Конституция күніне орай Түркістан қаласында Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт кешені мен 500 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай Түркістанда Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, спортшылар және спорт ардагерлері қатысты.

Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтап, бұл спорт кешенінің ашылуы – мемлекет тарапынан жастарға жасалып отырған қамқорлықтың бір көрінісі екенін атап өтті.

– Алдымен баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын! Бүгін М.Төлебаев көшесінде орналасқан жаңа «Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт кешені» ел игілігіне берілуде. Бұл нысан – жастарымыздың денсаулығын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыруға, кәсіби спортшыларымыздың дайындық сапасын көтеруге бағытталған маңызды жоба. Қасиетті Түркістан өңірі әрқашан спорт саңлақтарын тәрбиелеп келе жатқан киелі мекен. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов бастаған қаншама жас спортшыларымыздың жеңісі – ел мақтанышы. Енді осы жаңа кешеннен де талай чемпиондар шығып, өңіріміздің атын дүние жүзіне танытады деп сенемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде чемпионның жары Күлпәш Шаймерденова игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыс білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

Ғимарат барлық заманауи талаптарға сай салынған және тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына, кәсіби спортшылардың дайындық өткізуіне толық мүмкіндік береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы 4000 шаршы метрді құрайды. Бұл нысан Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» тапсырысымен және «Vek-stroy» ЖШС мердігерлігімен салынды.

Қазіргі таңда қалада бұдан өзге спорттың күрес, бокс түрлеріне арналған 4 кешен Мақатаев көшесінде, Бекзат мөлтекауданында, Теріскей көшесінде және Баянауыл аумағында салынып жатыр.

Айта кетейік, Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы мен «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы» мен «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшылар тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс спортшылары Әлем, Азия және Қазақстан Республика чемпионаттарында жалпы 1 122 медальды жеңіп алды. Ұлттық құрама сапына облыстан 766 спортшы енді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артып отыр.

Мұнан өзге Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы аясында Түркістан қаласында 500 орындық көрермен залы бар, заманауи талаптарға сай салынған көпфункционалды мәдениет үйі де ел игілігіне берілді. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен тұрғындар қатысты.

Облыс әкімі түркістандықтарды Конституция күнімен және жаңа мәдени нысанның ашылуымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі, тарих пен мәдениеттің мәңгілік ордасы. Осында жаңа Мәдениет үйінің бой көтеруі – халықтың рухани өмірін жаңғыртып, талантты жастарымыздың қанатын кеңге жаюына, мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосады. Бұл игі іс – Мемлекет басшысының Түркістанды түлету жолындағы стратегиялық бастамаларының лайықты жалғасы, – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа ғимаратқа тапсырыс беруші –Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі». Мердігер мекеме – «Өмірзақ» ЖШС. 1,13 гектар аумақты алып жатқан ғимартта халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдер өткізіледі.

Халық игілігіне берілген мәдениет ошағында көркем-сурет галереясы, музей залдары, мәдениет ардагерлеріне арналған бөлме, хореография және фитнес залы, фотостудия бар. Сонымен қатар, заманауи жабдықталған әдістемелік бөлмелер, мұрағат, халық театрлары, фольклорлық ансамбльдер мен көркемөнерпаздардың дайындық бөлмелері қарастырылған.

Мәдениет демекші, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында айрықша мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараға Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары қатысып, елге рухани мереке сыйлады.

Кештің жүргізушілері Конституцияның ел болашағындағы орнына тоқталып, өнерсүйер қауымды мерекемен құттықтады.

Іс-шара шымылдығын «Фараб» би ансамблінің «Жетіген биі» ашып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Одан кейін кезекпен еліміздің белгілі өнерпаздары сахнаға шығып, халыққа әсем әндер мен әсерлі әуендер тарту етті.

Кеште ҚР Мәдениет саласының үздігі Мамадияр Таукеев «Күнге табыну» әнін шырқады. Халық әндері мен Шәмші Қалдаяқовтың туындыларын орындаған Бибігүл Әшірбаева тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. ҚР мәдениет саласының үздігі Құралай Қасымова «Түркістаным бабам», «Ақ сұңқарым» әндерін паш етті. Жас орындаушылар Нұрислам Қылыш, Елжас Төре, Азамат Алиакбар, Айгерім Смаилова, Мәди Сатман және тағы басқа әншілер түрлі жанрдағы шығармаларды орындап, концерт бағдарламасын байытты. Сонымен қатар Қамар Жұмағалиева мен «Фараб» би ансамблі көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында орындаушылар халық жүрегіне жақын ән – Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» шығармасымен мерекелік бағдарламаны қорытындылады.

Мерекелік концертке келген көрермендер өнерпаздарға зор қошемет білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You