемеге құрылыстың сапасына ерекше назар аударуды және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Қазіргі таңда нысанның іргетас құю жұмыстары аяқталу сатысында. Құрылыс толықтай 2026 жылы аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне берілмек.

Бұл жоба қала тұрғындарын және жастарды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Тағы бір атап өтерлігі, Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесі – шаһардың сәні мен тазалығын сақтап тұрған маңызды мекемелердің бірі. Қаланың саябақтары мен аллеяларын абаттандыру, гүлзарлар мен скверлердің көркін келтіру, тарихи және мәдени нысандарды күтіп ұстау, көшелерді көгалдандыру, жарықтандыру мен суару жұмыстарын ұйымдастыру – осы мекеменің негізгі міндеті. Күн сайын атқарылатын ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Кентау қаласы көркейіп, тұрғындардың сейіл құратын орындары жылдан-жылға жақсарып келеді. 

Ал, абаттандыру жұмыстары Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі №3, 5, 7 үйлердің, Ясауи даңғылы №96, 98, Абай даңғылы №11, Д.Қонаев даңғылы №33, Төле би көшесі №39, Ата-Түрік көшесі №52, Ерназаров көшесі №49, Құралбаев көшесі №28 және №92, Әл-Фараби көшесі №110, 114, Шоқан Уәлиханов көшесі №44, 48, 136, сондай-ақ Тұрар Рысқұлов көшесі №63 мекенжайларындағы аулаларда жүргізіліп жатыр.

«Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беруді көздейді. Алдағы уақытта өзге де аулаларды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You