Кентауда алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары пысықталды

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.

Алғашқы болып қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Данияр Байсейтов баяндама жасап, қала аумағындағы нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау және оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мәліметінше, Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде жүргізілген мониторинг жұмыстары нәтижесінде 25 нысан бойынша заңбұзушылықтар анықталған. Аталған нысандар жөнінде материалдар қалалық полиция бөліміне жолданып, тиісті шаралар қабылданған. Бүгінгі күнге дейін заңсыз салынған 16 нысан бұзылып, 19 нысанның меншік иелеріне әкімшілік айыппұл салынған. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Искаков баяндама жасады. Ол қысқы маусымға дайындық жұмыстарының барысы туралы мәлімет беріп, қала тазалығына жауапты мекемелердің дайындығына тоқталды.

Қала аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, жолдарды қардан тазалау және тайғақтың алдын алу мақсатында арнайы тұз себу жұмыстары үшін 10-ға жуық техника толық дайындықтан өткізілген. Сонымен қатар, қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін арнайы бригадалар жасақталған. Бригадалардың бірі — қала көшелерін қар мен мұздан тазалау, екіншісі — қураған және қауіпті ағаштарды кесу, ал үшіншісі — жолдарға құм себу жұмыстарын жүргізетін болады.

Жиынның соңғы бөлімінде қала аумағындағы ретке келтірілмеген аймақтар, тазалық пен абаттандыруға қатысты мәселелер қаралды. Бұл ретте қала әкімі тиісті бөлім басшыларына жұмыстарды жүйелеуді, анықталған кемшіліктерді жоюды және қысқы маусымға толық дайындықты қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.

Атап өтерлік жайт, Кентау қаласында «Өрт қауіпсіздігін сақтау» айлығы аясында мекемелерге түсіндіру жұмыстары атқарылуда. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және Арнайы кәсіптік көледжінде болып қызметкерлер және студент жастармен кездесті.

Кездесу барысында улы газдан уланудың алдын алу, электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндірілді. Колледж оқушыларына алғашқы өрт сөндіру құралын пайдалану тәртібі көрсетіліп, арнайы видеоролик ұсынылды.

Сонымен қатар Әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы емделушілерге өрт қауіпсіздігі ережелерін алдын-алу мақсатында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Осы ретте Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтың қатысуымен облыс аумағында 5 жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілгенін де айта өтейік.

Бұл нысандардың ашылуы төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін күшейту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жалпы, Кентау қаласы Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері қалалық газ қызметінің мамандарымен, “QAZAQGAZ AIMAQ” АҚ өкілдері және Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесе отырып, қаладағы Шоқан Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерде профилактикалық іс-шаралар өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты тұрғындар арасында улы газдан уланудың алдын алу, қауіпсіздік шараларын түсіндіру және тұрмыстық газ құралдарын пайдалану ережелерін сақтау маңыздылығын еске салу болды.

Мамандар әрбір пәтерді аралап, тұрғындарға газбен жылыту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау мен желдету жүйесін дұрыс пайдалану, жарамсыз жабдықтарды қолданбау және балаларды бақылаусыз қалдырмау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Бұдан бөлек Кентау қалалық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері республикалық «Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Жұмыстар қала аумағындағы сауда үйлеріне де ұйымдастырылды.

Кентау қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі қала тұрғындарына ескерту жасады. Нақтырақ айтқанда, жылыту маусымының басталуына байланысты әрбіріңіз өз қауіпсіздігіңізге мұқият болуларыңызды сұрайды. Пештеріңіз бен газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін тексеріп, ақауы болса дер кезінде жөндеу қажет. Пеш пен газ құбырларының мұржаларын тазалап, түтіннің еркін шығуын қамтамасыз ету қажет.

«Қаладағы тұрғын үйлерді аралау барысында көптеген үйлердің мұржалары дер кезінде тазаланбағаны анықталып, қыс маусымына дайын емес екендігі анықталды. Дегенмен, әр үй иесі өз баспанасының қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпаңыздар! Қауіпсіздік — әркімнің өз қолында! Түтін иісі шықса немесе газдың иісін сезсеңіз, бірден 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз», — дейді сала жауаптылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You