Кентаулықтарға заң көмегі тегін көрсетілді

Бұл көмек Кентау қаласында өткен «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы шеңберінде ұйымдастырылды. Аталмыш акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды және тегін заң көмегін көрсетуді мақсат етті.

Іс-шара қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов және қала прокуроры Назарбай Ибраймолдаев төрағалығымен ұйымдастырылды. Акцияға қала прокурорлары мен «Amanat» партиясы өкілдері, сондай-ақ қаланың аумақтық және құқық қорғау органдарының басшылары, тергеушілер мен сот орындаушылары, адвокаттар мен нотариустар, заң консультанттары қатысты.

Айталық, акцияға келген қала тұрғындарының көпшілігі неке және отбасы, мұрагерлік пен тұрғын үй, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау және тағы басқа да салаларға қатысты көптеген сұрақтарына жауап алды.

Жобаның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң нормаларын дұрыс түсіндіру және олардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта азаматтардың өтініштеріне заңгер-сарапшылар толыққанды құқықтық көмек көрсетеді. Бұл акцияның басты миссиясы — халыққа ашық әрі қолжетімді құқықтық кеңес беру.

Айта кетейік, «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы Қазақстанның барлық облыс, аудан-қалаларында жергілікті уақытпен бір мезетте өткізілді.

Акция Кентау қаласы, Абылай хан көшесі 10 мекенжайында орналасқан қалалық «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында өтті.

Бұдан бөлек «AMANAT» партиясының Кентау қалалық филиалында қала әкімі Жандос Тасов тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізгенін де атап өткен жөн. Қабылдауға шамамен 15 тұрғын қатысып, өз мәселелерін жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жұмыспен қамту, сондай-ақ аулаларға ойын алаңшалары орнату және тұрғын үй құрылысы сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

Жандос Қалмырзаұлы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Қала әкімі тұрғындардың барлық өтініш-тілектері назардан тыс қалмай, заң аясында қаралатынын атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You