Кентауда жылыжай шаруашылығының ауқымы кеңейіп, дамып келеді

Нақтырақ айтсақ, Кентау қаласындағы 2023 жылдан бері қолға алынған «Інжу» ЖШС-нің жылыжай шаруашылығында қияр өсіріліп, жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Өткен жылы 30 тоннаға дейін өнім жиналса, биыл жыл соңына дейін 35 тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр.

Шаһар әкімі Жандос Тасов жылыжай жұмысымен танысып тұруды назардан тыс қалдырған емес. Түнеугүні ат басын бұрғанында мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Сонымен қатар, жылыжайда жүзеге асып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Аумағы 1 гектарды құрайтын жылыжайда бүгінде 10-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Шаруашылық басшысы алдағы уақытта бау-бақша өнімдерінің түрін көбейтіп, жылыжай көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл бастама — өңірдегі ауыл шаруашылығын әртараптандырып, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қарнақ ауылында да жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жеке кәсіпкер Рашид Аминов 15 соттық жылыжайға қияр, 10 соттық жерге қызанақ егіп, табысты еңбек етуде.

Кореялық үлгіде салынған жылыжайдан жылына екі рет өнім алынады. Кәсіпкер 2018 жылдан бері қияр өсірумен айналысып, жылына 25 тоннаға дейін қияр мен қызанақ жинауда. Өнімдері Кентау қаласына жеткізіліп, ауыл дүкендеріне де сатылымға шығарылып келеді.

Сонымен қатар, кәсіпкер 5-6 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруа қожалығы бар. Олар да әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өнім көлемін ұлғайту үстінде.

Бүгінде осы салада табысты еңбек етіп жүрген тағы бірі — кентаулық Дархан Ташабаев. Ол 2023 жылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 6 миллион теңге алып, жылыжай ашқан болатын. Кәсіпкер бастаған ісін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруда. Негізінен жылыжайда қияр өсіруде. Кәсіпкер бұл шаруаны отбасылық кәсіпке айналдырған. Қазір олар өндірген өнімдерін Кентау мен Түркістан қалаларына жібереді. Сұраныстың көптігі соншалық, кейде өнім тек Кентау қаласы мен ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеумен шектеліп қалады.

Жылыжайдан бір жылда екі рет өнім жиналады. Жалпы алғанда, бір жылда 10 тоннаға дейін қияр алады. Бастапқыда 11 соттық жерге қияр еккен шаруа бүгінде кәсібін кеңейтіп, қосымша 5 соттық жерге қызанақ жылыжайын салуды қолға алған.

Еске салайық, Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамытудан және жылыжайлар көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Облыста 1640 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектары – өнеркәсіптік жылыжайлар. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы 4,4 миллиард теңге қаржы қаралды. Бағдарлама арқылы жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақтанып, егіс көлемі мен алынған өнім көлемі артуда. 2023-2025 жылдары жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде (наурыз-сәуір айлары) төмендеген. Сондай ақ 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде жылыжайлардан 101,5 мың тонна өнім жиналып отыр немесе 1,3 есе артты.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі ҚР АШМ әзірлеген 2024 — 2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, облысқа 2025 жылы 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру тапсырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күнге жоспар толық орындалып, егіс алқаптарына 206 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе артқан.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You