Кентау шаһарында бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Кентау қаласына қарасты Құсшы ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартып, қоғамға үлгі боларлық игі бастама көтерді. Бұл қадам салауатты өмір салтын ұстануға және өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетуге арналған маңызды бастама болып табылады.

Ауыл ақсақалдарының бастамасымен тұрғындар мен кәсіпкерлердің қолдауына ие болған бұл іс нәтижесінде ауыл дүкендерінде ішімдік өнімдері сатылмайды. «Біз бұл істі ұрпағымыздың болашағы үшін бастадық. Салауатты өмір салтын ұстану – әрбіріміздің парызымыз», – дейді ауыл қариялары.

Құсшы ауылында қазіргі таңда 2024 тұрғын өмір сүреді. Негізгі кәсібі — бау-бақша және мал шаруашылығы. Ауылдың бірлігі мен татулығының арқасында жыл басынан бері ешқандай қылмыс тіркелмеген.

Құсшы ауылының бұл бастамасы рухани жаңғыру мен салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы жарқын үлгі екені анық.

Еске салайық, Түркістан облысында салауатты өмір салтын ұстанатын ауылдардың қатары артып келеді. Ішкі істер министрлігінің бастамасын қолдаған өңір тұрғындары ішімдіктен бас тартып, қоғамдық келісім мен тәртіпке негізделген жаңа өмір салтын қалыптастырып жатыр. Мамандар таратқан деректерге сүйенсек, бұл үрдісті қолдаған ауылдар саны бүгінде 70-ке таяу. Биыл олардың қатарына Төлеби ауданының Зағамбар, Алғабас және Тағайна ауылдары да қосылған. Зағамбар ауылында қазақтар мен өзбектер тату-тәтті өмір сүріп, ішімдіктен толық бас тартқан. Мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі нөлге тең, қоғамдық тәртіп айтарлықтай жақсарып, жастардың спорт пен білімге қызығушылығы артқан.

 «Облыс бойынша Дермене, Табысты, Жаңажол, Нұртас, Мәдениет және т.б. ауылдар ішімдік сатудан бас тартты. Бұл арақсыз ауылдар құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Бұл ауылдарда кейінгі бірер жылда қылмыс тіркелмеген, тәртіп пен тыныштық орнаған. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуға тиіс», — дейді өңірдің Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов.

Түркістан облысының полицейлері бұл бастама тәртіп пен қауіпсіздікке оң әсерін тигізетінін мәлімдеп отыр. Мәселен, ішімдік сатудан бас тартқан ерекше ауыл Сарыағаш ауданында орналасқан. 1500-ге жуық тұрғыны бар Мәдениет ауылының учаскелік инспектор Мұрат Төлегенов атап өткендей, екі жыл ішінде елдімекенде бірде-бір қылмыс болмаған.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары алкогольден бас тарту дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін айтып отыр. Өз кезегінде аудан тұрғындарының мұндай қадамы – олардың қауіпсіз қоғамға деген ұмтылысын көрсетіп тұрғандай. Бұл, әрине, отбасылық құндылықтарды нығайтады, өмір сапасын жақсартады және полицияның жұмысына деген сенімін арттырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You