![]()
Кентауда қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі – асардың тәрбиелік және қоғамдық мәнін дәріптейтін «Асарлату» шарасы ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен бастама тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, көршілік ынтымақтастық пен өзара қолдаудың маңызын насихаттауға бағытталды.
Қазақ қоғамында асар – бір мақсат жолында жұрт болып жұмылып, бір-біріне қолдау көрсетудің дәстүрлі үлгісі. Оның мәні тек белгілі бір жұмысты бірлесіп атқарумен шектелмей, адамдар арасындағы татулықты, ауызбіршілікті және жауапкершілікті нығайтуымен ерекшеленеді. Бүгінгі «Асарлату» бастамасы да осы ұлттық дәстүрдің заманауи ортадағы жалғасын көрсетеді.
Шара Кентау қаласындағы Абай көшесінде орналасқан №4, 4А, 6 және 6А көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өтті. Оған мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Іс-шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов асар дәстүрінің қоғамдық маңызына тоқталып, тұрғындарды ортақ іске белсенді араласуға шақырды.
«Бүгінгі бастама – тек тазалық жұмыстарын жүргізу ғана емес. Бұл – өз ауламызға, өз көшемізге, өз қаламызға деген жауапкершілікті арттырып, көршілермен бірлесе әрекет етудің жарқын көрінісі. Тазалық – бір күндік науқан емес. Ол күнделікті мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Сондықтан әрбір тұрғынды өз ауласының тазалығына үлес қосып, айналасын көркейтуге, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын. Біздің мақсатымыз – Кентауды таза, көрікті әрі жайлы қалаға айналдыру», – деді қала әкімі.
Шара барысында тұрғындар аулаларды ретке келтіріп, ағаштарды әктеп, орындықтарды жөндеп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Балаларға сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды.
«Асарлату» шарасы арқылы халқымыздың дәстүрлі құндылықтарының бірі қазіргі қоғамда да өз мәнін жоғалтпағаны көрінді. Бірлікке үндейтін бұл дәстүр көршілік қарым-қатынасты нығайтып, ортақ іске жұмылудың тағылымды үлгісін қалыптастырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
