
Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері киберқылмысқа қарсы жүргізілген жұмыстар аясында Шымкент пен Алматы қалалары және Алматы облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты. Күдіктілердің интернет-алаяқтықтың 9 жайтына қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын 141 миллион теңгеден асады.
Қылмыстық топтың 4 қатысушысы ұсталды. Оның ішінде: топ басшысы, яғни ұйымдастырушы; дропперлерді іздеумен және тартумен айналысқан екі дроповод; сондай-ақ қолма-қол ақшаны алып, ұйымдастырушыға жеткізіп отырған тасымалдаушы. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Іс-шара қалалық прокуратураның үйлестіруімен өткізілді.
Еске салайық, 16 қыркүйектен бастап банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Осыған орай Шымкентте киберқылмысқа қарсы күрес шаралары талқыланды. Қала прокуратурасында қала прокурорының орынбасары Ержан Мараттың төрағалығымен құқық қорғау органдарының басшылары мен жеке құрамының қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті.
Іс-шара құқық қорғау органдарының киберқылмысқа қарсы күрес жұмысының тиімділігін бағалауға, ағымдағы жағдайға талдау жасауға және интернет-алаяқтыққа қарсы тұру саласындағы проблемалық аспектілерді анықтауға бағытталды. Кеңес қорытындысы бойынша қала прокурорының орынбасары бірқатар нақты тапсырмалар берді: қылмыстарды ашу деңгейін және тергеу сапасын арттыру, профилактикалық жұмысты күшейту және алаяқтардың шоттарын жедел бұғаттау үшін «Антифрод-орталық» платформасын кеңінен қолдану. Жиынды қорытындылаған Ержан Марат: «Интернет-алаяқтық – заман талабы, сондықтан біз оған жүйелі және батыл жауап беруіміз керек. Превентивті шаралар, ашық жұмыс және азаматтарды ақпараттандыру бұл қылмыстардың ауқымын азайтуға және қаладағы құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
